Ата тағылымы

Ата  тағылымы
ашық дереккөз
Ата тағылымы

1456317304050Әкемнен жастай айырылғандықтан ба, әке деген мен үшін асқар таудай биік, армандаған жағалаудай алыс көрінетін. Дегенмен, әкемдей қорғанышым, қамқоршым болған ағаларым болды. Оларға ақыл-кеңестерін аямай, әрдайым мейірім-шапағаттарына бөлегендері үшін ризамын. Дегенмен, «Қыз – жат жұрттық», дейді халқымыз. Сол жат жұртқа келін болып түскенде, бала кезімде жоғалтқан асыл жанды тапқандай болдым.

Жұбайымның әкесі мені өз баласынан кем көрмеді. Әке орнына әке бола білгені үшін ол кісіні тау тұлғалы, ерекше болмысты жан санадым. Өзім педагогтер отбасында туып, тәрбиеленсем де, өзге шаңыраққа келгенде мені жылы қабылдап, өз қамқорлығына алған – қайын атам Парманбек (Пәрмеш) Жақсымбетов еді. Ол кісі ұзақ уақыт орта мектепте мұғалім, директор болып қызмет істеді. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан, болашақтарына жол салып, ақжол тілеген нағыз ұстаз болатын. Атамның оқу-ағарту саласына сіңірген ерен еңбегі өз алдына, жалпы адамдық, азаматтық тұлғасы кісілік қасиеттері – бір төбе. Пейілі кең, мейірімі мол еді. Балаларының ішінде өз жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған бізді мақтан тұтатын. Нағыз ұстаздың табиғатынан жаратылысы ерек болады емес пе? Оның бітім-болмысы тумысынан мұғалім болу үшін жаратылғандай еді. Кез-келген жанмен тез тіл табысатын, әңгіме-сұхбат кең өріс алатын. Көбінде ұлттық тарих, атамұра тағылымы, халық әдебиетінің қайнарларынан мол сыр шертетін. Тағылымды, тәлімдік тұстарын бірде тақпақтап, бірде жұмбақтап жеткізетін. Даналық мәйектерін, бата-тілек, өсиет сөздерді жиі қолданатын. Оны өмірде, еңбекте ұтымды пайдаланады. Бұл сұхбат құрып отырған жанға табиғи, ұнамды әсер ететін-ді. Осындай жанның өнегесін, білікті мұғалімнің тағылымын көрген оқушылардың үлкен өмірге қадам басқанда алдына зор мақсат қойып, биікке ұмтылатыны түсінікті. Атамыздың әр жылдарда түлетіп ұшырған шәкірттерінің тізіміне қарап отырып, «ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» болатынына көзім жете түскендей. Атамның шәкірттерінің арасында тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Омарбеков, Олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіров, полиция генерал-майоры М.Жаманбаев, жоғары санаттағы білікті дәрігер Т.Жарқынбеков, тарих ғылымдарының докторы А.Абдуалы, Р.Саршаев, әртіс Ш.Жәменкеева, қаржы саласының білікті мамандары Ж.Құмғанбаев, Н.Есімов, ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары Р. Саршаев, С.Маханбетқұлов, Ж.Нұржауов деген азаматтардың есімдерін көріп таңғалдым. Бір мектепте әр жылдарда білім алса да, бүгінде әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Кешегі ауыл мектебінің деңгейінің биіктігін, білікті ұстаздың шеберлігін мойындайсыз. «Кітап – киелі нәрсе, бар білімнің қайнар көзі», – деп айтып отыратын. Кітап, газет-журналға деген ұқыптылығы сондай, оның әр нөмірін қаттап, тігіп қоятын. Тараз қаласына немесе аудан орталығы – Сарыкемерге бара қалса, кітап алмай қайтпайтын. Кітапханасы өте бай еді. Ол кітапханадан Алматыны он айналып іздесек те, таба алмаған материалдарды кездестіруге болатын. Алматыдан ауылға демалуға келсек те, ол кісінің кітапханасындағы газет-журналды ақтармай, бір-екі кітапты оқымай қайтқан кездеріміз сирек-тін. Қазақ тарихының арғы-бергі кезеңдері хақындағы деректі дүниелерді, рухани құндылықтарды ұлықтайтын әр салаға қатысты қоғамдық-әдеби еңбектерді, танымал тұлғалардың өмірі мен кезеңі, шығармашылығы туралы туындыларды да оқып-білумен бірге, оларды әңгіме-сұхбат барысында өзіндік мәнер-машықпен байыпты баяндайтын. Өз жанынан да алып қосарлары бар-тын. Өмір мен еңбекке, тұрмысқа қатысты тұстарын үнемі қайталап, үлгі-нұсқа ретінде айтып отыратыны да жадымызға мықтап ұялаған еді. «Жақсыдан шарапат» деген осы шығар?! Атамның өнегесі бізге өмірлік азық болды. Университетте білімімізді толықтырып, білім алып бір шыңдалсақ, ауылда атамыздың жинаулы, қаттаулы кітаптарын, филология саласындағы еңбектерді оқып тағы шыңдалдық. Біз үшін ауылдағы академик, профессор – атамыз еді. Ол кезде атамыз Дихан ауылында орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Көзі ауырып, қиналған уақыттарында оқушыларының дәптерлерін маған тексертіп алатын. Осылай көмектесе отырып, өзімді мұғалім сезінетінмін. Ұстаз болсам деген арманымның арта түсуіне осы жағдай әсер етті деп ойлаймын бүгінде. Университеттегі тәжірибемде, одан әрі мемлекеттік қызметте осының бәрінің септігі тиді кейіннен. Атам апаммен қырық бес жыл отасты. Он екі бала тәрбиелеп, өсірді. Оларды білім нәрімен сусындатып, өмірден өз орындарын табуға бағыт-бағдар берді. Үлкен әкпеміз Сәуле, Зәуре, Айгүл, Салтанат – медицина саласында, Сәрсе, Майра ұстаздық жолын таңдаған, ағамыз Жаңабек, Данабек, Самат – шаруашылықта. Ал Жарқынбек – Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің І-сыныпты Кеңесшісі (дипломатиялық дәреже), мемлекеттік қызметте 20 жылға жуық еңбек етті, Бақытжан – заң ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болды. Бауыржан – шығыстанушы. Осы он екі баладан бүгінгі күні қырық бес немере, жиырма екі шөбере тарап отыр. Атам өмірден өткелі он сегіз жылдай уақыт өтіпті. Ол кісінің ақ пейілі, жайдары мінезі мәңгі жадымызда. Ауылға барған сайын атамыз бен апамызға Құран бағыштап, артында қалған ұрпақтары бас қосып, аяулы жандарды ризалықпен еске аламыз. Өмір мұраты, тағылымы да осы болса керек. Өмірі өнегелі, жан жүрегі мейірімге толы ата тағылымы әркез жадымда.

Саламат Жақсымбетова, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің бас сарапшысы.

Астана.

Ұқсас жаңалықтар