тіпә, тіпә, жерлестеріміз премьер-лиганы сәтті бастады
Футболдан Қазақстан пермьер-лигасының кезекті маусымы басталды. Ел біріншілігінің түңлігін өз алаңымызда өткен жылғы чемпионаттың күміс жүлдегерлері, суперкубок иегері алматылық «Қайратқа» қарсы ойынмен түрген жерлестеріміздің өнерін жанкүйерлер тағатсыздана күткен-ді.
Төреші ысқырығы естіле салысымен «Ұлан» стадионындағы жасанды алаңды жатсынбаған «Тараз» футболшылары жеңіске деген жігер танытты. Қарсылас команданың ойыншыларын тынымсыз мазалаған Игорь Зенькович пен Тарас Данилюк бастаған жігіттердің қауіпті шабуылдары Анатолий Тимощук бастаған алматылықтардың қорғаныс шебін сетінетіп жатты. Тіпті, «Тараз» футболшылары бірінші кезеңде бұрыштама добын жиі көтеріп «Қайратты» қатты састырды. Кездесудің екінші бөлігінде алматылықтар да белсенділік танытып, Жерар Гоу мен Сито Риера шабуылға лап қойды. Риераның алыс тоғыздыққа шірене тартқан добы қақпадан сәл ғана қиыс кеткен кезде демімізді ішке тарттық. Ойынның 65-минутында ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Игорь Зенькович «Қайрат» қақпасын нысанаға алды. Қорғаушы мен қақпашының қасынан баяу ғана өте шыққан теңбіл доп қақпа торында бүлк ете қалған сәтте жанкүйерлердің «Алға, Тараз!», «Тараз – чемпион!» деген айқайынан құлақ тұнды. Жанкүйерлердің демеуінен қуат алған жерлестеріміздің шабуылы бұдан соң тіптен жандана түсті. Кездесудің аяқталуына үш минут қалғанда қақпашымен бетпе-бет шыққан Тарас Данилюк таблодағы көрсеткішті еселесе, 89-минутта «Қайрат» ойыншысы Виталий Ли тараздықтардың қорғаныстағы қателігін ұтымды пайдаланып, есеп айырмасын қысқартты. Қорытынды нәтиже – 2:1, «Тараздың» пайдасында. Алғашқы турда «Астана» дәл осындай есеппен «Шахтерді» қапы қалдырса, «Ертіс» «Оқжетпесті», «Тобыл» «Ақ жайықты» 1:0 есебімен, «Ордабасы» «Ақтөбені» 3:1 нәтижесімен жеңді. Ал «Жетісу» өз алаңында «Атыраумен» ұпай бөлісті. Есеп – 1:1. Премьер-лиганың алғашқы голын атыраулық Ұлан Қонысбаев еншісіне жазды. Бірінші турдан кейін «Ордабасы» доп айырмасымен топ тізгінін қолға алса, «Тараз» бен «Астана» – екінші, үшінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Енді екінші турда «Ақтөбеге» қарсы алаңға шығатын жерлестерімізге тек қана жеңіс тілейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді