Limkokwing креативті технология университеті
Малайзияға барған да арманда, бармаған да арманда... Куала-Лумпурде жарты жыл сабаққа бармасаң да сені ешкім оқудан шығарып жібермейді. Университеттің ұстанымы – «жетектеген тазы түлкі алмайды». Профессор, ғылым докторы деген жұмыста жоқтың қасы. Limkokwing креативті технология университеті әкімшілігі қаржыны маманға «шашпайды». Мәселе креативті жаңа технологияға қатысты болса қаржыны есепсіз жұмсайды. Әлемнің қай түкпірінде робот құрастырылса, дереу сатып алдырады да студенттерге соны шашып көрсетіп, баламалы түрін құрастыруға ынталандырады. Кім баламалы роботты құрастырса, соған шәкіртақы беріп, оқу ақысын төмендетеді. Малайзия – Азияның оңтүстік-батысындағы дамыған ел. Бүгінгі сұхбатымыз Куала-Лумпурдегі Limkokwing креативті технология университетінде оқыған Жанар Жиренбаева және Азамат Жәкеновпен болмақ. – Жанар, әлемнің 130 елінен 8500 студент оқитын оқу орны жайлы тарқатып айтып беріңізші. – Менің ойымша, халықаралық Limkokwing креативті технология университеті Малайзияның имиджі үшін жұмыс істейді. Ел астанасы Куала-Лумпур іргесіндегі Сайберджая (Болашақтың қаласы) студенттер қалашығында 130 елден келген 8500 студент бар. Үш құрлықта орналасқан Азия, Африка және Еуропаның 130 мемлекетімен тығыз қарым-қатынаста талапкер алмасады. 46 елдің 66 қаласында Limkokwing оқу орнының бөлімшесі бар. Сонда не оқытады дейсіз ғой? Дизайн (өндірістік, текстильдік, технологиялық, инновациялық), сәулет (қала жобалау, хайтек), бизнес және менеджмент, ақпарат тарату және БАҚ коммуникациясы, мультимедиа, ақпараттық технология, маркетинг, шаштараз. – Іргесі 1991 жылы қаланған оқу ордасын әлемге әйгілеп тұрған артықшылығы неде? Қандай сиқыры бар? – Маркетинг сиқыры – осы. Дүниенің төрт бұрышынан білім іздеген жастарды өзіне магниттей тарту үшін маркетологтар тәулік бойы жұмыс істейді. Қай елдің баласы сайттарын ашса, сол тілде сөйлесіп, ақпаратты түсінікті тілде жеткізеді. Limkokwing халықаралық оқу жәрмеңкелеріне үздіксіз қатысады. Сол жәрмеңкеде талапкерден өтініш қабылдап, талдаудан өткен соң Малайзиядан арнайы шақырту хат жібереді. – Limkokwing креативті технология университетін талапкерлер не үшін таңдайды? – Ағылшын тілін білсеңіз, ҰБТ нәтижесі, аттестаттағы баға бұл жақта есепке алынбайды. Тек Қазақстан азаматтарына оқу ақысында 50 пайыздық жеңілдік берілген. Тоғызыншы сыныпты бітіре сала осы оқу ордасында студент атануға болады. Limkokwing креативті технология университетіне қабылданған соң Индонезия, Қытай, Камбоджия, Лесото, Ботсвана, Англия еліндегі кампуста (біздінше филиал) оқуды жалғастыра аласыз... – Сізді түсіндім. Маркетологтің жұмысы – бәрін оңай, бәрін жеңіл етіп көрсету. Ол жақта білім алу мазмұны жағынан сапалы ма? – Шетелде оқу қаржыға келіп тіреледі. Англияда білім алу жылына 35000-40000 АҚШ долларын құраса, Малайзияда студенттің жүріп-тұруына, тамағына 7000-15000 АҚШ доллары жеткілікті. Бұл елдегі университеттердің көбі – Ұлыбритания, АҚШ, Жаңа Зеландия, Австралия, Германия және Франция жоғары оқу орындарының филиалы. Дипломдары халықаралық стандартқа сай. Талапкерлердің 80 пайызы креативті жаңа технологияны игеруді таңдайды. Капиталистік көзқараспен қарайтын жастардың айтуын¬ша, жаңа технология жүрген жерде ақшаны күреп табуға болады.
Мен ТИГУ-дың студентімін, Малайзияға «Академиялық мобильдендіру және Балон үрдісі» бағдарламасымен бардым. Бізде құрбыларым профессор, ғылым докторларынан дәріс алғысы келеді. Limkokwing штатта профессор, PhD докторын ұстамайды. Ол жерде өз саласында жаңалық ашқан бакалавр сабақ береді. Білім мазмұны жағынан қаншалықты сапалы екенін өзіңіз топшылаңыз. – Сайберджая (Болашақтың қаласы) студенттер қалашығы несімен ерекшеленеді? – «Силикон жазығы» – Малайзия астанасы Куала-Лумпурден 30 шақырым қашықтықта орналасқан елдің инновациялық паркі. Онда мыңдаған хайтек компаниялар шоғырланған. Сайберджая инновациялық паркі – Малайзияны әлеммен байланыстырып тұрған «мультимедиалық кибер дәліз». «Силикон жазығында» банк, бес жұлдызды қонақ үй, мейрамхана, әлемдік жоғары оқу орындарының филиалдары орналасқан. Аймақтың тұрғындарының саны – 250 мың.
Таразда жатақханасы бар оқу орындары заманауи «пластик» терезесімен мақтанады. Ал Limkokwing жатақханасының барлық бөлмесінде кондиционер бар. Тәулік бойы студенттердің қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынған. Ең маңыздысы сыртта жүргенде ұлттық дастарқанды сағынасыз. Сайберджая қалашығында қазақ ұлттық асханасы бар. Онда ет, қуырдақ, бауырсақ, құрт, керек болса қымызға да тапсырыс бере аласыз. – Малайзия – мұсылман елі. Олардың ұлттық киімі мен ұлттық дастарқаны қандай екен? – 26 миллион тұрғыны бар Малайзия – көп ұлтты мемлекет. Халықтың 65 пайызы қалаларда өмір сүреді. Өмір сүру ұзақтығы ер-азаматтарда – 72 жас, әйелдерде – 76 жас. Малайлар – мұсылман. Ел ішінде буддистер, христиандар да тұрады.
Олар үшін Құрбан айт мейрамы – отбасылық мереке. Малай халқы айт күні азанда намазға ұлттық киімін киіп барады. Ер-азаматтар «баджу мелайю» деп аталатын ұзын жең жейде, кең шалбар кисе, әйелдер «баджу куронг» көйлегін киеді. Айт намазынан кейін жастар ата-анасының үйіне кіріп, сәлемдеседі. Олар мейрам күндері «ренданг» деп аталатын ұлттық тағам дайындайды. Малайзиялықтар үшін адамның тоқ болуы маңызды, сондықтан да олар көріскенде «қалың қалай?» деп емес, «қарның тоқ па, тамақ іштің бе?» деп жөн сұрасып жатады. – Азамат сұхбатымызды енді сізбен жалғастырсақ. Малайзия сіз үшін несімен есте қалды? – Куала-Лумпурде жүргенде Жанар екеуміздің басымыздан өткен қызықты оқиғадан бастағым келіп отыр. Демалыс күні екеуміз қалаға шығып қайтпақшы болдық. China Town-нан екі бөлме жалдап қойған соң кешкі астананың сұлулығын тамашалағымыз келді. Twin Tauers мұнарасы кешкісін керемет сұлу көрінеді екен. Содан China Town-нан үш-төрт шақырым жердегі төбесі көрініп тұрған ғимаратқа жаяу тарттық. Желпілдеп жүргенде қас қарайды. Такси ұстап қайтайық десек, екеуміздің де әмиянымыз бөлмеде қалып қойыпты. Күндіз алты рингитке (Малайзияның ақшасы) жеткізіп салатын жерге түнде жүргізушілер отыз рингит сұрады. Күндіз тар көше, қуыстарды жағалап келгенбіз. Тәуекел... ақырында адастық. Тығыз орналасқан үйлердің арасын әбден тоздырдық. Ел жатып қалған. Жанар «жолдан адастық» деп маған өкпелі. Серігімнің шаршағаны соншалықты, жылап жіберді. Жұбаттым. Содан кең көшеге шығып тоқтаған жүргізушіге алты рингитімізді санап беріп «China Town-ға жеткізіп салыңызшы» деп өтіндік. Ол бірден келісе кетті, көлікке отырған соң жиырма метрдей жүріп, бұрылып тоқтады. Міне, біздің қонақ үй... Ал екеуміздің ішек-сілеміз қатып күлейік... – Жат елде екі жас көруге асыққан Twin Tauers мұнарасы қандай екен? – Биіктігі 450 метрден асатын, 88 қабатты ғимарат. Үлгісін Малайзия премьер-министрі Махатхир Мухаммедтің өзі ұсынған. Онда он мың адам жұмыс істейді. Арасын «өткел» жалғап тұрған қос мұнараның терезесін жууға бір ай уақыт кетеді екен. – Әр ұлттың бағына туған тұлғалар болады. Оңтүстік Африка Республикасы десе, бірден Нельсон Мандела ойға оралады. Сіз айтқан премьер-министр Махатхир Мухаммед малайлықтар үшін қандай тұлға? – Ол мұғалімдер отбасынан шыққан. Мамандығы – дәрігер. Өмір жолы оны үлкен сахнаға алып шығарды. Өйткені ол – әрбір малай азаматының жұмысбасты болуына бар қуатын жұмсаған тұлға. Малайзия Ұлыбританияның шырмауынан босап, тәуелсіздігін алғалы бері бұл елді түрлі тұлғалар басқарыпты. Солардың ішінде премьер-министр Махатхир Мухаммедтің кезінде ел экономикалық тұрғыдан қарыштап дамығанын әрбір малайлық мақтанышпен айтады. – Азамат, сіз болашақ қаржыгерсіз. Қойылған сұраққа көсіліп жауап беріп отырсыз. Малайзия премьер-министрінің мемуарын оқығансыз ба? – Мемуар ма, басқа ма – есімде жоқ. Әйтеуір Limkokwing креативті технология университетінде жүргенімде кітапхана сөресінде қолға іліккен кітапты алып оқи беріппін. Кітап мазмұны жағынан экономикаға жақын болып шықты. Авторына (Махатхир Мухаммед) қызықтым да интернеттен түсінікті тілдегі мағлұматтарды іздедім.
Малайзия – республикалық бюджет донорына айналған түрлі қазба байлықтарға бай ел. Соған қарамастан, олардың күні шикізатқа қарап қалған жоқ. Малайзия – өздері өнім өндіруші, жаңа технология құрастырушы және сыртқа экспорттаушы ел. Ол елде 2020 жылға қарай жоғары білімді адамдар саны 40 пайызға жетеді деген болжам бар. Ал қазір бұл көрсеткіш 29 пайызды құрайды. – Малайзия дайын өнім өңдіруші, ішкі нарықты отандық тауармен қамтуға әлеуетті ел дегің келеді ғой. – Біріншіден жемқорлыққа қатаң шара қолданатын жерде бәсеке болады. Тұтынушыға сапалы әрі арзан өнімді кәсіпкер береді. Кәсіпкерлікті дамыту үшін оларға қолайлы заң жобасы керек. Ал оны шығаратын – Үкімет. Махатхир Мухаммед – премьер-министр болған кезінде жаңадан бизнес бастаған кәсіпкердің аяғынан тік тұрып кетуіне ынғайлы заң жобасын «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» тұлға. Ол дегеніміз – біздің елдегідей инвесторларға жайлылық туғызу, кәсіп бастағандарға және жеке ісін дөңгелетіп әкеткендерге төменгі салық мөлшерін қою. Малайлық тұлға әуелі жемқорлықты тыйған, сосын жеке кәсіпкерлік табиғи инерциямен дамыған.
Малайзия – экономикалық бәсекелестікке қабілетті елдердің үздік үштігіне кіреді. Малайзиядағы ұстаздар мен оқытушылар – өте сыйлы және бағынышсыз адамдар. Олар әлеуметтік тұрғыдан қорғалған. Табыстары материалдық мұқтаждықтарынан артылып қалады... – Ширек ғасырға жетпейтін уақытта елді жарқын болашаққа бастап, санасын серпілткен малайлық тұлға елге қандай ұран тастады? – «Біз – прагматикпіз!.. Біз, малайлықтар да, басқалардың істегенін істей аламыз. Біздің қолымыздан келеді» деген ұран. Халық осы ұранға ұйыды. Халық өзіне сенді. Махатхир Мухаммед: «Біз о баста Ұлыбританияның отары болдық. Ал ол елде әуелден капиталға ешқандай шектеусіз еркін нарық қалыптасқан. Сол бізге көп нәрсені үйретті», – дегенді көпшілік ортада жиі айтады екен.
