«100 НАҚТЫ ҚАДАМ» – ҰЛТ ЖОСПАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

«100 НАҚТЫ ҚАДАМ» –  ҰЛТ ЖОСПАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
ашық дереккөз
«100 НАҚТЫ ҚАДАМ» – ҰЛТ ЖОСПАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Елбасының 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша қабылданған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының жүзеге асырылуы мен оның нәтижелері жайлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің баспасөз мәслихатында айтылды. Аталған брифингке қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева: «Жаңа жылдан бері елімізде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін Президент Жарлығымен арнайы ұлттық комиссия құрылып, негізгі ұйымдастыру жұмыстары өткен жылы басталып кеткен болатын. Содан бері бірталай жұмыстар атқарылды. Бес жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Парламент депутаттары, отандық және халықаралық сарапшылар тартылды», – деді. Ол аз ғана уақыттың ішінде ұлттық комиссияның 48 отырысы өткенін, сонымен қатар, әлемдік стандарттарға сай келетін 59 заң қабылданып, 400-ден астам нормативтік-құқықтық актілер дайындалғанын айтты.

– Олардың бәрі де бүгінде өз күшіне енді. Заң шығару жұмыстары биыл да жалғасатын болады. Қазақстан 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа құқықтық институционалдық жағдайда өмiр сүредi. Ол 59 заңның және 400-ден астам заң бойынша актiлердiң қабылдануымен қалыптасты. Атап айтсақ, мемлекеттiк қызметке үш сатылы iрiктеу, қызметтік өсу, топпен жұмысқа ауыспау қарастырылған. Ұлт жоспарының бес бағыты бойынша жасалған жұмыстардың алғашқы нақты нәтижелері бар. Ұлт жоспарын тиімді жүзеге асыруға қажетті барлық негіз қаланды деп айтуға болады, – деді Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов жемқорлыққа қарсы күресте профилактикалық жұмыстарға негізгі басымдық берілетінін айтып: «Мемлекет басшысы жариялаған Ұлт жоспарының үш қадамында мемлекеттік қызмет туралы қолға алынуы тиіс шаралар нақты атап көрсетілген. 15-қадамға сай Мемлекеттік қызмет туралы заң жобасы қабылданып, соның аясында сыбайлас жемқорлықпен күресте оның алдын алу мақсатында профилактикалық шараларға басымдық берілетін болады», – деді. Ал 1 шiлдеден бастап 1 миллион 700 мың гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығарылады. Олардың 645 мың гектары бүгiнгi күнi дайын болса, жер 10 жылға бөлiп төлеу арқылы сатылмақ. Сонымен қатар, жердiң кадастрлық құнының 50 пайызы мөлшерiнде жеңiлдiктер берiлмекші. Бұл туралы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Ұлттық экономика министрi Ерболат Досаев айтты. «Индустрияландыру және экономикалық өсу атты үшiншi реформа шеңберiнде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын iске асыру мақсатында өткен жылы 30 заң мен 289 заңға тәуелдi акт қабылданды. Ал 2016 жылы 152 нормативтiк-құқықтық акт, оның iшiнде 2 кодекс пен 4 заң әзiрленiп, қабылданады», – дедi министр. Сонымен қатар, Ерболат Досаев: «Құрылыс саласында бастапқы рұқсат беру құжаттарын беру мерзiмi 40 күннен 17 жұмыс күнiне дейiн, эскиздiк жобаны келiсу 60 күннен 15 жұмыс күнiне дейiн қысқартылды. Ал құрылыс басталғаны туралы хабарлама бiр күн iшiнде электронды түрде беріледi», – дедi. Ал бүгінде ел арасында қызу талқыланып жатқан интернетке қосылатын смартфондарды журналистердің мемлекеттік мекемелерде қолдануына байланысты Дариға Назарбаева өз пікірін білдірді. «Мұндай тәртіп қандай мақсатпен қабылданып отыр? Әрине, мемлекеттік құпия мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай талап қажет-ақ. Осы орайда, БАҚ өкілдері Ақпараттық қолжетімділік туралы заң жобасымен танысып шығуын сұраймын. Өйткені, телефонға тыйым туралы шешім жан-жақты сараланып барып қабылданған. Ал мемлекеттік қызмет туралы заңға сүйенер болсақ, құпиялығы мол нысандарда еңбек ететін мемлекеттік қызметкерлерге тиісті деңгейде тыйым салынады. Сондықтан да, бұл жерде таңданатын түгі жоқ. Жағдайды барынша байыппен қабылдай білуіміз қажет», – дейді вице-премьер.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар