Мойынқұмдағы маэстро

Мойынқұмдағы маэстро
ашық дереккөз
Мойынқұмдағы маэстро

1-(4++)немесе Португалияда өнер көрсеткен музыкант Біржан қайда жүр?

Біржан 1954 жылдың жазында Сарысу ауданы, Байқадам ауылында қарапайым отбасында өмір есігін ашады. Сол жылы осы ауданға гастрольдік сапармен атақты әнші, Қазақстан Республикасының халық әртісі Манарбек Ержанов келеді. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, қуанышы қойнына сыймаған Біржанның әкесі Қожағұл Манарбек ақсақалды перзентханаға ертіп әкеліп, байырғы ғұрыппен өмірге келген ұлының есімін қойып беруді өтінеді. Сонда Мәкең өткір жанарымен әлден уақыт ойға шомып барып: «Қарағым, аты-жөнің кім?» – дейді. «Атым – Қожақұл, әкемнің аты – Толыбай», – деп жауап береді. «Олай болса, Қожақұлдың баласы «Біржан салмын» деген аттың өзі сұранып тұрған жоқ па?» – деп, құлағына «Біржан» деп үш айтып, азан шақырып, атын қойған екен. Салт пен ырымға берік қазекем ат қою рәсіміне де айрықша ден қойған ғой. Уақыт өте келе Біржанның бойына Біржан салдың сазгерлігі, әншілігі бала кезінен дари түскен.

Ол уақытта партия қызметкерлерін әр аймақққа жұмыс бабымен жіберіп тұратын. Әлгіндей себеппен Біржанның да отбасы 1956 жылы бұрынғы Көктерек, қазіргі Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылына қоныстанады. Бәкеңнің өнер әлеміне келуі де тегін емес. Көкесі Рахманқұл Толыбайұлы төрт жасар бала Біржанға он екі тілді баянын кәдесый ретінде тарту етеді. Баянмен «Ақтамақ» әнін орындап отырған бала Біржан жоғары нотаға даусы жетпей қалғанда: «Мынаусы несі?» – деп жылап жібереді екен. Бала әнін балбырай тыңдап отырған әке-шеше мен әжесі не қайда деп түсінбей дал болып отырғанда, көкесі Рахманқұл «Оның мынау қайда?» дегенін сіздер түсінбей отырсыздар. Бұған он екі тілді баян аздық етеді. Себебі жоғары көтерілетін жеріне дыбыс жетпей тұр» деп, 25 тілді үлкен гармон әкеліп береді. Бала Біржанның көңілі орнына түседі. 1961 жылы Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» деген әні жарыққа шығады. «Сол әннің сахнада 25 шумағын ойнап отырып, шаршағаннан баян үстінде ұйықтап қалыппын» деген Біржанның бала кездегі қызығы біздің де езуімізге күлкі үйірді. «Болар бала жасынан» демекші, бала Біржан мектепте сабағын жақсы оқиды. «Сынып старостасы болып жүргенімде бір қарындасым келіп: «Біржан аға, Алматыдағы мектептен комиссия келді. Сізді тыңдауға шақырып жатыр», – деді. Мен сынып белсендісі болғаннан кейін: «Бүгін 11 тонна қызылша өткізейін деп жатырмыз, ешқайда бара алмаймын», – дедім.Оны естіген әкем мен анам келіп, мені көлікпен комиссия алдына дедектетіп алып барды. Осы баладан бірдеңе шығады деген болуы керек, бастысы електен өттім» дейді Бәкең өткен шақты сағынышпен еске алып. Сөйтіп, 1965 жылы республикалық орта музыкалық мектебіне баян сыныбына қабылданады. Ол кездері жәй мектеп он жылдық болса, республикалық музыкалық орта мектебі 11 жылдық саналатын. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған Біржан: «Оқу жылы аяқталар тұста менің ұстазым, профессор Федор Васильевич бақилық болды. Ол кезде мектепті бітірген оқушыны ұстазы әрмен қарай қолдап, қуаттап, жетектеп жүретін. Жетекшім бақиға аттанғаннан кейін консерваторияға барудан бас тарттым. Соңыра әке-шешемен ақылдасып, Ленинградқа оқуға баратынымды айттым. Ақыр аяғында Шымкенттегі мәдениет институтына оқуға түстім», – деді Бәкең. Оның жанарында өнерге деген сағыныш тұнып тұрды. Мәдениет институтын үздік бітірген Біржан сол жерде баян кафедрасында ұстаздық қызметте қалады. Онда үш ай тер төккен жас Біржанның бойында туған жерге деген махаббат, сағыныш атаулы ұғымдар атой сала береді. Себебі Біржанның ауданына жолдамамен жұмысқа жіберілген қызметкерлер мәдениет институтына қайтып келеді. Олар жәй оралмай, Біржанның ауылын ғайбаттап жатады. «Құмды жер, адамдар киіз үйде тұрады, ашығын айтқанда, адам мекендейтін жер емес» деген сөздер Бәкеңнің жүрегін тілгілей түсті. Осыдан соң намысы қайралып, ректорға кіріп: «Маған сенім білдіріп, ұстаздық қызметке қабылдағаныңызға үлкен рахмет, бірақ біздің ауданға жіберген адамдарыңыз ауылыма тіл тигізіп келді. Мен намыстанып отырмын. Сондықтан қазақтың қара тілімен айтқанда, «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» ғой. Есім барда елімді табайын», – деп, Біржан ат басын туған жеріне бұрады. Содан бері 40 жылдың көлемінде ауданда үлкенді-кішілі қызмет етеді. Мектеп директоры да болады. Бірақ, басқарушылық қызметке қызығушылық танытпайды. Өйткені, өнер адамы еркіндікті аңсайтыны түсінікті. Содан бері музыкалық мектепте, аудан орталығындағы Жамбыл және Фурманов атындағы мектептерде ұстаздық етеді. Кейін 1986 жылы музыкалық мектеп ашады. Біржан Толыбайдың асқан асуы мен басқан белесі – аласармас бір төбе. 22 жыл ауданды басқарған абыройлы азамат Айтбай Назарбеков ауданның атынан ансамбль құрғызып,1978 жылы қыркүйек айында Комсомолдың 60 жылдық мерейтойына байланысты Мәскеудегі Бүкілодақтық көрмеге барады. Ондағы конкурстық концертке Белоруссия, Грузия, Латвияның өнерпаздары және Қазақстанның атынан «Мойынқұм» халықтық ән-би ансамблі қатысады. Жалпы 84 ансамбльдің ішінде Латвия өнерпаздары бірінші орын алса, «Мойынқұм» ән-би ансамблінің мерейі үстем болып, екінші орынды қанжығаға байлайды. Латвиядан келген өнерпаздар Америка еліне жолдама алса,«Мойынқұм» ән-би ансамблі Қазақстан бойынша бірінші орынға шығып, капиталистік мемлекет Португалия мемлекетіне 1979 жылы жол тартады. Ол кезде Біржан «Мойынқұм» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі еді. Португалия мемлекеті Атлант мұхитының жағасында орналасқан тропикалық климатты ел екенін, тіпті ырымдап Атлант мұхитына шомылғанын да Біржан мырза сағынышпен есіне алды. Бұл жылдары «Мойынқұм» ән-би ансамблі дүрілдеп тұрған кез. «Ол шақтағы музыканттардың кәсіби сауаттылығы жоғары еді» дейді Біржан. Бұл «Мойынқұм» ән-би ансамблінің жеткен жетістіктерінің бірі ғана. Одан өзге республикалық, облыстық байқауларда жеткен жетістіктері бір төбе. «Мойынқұм» ансамблі әлі де бар. Біржан бұл ансамбльде дирижер болып қызмет етеді. Ұжымдағы өнерпаздар Біржанды «маэстро» деп атайды екен. «Мойынқұм» ансамблінен бөлек, Біржан Ж.Жабаев мектебінің оқушыларынан «Жайдарман» вокалды ансамблін, Қарабөгет ауылында «Керегетас», «Амангелді» совхозында «Мерей», Хантауда «Хантәңірі» және Бірлік ауылында «Көкжиек» ансамблін құрған. Демек, шәкірт тәрбиелеу жолында да еңбегі ерен. Жүректен кіріп бойды алатын әдемі әнді Бәкең жүрек түкпірінде әбден пісіріп барып, дүниеге әкеледі. Бүгінде Біржанның қырықтан астам туындысы бар. Оның ішінде екі-үш күй, үш-төрт аспаптық пьеса, қалғаны негізінен әсем әндер. Ел ішінде жиі айтылып жүрген «Анама», «Астана» әндері және Қазақ хандығының 550 жылдығында шырқалған «Мойынқұм вальсі» әні тыңдарманын баурап алары сөзсіз. Ән шығарып беріңізші деушілердің қатары көп болса да, тапсырыспен ән жазып көрмеген композитор, шабытты кейде шарқ ұрып іздейді. Уақыт талғамайтын музасы түн жарымында келетіні бар. Жарық жоқ кезде білте шамның сәулесімен шығарған әндері де бар біздің кейіпкеріміздің. «Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы болады дегенді естігенде кеудемді бір тылсым күш кернеді. Әрі ақын, әрі композитор Болатбек Әбішов ағамыз шақырып, «мына өлеңге ән жаз, мен жазайын десем шықпай тұр» деді. Содан мен «Ғасырдың сардары» деген ән жаздым. Бірақ ол кісі әннің атын одан да асырып «Ғасырдың ғажайып сардары» деп түрлендірді. Бұл ән шын мәнісінде бұрынғы әннен өзгерек болды. Б.Момышұлының 100 жылдығында орындауға үлгермей қалдық. Алайда, алдағы уақытта жарыққа шығып, өз тыңдарманын тауып жатар. Біржан бойына өнер әжесінен дарығанын айтады. Себебі, әжесі Божан әйгілі халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевпен айтысқан деседі. «Сен бе едің Қордайдағы Кенен деген, Кенен десе, құлағым елеңдеген. Айтысуға келіп пе едің Ләтипамен, Айтысып көр құрбысы Божанменен» – деген өлең жолдары осы сөзіміздің дәлелі. 9-сыныпқа дейін Божан әжесінің қасында өскен Бірліктің Біржаны Мойынқұм ауданын өнердің ордасы деп біледі. Мұндағы Құмөзек және Мойынқұм халық театрын құрған Дәуіт Иманқұлов, Зинакүл Қаймақова, Сатылхан Түйебаев, Композиторлар одағының мүшесі Садық Құнанбаев, Дүйсен Шажаев, Алпысбай Мәмбеталиев және Ермек Серкебаевтың өзі тамсанып, «мұндай әнші көрген емеспін» деп бағалаған баритон дауыстағы әнші, Тілек Орынбеков – осы өңірдің мақтаныштары. Есімдері аталған азаматтар 1965 жылы Мойынқұм аудан болып дербес шаңырақ құрған жылдарда елге танылған. Солардың ізімен келе жатқан Біржан Қожағұлұлының бірнеше мәртебелі марапаты болса да, оған бәлсінбейді. Себебі, музыка – басы бар, аяғы жоқ терең өнер. «Жеткен шыңым осы деп ешкім айта алмайды. Менің әлі атқаратын жұмыстарым көп. Аллаға шүкір, отбасым бар. Ұстаздық етіп зейнетке шыққан жолдасым Роза Әбдірасылқызы маған қашанда демеу көрсетіп келеді. Енді Құдай қаласа, үстіміздегі жылы шығармашылық кешімді өткізу жоспарымда бар», – дейді Біржан Қожағұлұлы. Айтпақшы, Біржан толғандырып жүрген мәселесін де ортаға сала кетті: Мойынқұм ауданы шалғайда орналасқандықтан, жас мамандар біздің ауданға онша қызыға бермейді. Мамандардың көбісі қалалық жерде жұмыс істегісі келеді. Мемлекеттік бағдарламамен жас мамандарға үй беріліп жатса да, ағылып жатқан жас мамандар жоқ. Осы мәселе мені алаңдатады. Сонымен қатар, мен қазіргі таңда Қайрат Рысқұлбеков орта мектебінде музыка пәнінен сабақ беремін. Бір сыныпта домбыра ойналып жатса, екінші сыныпта баян шырқалып, даусымыз бір-бірімізге естіліп, кедергілер туындауда. Осы келеңсіздік оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді...

Уалихан ЖАЙЛАУ,  «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар