Өңірлік коммуникация қызметінде облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Ханалиевтің қатысуымен журналистермен дәстүрлі брифинг өтті.
Ол: «Су шаруашылығы нысандарының жай-күйі, суландыру желілері мен гидротехникалық қондырғылардың жаңа маусымға дайындығы» тақырыбында және басқа да басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар жайлы хабарлама жасады. Ж.Ханалиев алдымен орман қоры туралы сөз қозғап, оның аумағы 4,4 миллион гектарды құрайтынын жеткізді. Орманды алқап 2,2 миллион гектар көлемінде. Жалпы орман қоры жері облыс аумағының 31 пайызын алып жатыр екен. Былтыр осы салаға бюджеттен бөлінген 703 миллион теңге толық игеріліпті. Биыл ормандарды қалпына келтіру және жаңадан орман өсіру шараларын іске асыруға 43,3 миллион теңге бөлінген. Табиғат байлығын қорғауда басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмысты жан-жақты баяндай келе, хабарламашы жануарлар дүниесі, балық шаруашылығы салаларының жай-күйі туралы да мәліметтер келтірді. Көктемгі су тасқынына қарсы қолға алынып жатқан шаралардан да хабардар етті. Облыстағы 117 cу қоймасы мен бөгеттер толықтай бақылауға алынған. Су мөлшеріне қатысты мәліметтер аптасына екі рет салыстырылып отырады. Өңірде қар көшкіні орын алуы ықтимал аумақтар жоқ. «Алайда биік таулы аймақтарда қардың еруінен және нөсерлі жауын салдарынан су деңгейі көтерілуі мүмкін. Сондықтан, сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі «Қазселденқорғау» мекемесінің 8 бекеті және гидрометеорология орталығының 23 бекеті арқылы күнделікті бақылауға алынған», – дейді Ж.Ханалиев. Алдын ала талдауларға сай cел қаупі бар 16 өзен белгіленіпті. Олар: Жуалы ауданындағы Ақсай, Таластағы Тамды, Т.Рысқұловтағы Мақпал, Шөңгір, Көкдөнен, Қарақат, Қарақыстақ, Меркідегі Меркі, Аспара, Талдыбұлақ, Түзу-cұрат, Молалы, Қордайдағы Қарақоңыз, Ырғайты, Қалғұты, Қақпатас өзендері. Осы өзендердің бойына 31 елді мекен, 5 автокөлік жолы, автокөлік және темір жол бекеттері, 10 шақырым электр желілері және шаруашылық, басқа да нысандар орналасқан. Сондықтан да, бұл аймақтарда бақылау күшейтіліпті. Хабарламашы су тасқынының алдын алу үшін коммуналдық меншіктегі су қоймалары мен бөгеттерінде басқарма тарапынан тұрақты кезекшілер ұйымдастырылғанын да жеткізді. Су шаруашылығы нысандарының жағдайын зерделеу тобы аудандарда болып, су нысандарына жіті тексеру жүргізіп жатса керек. Жалпы, жағдай қанағаттанарлық дейді ол. Одан әрі басқарма басшысының орынбасары табиғат қорғау, жер қойнауын пайдалану бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Брифинке қатысқан республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің жыл құстарын атуға рұқсат етілген-етілмегені, қорықшылар кардонының жай-күйі, Қырғыз еліндегі «Киров» су қоймасындағы ахуал, тәркіленген сексеуілдің қайда кететіндігі, Талас ауданындағы «Тамды» су қоймасының жай-күйі және тағы басқа да мәселелер жөніндегі сауалдарына тиісінше жауаптары қайтарылды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді