Демеушілер көмегіне ділгірміз

Демеушілер көмегіне ділгірміз
ашық дереккөз
Демеушілер көмегіне ділгірміз

20160128_105407Қаратау қаласындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің шаңырақ көтергеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Ондағы жәдігерлер қатары ұдайы толықтырылу үстінде. Өткен жылы облыстық бюджеттен 14 миллион теңге қаражат бөлініп, мұражай іші қайта жаңартылды. Көне жәдігерлер дәуіріне қарай арнайы бөлімдерге бөлініп, орналастырылды. Мұнда келушілер адамзаттың алғашқы тұрағы ғана емес, жер жаратылғаннан бастап, өркениет дәуіріне дейінгі кезеңнен мол мағлұмат ала алады. Тас, Қола, Темір дәуірлерінің көрнектері де, орта ғасыр ескерткіштері де баршылық. Сондай-ақ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы ел тарихынан да хабардар бола алады. Осындай шуақты істермен қоса көңілге көлеңкесін түсірер жайды да айтпасқа амалымыз қалмай тұр. Дәл қаланың орталығына орналасқанмен, қаладағы оқу орындарының оқытушылары, білімгерлері, мектеп оқушылары, жалпы жұртшылық мұражайға көп бас сұға бермейді. Сөздің реті келген соң айтып жатқанымыз ғой, мысалы, халқымыздың төлқұжаты іспеттес қазақы киіз үй тұтас жасау-жабдықтарымен музейіміздің бір олқысын толтырып тұр дегеніміз – аты ғана. Шын мәнінде осы ескі киіз үйді сырттан келген меймандарға мақтана көрсетуден тартына береміз. Рас болса, Германияның Лейпциг, Францияның Париж қалаларында, тіпті АҚШ-та да алтынмен апталып, күміспен күптелген киіз үйлер халқымыздың ата салтын – қазақтық қалпын шет жұрттықтарға әйгілеп, мұражайларының ажарын ашып, әрін кіргізіп тұр деп естиміз. Ал өзінің туған «Отанындағы» - музейіміздегі киіз үйдің (суретте) сиқы мынау. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын мерекелейміз. Еліміз де бақуаттанып келеді. Қалталы азаматтарымыз да көп-ақ. Олар мұражай мұқтажына құлақ асып, сән-салтанаты келіскен киіз үйдің бірін алып беруге құлшыныс танытып жатса, құба-құп болар еді. Мұражай – өткеніміз бен бүгінді жалғастырушы орталық екенін, ықылым замандардан бүгінге жеткен көне жәдігерліктері жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, төл тарихын танып-білуге тәрбиелейтіні әркез назарда болса дейміз. Жастар бір мезгіл музейді аралап көріп, туған өлкеміздің тарихымен, ата-бабаларымыздың өмір салтымен мұқият танысып қайтса, олардың рухтары асқақтап, жүректерінде отаншылдық сезімі оянар еді, танымдары кеңейе түсер еді деп ойлаймыз.

 

Ұқсас жаңалықтар