Қазақстанда төрелік соттар палатасы құрылуы мүмкін

Қазақстанда төрелік соттар палатасы құрылуы мүмкін
ашық дереккөз
Қазақстанда төрелік соттар палатасы құрылуы мүмкін

Қазақстанда төрелік соттар палатасы құрылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.

Онда депутаттар «Төрелік соттар туралы» заң жобасын талқылаған болатын.

Аталған заң жобасы халықаралық төрелік және аралық соттардың қызметін реттейтін заң актілерін топтастыруға бағытталады. Осылайша, төрелік соттардың әртүрлігін реттеудің бірыңғай құқықтық тетігі қамтамасыз етілмек. Мұндай шара сот жүйесін нығайту процесіне оң әсер ететін болады.

«Біз осы бағытта бірыңғай заң жобалары болу керек деп санаймыз. Шетелдік тәжірибелер бойынша көптеген елдерде төрелік соттар туралы заңдар бар. Ал бұрынғы кеңестік мемлекеттерде әлі күнге екі дербес заңдар бар. Олардың мәнісі бір болғандықтан да, біз бірыңғай заң жобасын әзірлеу керек деп шештік», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша мемлекеттік мүддені қорғаудың соттан тыс формасын дамыту көзделеді. Бұл ретте құжатта құпиялылық қағидаттары кеңейтіледі. Сондықтан да, тараптар осы қағидатқа сүйене отырып, мемлекеттік сотқа қарағанда  төрелік соттарға жүгінген жөн деп санайтын болады. Сонымен қатар, төрелік жасаушы соттарға қатысты біліктілік талаптары арттырылады.

«Заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі Қазақстанда төрелік соттар палатасын құру жайында болып отыр. Өйткені, жеке құқықтық даулардың шешілуін дамыту үшін бірыңғай орталық құрып қою аздық етеді. Бұған мемлекеттік органдар тарапынан күшті қолдау қажет. Бұл ретте әлемдік тәжірибеде дауларды соттан тыс тәртіппен қарай бойынша бірінші орында тұрған Сингапур елінің тәжірибесі өте оңтайлы», дейді З. Баймолдина.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында қамтылған нормалар құқық субъектілері үшін мемлекеттік соттарға иек арта бермей, өз дауларын өркениетті тәртіппен шешуге үйретеді.

Заң жобасы палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылады.

Ұқсас жаңалықтар