Бір жолы малайлық тұлғадан «Сіз жұмысты неден бастадыңыз?» деп сұрағанда ол: «Батысқа емес, жергілікті құндылыққа ден қоюдан, етпетінен жатып қалған малай тілін көтеруден бастадым!» – деп жауап беріпті. – Шығыс жолбарысы атанған Малайзия дағдарыс жылдарын қалай еңсерген? Экономикалық өсімді кері кетірмей, халықтың әлеуметтік жағдайын қандай жолмен көтерген? – Күрделі ештеңесі жоқ. Инвесторларды тартады. Олар келіп фабрика соғады, нәтижесінде жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Шын мәнісінде, солай ма? Келген инвесторлар байып кетіп жатса, ол да жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызады. Жергілікті орта кәсіпкерлердің шамына тиеді. Бұл елде Қытай мен Үндістаннан келген инвесторлар тез байып кетуге бейім болған. Осындай жағдайда әлеуметтік мәселе туғызбау үшін Үкімет инвесторларға жергілікті тұрғындар мен сырттан келген жұмысшыларға айлықты тең бергізуге заң жүзінде қатаң талап қойған. Жұмыста жергілікті халықтың саны басым болуын заң жүзінде қатаң бақылаған. Жанар құрбым айтып өткендей, Малайзия да көп ұлтты мемлекет. Әрқайсысының көңілін бағу, тілін табу күрделі жұмыс болса, ондай жауапкершілікті премьер-министр Махатхир Мухаммед абыроймен атқарған тұлға.
Екіншіден, отандық кәсіпкерлерді Үкіметтің «жауына» емес, серіктесіне айналдыруға ден қойған. Мәселен, сол дағдарыс жылдары премьер-министр Махатхир Мухаммед көрегендікпен отандық ірі кәсіпкерлерді елге инвестиция салуға сендірген, көндірген... Олар да ел болып қиындықты жеңген. – Оқырманға малайлық тұлғаны тағы бір қырынан таныстырып көріңізші... – Сырт көз малайлықтар жоқ жерден дамып кетті деп ойлайды екен. Осы пікір оған ұнамаса керек, былай деп жауап беріпті: «Мұндай жетістікті бізге сырттан келіп, әлдеқандай бір сиқыршы жасап берген жоқ. Экономикада еш нәрсе ғайыптан, өзінен-өзі бола салмайды. Бұл біздің халқымыздың, малай елінің маңдай терімен, қажырлы еңбегімен, керек болса, қанымен және көз жасымен, талант-дарынымен келді».
Ол – туған елін аграрлы елден индустриалды мемлекетке айналдырған дара тұлға. – Замандастарыңыз, құрдастарыңыз жайлы қандай ойдасыз? – Креативті технология дегеніміз – ақшаны күреп табу... Бүгінгі қазақ жастары айлыққа күні қарап қалған бюджеттік жұмысқа орналасуға өлермен. Материалдық мұқтажын қанағаттандырмаса да, сол жұмыстан қол үзуге қорқады. Қалыптасқан жаман қағида бар: айлық беретін жұмысқа ілініп жүру. Ең жаманы айлыққа күні қарап қалған адам болып өмір сүру – нашар құбылыс (басқаша қалай жеткізсем екен). Мысалға жеке кәсіп иесі болып жұмысқа тартқан жастар жаңалық ұсына алмай жүдеп жүрсе, ондайлардан құтылу керек. Жеке кәсіпкердің оған құқы бар. Ал бюджеттік мекемені басқарсаң ше, не істейсің?.. Салбырағандарға ұрынған мекеме жұмысы тұралайды...
Шетелде жастар қаладан-қалаға көшіп, жұмыс табылса, ауысып жүре береді. Бәсеке, біліктілік танытсаң, мансабың да тез өседі. – Әңгімелеріңізге рахмет. Қанат Тілепберген, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді