Еуропалық одақ – қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі
- author «Ақ жол»
- 31 наурыз, 2016
- 330
Елбасы Бельгия Корольдігіне жұмыс сапары барысында Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолдары қарастырылды. Тараптар сондай-ақ халықаралық күн тәртібін, соның ішінде Орталық Азия өңіріндегі өңірлік ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Ж.-К.Юнкер бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен брифинг өткізді. Қазақстан Президенті еліміздің Еуропалық одақпен 23 жыл бойы ынтымақтасып келе жатқанына назар аударды. – Бүгінде Қазақстан – Еуроодақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі бірден-бір ел. Бұл құжатқа былтыр қол қойылды, республикамыз оны ратификациялады, сондықтан осы келісімнің экономикалық бөлігін 1 мамырдан бастап уақытша пайдалана аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елімізде өткен президенттік және парламенттік сайлауларға байланысты құттықтау жолдағаны үшін де алғыс айтты. – Таяудағы парламенттік сайлауды 1000-ға жуық шетелдік байқаушы бақылады, олар сайлау үдерісі демократия, бостандық және бәсекеге қабілеттілік қағидаттары негізінде барлық тиісті заңнаманы сақтай отырып жүзеге асырылғанын растады, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев ЕО елдерін алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру ісіне қатысуға шақырды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен ЕО санкциялық текетіресті, әсіресе оның біздің елге ықпалын ескере отырып, барлық мүдделі тараптарға тиімді түрде шешу жөніндегі іс-қимыл аясындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласқанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның таяу көршілерімен – Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен жақын достық қарым-қатынас орнатып отырғанына, олар экономикалық ынтымақтастық бойынша негізгі серіктес болып саналатынына назар аударды. Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Қазақстан мен ЕО азаматтарының өзара барыс-келісі, соның ішінде Еуроодақ тарапының да виза режіміне қатысты жеңілдік жасау мүмкіндігі туралы мәселелер қозғалғанын атап өтті. Тараптар Қазақстан әуе компанияларының ЕО елдеріне ұшуын шектеуге байланысты ахуалды шешу жайын да талқылады. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қарастырылған барлық мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгеніне назар аударды. Ж.-К.Юнкер сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді. – Бұл тығыз қарым-қатынастар сан түрлі формаға ие болуда. Еуропалық одақ – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі, – деді Еуропалық комиссия төрағасы. Сондай-ақ ол маңызды өңірлік үдерістерге қатысып отырған Қазақстанның бітімгерлік ықпалына Еуропалық одақтың сенім артатынын атап өтті. Ж.-К.Юнкер келіссөз барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен адам құқығын одан әрі қамтамасыз ету мәселелері қозғалғанын айтты.
* * *
Елбасы бұдан бұрын Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен кездесті. Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан мен Еуропалық одақтың ынтымақтастығы мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы Еуроодақ Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды вектордың бірі екенін және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың басымдығы бар бағыты болып саналатынын айтты. Қазақстан Президенті еліміздің сыртқы сауда айналымының жартысынан астамы Еуроодақтың үлесіне тиетініне назар аударды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев осы айда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Еуропалық одақпен арадағы кеңейтілген және стратегиялық серіктестік туралы келісімді ратификациялағанын айтып, бұл оқиға тараптардың ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Д.Туск Қазақстан мен Еуроодақтың тығыз серіктестігі әлемдік экономикадағы дағдарыс үрдістеріне қарамастан нығая береді деп үміттенетінін айтты. Сонымен қатар, тараптар кездесу барысында күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, Украинадағы және Ауғанстандағы ахуал, терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді