Қайда барсаң да, екі қолға бір күрек табылатыны анық. Бірақ, кейбіреулер байлыққа белшемнен батамын деп, «негізін қаламай-ақ» көзжұмбайлықпен іске кірісіп, соңы сиырқұйымшақтанып кететіні бар. Нәтижесінде қарызға белшесінен батып жатқаны. Әрине, кім ісі ілгері басқанын қаламасын. Өкініштісі, ісін жаңа бастаған бірқатар кәсіпкер көмек қолын созатын мекемені дұрыс таңдай алмайды. Анығында, шаруашылығын өркендетемін, бизнесін өрге бастырамын дегендерге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы көмек қолын созады.
Осынау көмектің игілігін Ерназар ауылының тұрғыны Әсет Сүлейменов көріп отыр. Ол өткен жылдың маусым айында қаржылай қолдау қоры мекемесінен 2,5 миллион теңге алып, базардан 8 бас мүйізді ірі қара, 5 бас жылқы сатып алған. Таяуда Ерназар ауылында болып, Әсеттің тірлігімен жіті танысып қайттық. Сатып алынған малы қоңды. «Қыста қысылып қалмайын» деген ниетпен жемшөптің берік қорын жасаған екен. Әсеттей малсақ жігіттер ауданымызда аз емес. Әркім көрпесіне қарай көсіліп, өздеріне қажетті мөлшердегі несиеге осы қаржылай қолдау қоры арқылы қол жеткізген. «Әсеттей кәсіп иелері ауданымызда қанша? Оларға несие қанша пайызбен, неше жылға беріледі?», – деген сауалдарды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының бас несие менеджері Нұрлан Әлімбаевқа қойғанбыз. Ол: – Жамбыл облысы бойынша 694 адам несиеге 1 миллиард 415 миллион 850 мың теңге алса, Жамбыл ауданының 76 тұрғыны алған несие – 160 миллион теңге. Бәрінің бағыты бір – мал шаруашылығымен айналысу. Несие 6 пайыз өсіммен 4,5 жылға беріледі. Алғашқы 1,5 жыл – демалыс. Бұл осы іспен айналысамын деушілерге көп жеңілдік әрі мүмкіндік. «Нәсібімді кәсібімнен табамын» деушілерге есігіміз әрқашан ашық, – деген. Бас несие менеджерінің осы сөзінен кейін «бұдан артық қандай көмек керек?» дегің келеді. Елбасының сара саясаты ауыл шаруашылығын дамыту, осы саладағы кәсіпкерлікке көмек беру екені баршаға аян. Осындайда атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген ақылман сөзі кім-кімге де үлкен ой тастаса керек.
Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.
Ерназар ауылы, Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді