«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бас қарсыластар бәсекесі

Бас қарсыластар бәсекесі
ашық дереккөз
Бас қарсыластар бәсекесі

«Астана арландары» «өзбек жолбарыстарымен» шайқасады

Бүкіләлемдік бокс сериясының үшінші кезеңіне «Астана арландары» серия дебютанттары өзбекстандық командамен шаршы алаңда бақ сынасады. О бастан қазақ боксшыларының басты қарсыластарына айналған өзбек боксшыларына қарсы кездесу С1 салмақ дәрежесінде өтеді деп күтілуде. Бірінші турда түзде Пуэрто-Рико боксшыларын 5:0 есебімен ойсырата жеңген өзбек боксшылары екінші кезеңде әзірбайжандық «Баку оттарының» алдында дәрменсіздік танытқан болатын. Бүгінге жоспар­ланған кездесуде жұдырықтасатын боксшылардың құрамы да анықталып қойды. Ең жеңіл салмақта ел намысын Теміртас Жүсіпов қорғайды. Ол өзбектердің ғана емес, әлем мықтыларының бірі саналатын Хасанбай Дусматовқа қарсы барын салмақ. Негізі бұл жұптың фавориті Дусматов саналады. Әйткенмен, Теміртас аяққа еркін ойнап, соққыдан кейін шалт қимылмен дұрыс қорғана білсе, бір линиялы, яғни тек алдыға ентелей беретін Дусматовтың мысын басуға мүмкіндігі бар. 56 келідегі үмітіміз Мейірболат Тойытов Абдулхай Шарахметовпен бақ сынасып көрмек. Екеуі де тең дәрежедегі боксшылар. Мейірболат мықтылығын айқын байқатпаса төрешілердің бүйрегі алаң қожайынына бұрып кетуі де ықтимал. Нұрлан Ақүрпеков 64 келіде тағы да Асхат Уәлихановқа сенім артып отыр. Уәлиханов осы жолы Фазлиддин Мелибоевқа жеңілсе, онсыз да мардымсыз статистикасы әрмен қарай жеңіліспен толыса түспек. Мұны жақсы түсінетін қазақ оғланы барын салып көрмек. 75 келідегі Мейірім Нұрсұлтановты фаворит деп айтуымызға болады. Алаң таңдамайтын алаш баласы өзбек жерінде де мерейімізді асыруы тиіс. Ал 91 келідегі саңлағымыз Мұхамеджан Еркін мен өзбек ұлы Мирзабек Хасановтың кез-келгені жеңісті жұлып алуы ықтимал. Ендеше бүкіләлемдік бокс сериясындағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастаған Мұхамеджан жеңісті қолдан бермейді деп сенеміз. Түйіп айтқанда, боксшылары­мыз бабында болса, төрешілер бұра тартпаса, «Астана арландарына» Өзбекстаннан олжалы оралатын мүмкіндік мол.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар