Мұратхан Шүкеев ауданға әкім қызметіне тағайындалғанына төрт жылдан асыпты. Аудан тұрғындарымен өтетін есепті жиындарда ғана емес, ауыл аралап жүрген кездерінде де елдің көтерген мәселелері мен айтқан ұсыныстарына ешқашан енжар қараған емес.
Әкім болып тағайындалысымен ауылдық аймақтарды аралауды аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан бастаған ол жер қатынастары өзекті мәселеге айналғанын анықтап, зерделеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады. Аудандағы саяси-әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аудан орталығының аумағын ұлғайту мақсатында Бас жоспарын әзірлеуге қаржы бөлдіруге ұйытқы болды. Ауылдың Бас жоспары 2,1 миллион теңгеге әзірленіп, 2013жылдың 29 наурызында аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілді. Ауылда 2014 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 миллион теңгеге Тараз қаласындағы «ГАПП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке тұрғын үй құрылысы үшін 34 гектар жерге жобалау жұмыстарын жүргізді. Осы тұрғын жай алқабын электр жүйесімен қамтамасыз етуге сметалық құны 106 миллион теңге және жол төсеуге 92 миллион 763 мың теңге көлемінде жобалар жасалып, инвестиция тарту үшін өтінімдер жолданды. Сарыкемерліктер ауыл тұрғындарының саны жылдан-жылға артып, 32 мың адамнан асқанын, сондықтан халыққа қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатында іргелі мекеннен тағы бір ауылдық округ ашу мәселесін көтерді. Тұрғындардың орынды ұсынысы ескерусіз қалмай, Сарыкемер ауылдық округі екіге бөлінді. Жаңа округ Астананың символына айналған «Бәйтерек» есімін иеленді. «Астананың 10 жылдығы» атындағы дендросаябағына 2012 жылы көркейту үшін 6 миллион теңге бөлініп, қыруар жұмыс атқарылды. 1574 тал көшеті отырғызылды. 2013 жылы да абаттандыру жұмыстарына 4 миллион теңге бөлінсе, балалар ойыны алаңына 6 миллион 800 мың теңге бөлініп, заманауи талаптарға сай ойын қондырғылары орнатылды. Осы мақсатқа 2014 жылы да 4 миллион теңге бөлініп, игерілді. Бюджет қаржысына алынған жабдықтар бүгінде балалар игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Орталық алаңдағы қақпа ағымдағы жөндеуден өтіп, айналасына гүлзарлар отырғызылды. Түнгі жарықтандыру қондырғылары заманауи құралдармен алмастырылып, маңайын күндізгідей жарқыратып тұр. Бүгінде Сарыкемерге сырттан келген жолаушы ауылға емес, сәні мен салтанаты жарасқан тамаша бір шаһарға тап болғандай әсерде болады. Аудан әкімі Сарыкемер ауылына ғана көңіл бөліп, басқа елді мекендерді ұмыт қалдырған жоқ. Ол кеңседе тапжылмай отыратын басшылардың қатарынан емес. Қай ауылға не керек, қай аймақ неге мұқтаж, осыны өзі барып саралап жүреді. Көлікпен кетіп бара жатса, тоқтай қалып ауылдықтармен пікірлесе кетеді. Әңгімеден әңгіме туып, сөз арнасы ауылдың түйткілдеріне тіреледі. Ондай мәселені қойын кітапшасына түртіп алады. Қызмет орнына келісімен тиісті мекеме басшыларына шұғыл тапсырма береді. Жұмыс қашан орындалғанша тікелей назарына алады. Сондықтан да, Сарыкемердегідей тірлік ауданның барлық ауылдық округтерінде атқарылды. Әлі де атқарылып жатыр. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Осы тірліктің бәрін аудан әкімі Мұратхан Шүкеев елмен ақылдасып жасады. Оның бір қасиеті – үлкенмен де, кішімен де ортақ тіл табысатындығы. Кім-кімнен болмасын орынды бір ұсыныс түсіп жатса, мүмкіндігін тауып соны орындағанша жаны тыным таппайды. Қариялардың ақылына жүгінеді, тіпті аудан әкімі аппаратында қызмет жасайтын жігіттердің де ұсыныс-тілегін қабыл алып жүреді. Әсте елдің пікіріне құлақ асқан басшының тірлігі алға басады, көсегесі көгереді. М.Шүкеев ауданда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы мен шағын және орта бизнесті кеңінен өрістетуді жіті қадағалап, қолдау көрсетеді. Аудан әкімінің мамандығы – агроном. Өзі жер қыртысын жаңғақша шағатын ғалым-агроном болғандықтан егін шаруашылығын өркендетуге де ерекше назар аударып келеді. 2015 жылы 6000 гектар күздік бидай, 6300 гектар арпа, 2000 гектар дәндік жүгері, 1300 гектарға қант қызылшасы, басқа да дақылдар егіп, барлығы 50100 гектар жерді игерген аудан диқандары, биыл да егін шаруашылығын одан әрі ұлғайта бермек. Аудан әкімінің мақсаты – Байзақтың қант қызылшасын өсірудегі баяғы даңқын қайта оралту.Оның жолдарын қарастырып та жатыр. Әкім-агроном су үнемдеу технологиясына да ерекше мән береді. 2012 жылы тамшылатып суару технологиясы – 95, 2013 жылы – 193, 2014 жылы 400 гектарға енгізілсе, былтыр 702,5 гектар алқапқа, оның ішінде 150 гектар қант қызылшасы алқабына енгізіліп, осы мақсатқа барлығы 354,84 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Үкімет тарапынан диқандарға жасалатын қамқорлық жете түсіндірілгендіктен жер баптап, егін салатын шаруа адамдары өз несібелерінен қағылып жатқан жоқ. Облыс орталығына жақын орналасқан Сарыкемер ауылында 2007 жылдан бері алаяқтардың құрбанына айналған азаматтардың құқын қалпына келтіруде, басқа да қылмыстық оқиғалардың алдын алуда құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуде де көп тірлік тындырды. Ел ертеңі – бүгінгі жастар деп жатамыз. Сондықтан жас желкенге сапалы білім, саналы тәрбие беру – бүгінгі күннің басты талабы. М.Шүкеев білім беру мен тәрбиені де назардан тыс қалдырған емес. Қай елді мекенге балабақша, мектеп керек, білім беру мекемелерінің жай-күйі қалай, мектептер мұғалімдермен толық қамтамасыз етілген бе, осы мәселелер аудан әкімінің күнделікті жұмыс жоспарында бар. Әрине, бір мақалада іргелі ауданның тізгінін ұстап отырған азаматтың болмысы мен бітімін, сан қырын түгел қамтып шығу мүмкін емес. Дегенмен, ел аузында жүрген азаматтың еңбегін аз да болса паш етуді жөн көрдік.
Есіркеп СЕРІКБАЙҰЛЫ, ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді