облысымыздың қазіргі тыныс-тіршілігін бұрынғы кезеңдермен салыстыруға келмейді. Тәуелсіздік алғалы бері 25 жылдың бедерінде өңіріміз түлеп, түрленіп кетті. Ширек ғасырдың шырайын былай қойғанда, соңғы екі-үш жылдың көлемінде Жамбыл жері жаңарып, жайнай түсті десек, артық айтқандық емес. Тіпті, былтырғы бір жылдың ішінде аймақта көптеген ауқымды жобалар мен игілікті істер жүзеге асырылды. Қолға алынған ірі бастамалар өз кезегінде өңірдің өркендей түсуіне ықпал етті. жамбылдықтардың Өткен жылы бірлікпен атқарған берекелі тірліктері облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өңір тұрғындарымен болған есеп беру кездесуінде жан-жақты баяндалды. Жылды қорытындылаған алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов пен Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ержан Жылқыбаев қатысты.
Өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлы өз баяндамасында атап өткеніндей, 2015 жыл барлық қазақстандықтармен бірге жамбылдықтар үшін де жемісті болды. Әлемде қаржы дағдарысы өрши түскенімен, елімізде әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани өрлеу тоқтаған жоқ. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың рухын түсірмеді, соның арқасында қиындықтан шығудың жолын нақты іс-қимылдан тапты.
– Өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей, біз Ұлы далада ұлт атауымен мемлекет құрған бабалар рухына тағзым еттік. Ата Заңымызды ұлықтап, бақ-берекеміздің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясының беделін биіктеттік. Ардагерлерімізді ардақтап, Ұлы Жеңістің мән-маңызын ұрпақ санасына сіңірдік. Жылдың басты саяси оқиғасы – Президент сайлауында бірлігі бар ел екенімізді тағы да дәлелдедік. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және индустрияландыру картасы аясында елімізде 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазақстан тұңғыш рет әлемнің жетекші 50 экспорттаушылар қатарына қосылып, 43-орынды иеленді, Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болды, – деді баяндамасын ел өміріндегі елеулі оқиғалардан бастаған Кәрім Нәсбекұлы. Облыс әкімі қазіргі қалыптасқан ахуалды тілге тиек етіп, Елбасы мемлекеттің әлемнің ең ірі, алпауыт елдері бастан кешіп отырған қаржылық және өндірістік тоқырауларға қарсы төтеп беретін стратегиялық бағдарламаларына тоқталды. Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында қазіргі жаһандық сын-қатерлерден шығу жолдары көрсетілгенін, қазақстандық арманға бастайтын Ұлт жоспарының ел өміріне үлкен серпін беретінін қозғады. – Қазір облыста 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ете отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты берген тапсырмалары облыста мүлтіксіз орындалуда. Сыртқы қатерлерді төмендету, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған облыстық дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданды. Өткен жылы облыс экономикасының сенімді алға жылжуына «Нұрлы жол», индустрияландыру бағдарламалары негіз болды. Бүгінде халықты әлеуметтік қолдау жалғастырылуда, – деді Кәрім Көкірекбаев. Өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталған аймақ басшысы алдағы атқарылар істерді де саралап айтып берді.
Өндіріс өркендей береді
Әлемдік қаржы дағдарысы өткен жылы еліміздің өнеркәсіп саласына әсер етпей қалған жоқ. Көптеген өндіріс орындары жаңадан іске қосылып жатқан өңіріміз үшін де бұл кезең ауыр сынақ болды. Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылдың тоғыз айындағы жалпы өнім алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 99,2 пайызды құраған. Дағдарыстың салдарынан өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,7 пайызға, бөлшек сауда көлемі 3,5 пайызға, көтерме сауда 9,6 пайызға кеміген. Сыртқы сауда 60,4 пайызды құраған. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда-саттық қана 6,8 пайызға ұлғайған. Былтыр облыс бюджетіне 202,2 миллиард теңге түсім түскен. Оның ішінде өзіндік кірістер 45 миллиард теңгені құраған, алдыңғы жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға артық. Ал жергілікті бюджеттің шығыстары 99,9 пайызға орындалып, 200 миллиард теңгені құрап отыр. 2015 жылы мемлекеттік бюджетке 67,8 миллиард теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналған. Жалпы, жоғарыда айтып өткеніміздей, дағдарыстың салқыны ең алдымен өнеркәсіп саласына әсер етті. Еліміздегі ең ірі өндіріс орны – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Тараз қант зауыты», «Тараз металлургиялық зауыты», «Имсталькон», «Жамбылгипс», «Запчасть» акционерлік қоғамдары және басқа да бірқатар кәсіпорындар қазір өте ауыр кезеңді бастан кешіруде. Дегенмен, бұл – уақытша құбылыс. Сондықтан, аталған өнеркәсіп орындары алға қарай қарыштап даму үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кірісуде. Облыс әкімі «Жамбылгипс» зауыты құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт құрылысын бастағанын айтты. Зауыт іске қосылғанда компанияда жаңадан 100 жұмыс орны ашылмақ. – Былтыр Жамбыл цемент зауытында 1,3 миллион тонна цемент өндірілді. Өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға артқан. Сондай-ақ, Жамбыл ГРЭС 2014 жылға қарағанда электр энергиясын 14 пайыз артық өндірді. Бұған дейін кәсіпорын тек қысқы маусымда ғана 2-3 блоктык режімде жұмыс істейтін. «Алтыналмас» компаниясы да алтын өндірісін 5,8 пайызға арттырып отыр, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Өңір басшысы дағдарыс жағдайына қарамастан, Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы облыс өнеркәсібін өркендетуге серпін береді деп есептейді. Жалпы, бағдарламаның 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңінде 26 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланғаны белгілі. Облыс әкімінің айтуынша, былтыр сомасы 30,5 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылған. Соның арқасында 425 жаңа жұмыс орны ашылған. Олар Тараздағы құны 381,2 миллион теңгені құраған полиэтилен пленкаларын шығаратын «Полиэтилен – Агро» ЖШС, Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 МВт «Burnoye Solar-1» күн электр стансасы, Сарысу ауданындағы қиыршық тас өндіретін «Тараз – көлік жолы» зауыты және Байзақтағы «Әулие-ата феникс», Таластағы «Жамбыл Недр», Қордайдағы «Golden Compass Capital» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері екен. Кәрім Нәсбекұлы аталған бағдарлама шеңберінде биыл 7 жоба жүзеге асырылатынын, жаңадан 400 жұмыс орны ашылатынын айтады. «Қазфосфат» ЖШС-ның Минералды тыңайтқыштар зауытында жалпы құны 7,7 миллиард теңгені құрайтын экстракциялық фосфор қышқылын және «AlinaHolding», ЖШС-ның 3,9 миллиард теңге қаржы құятын құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін жобалары да осы жылы өз жемісін бере бастайды деп күтіліп отырған көрінеді. Есепті жиында облыс әкімі Тараз қаласы және аудан әкімдеріне бұл іске барынша қолдау көрсетуді және жаңадан инвестициялар тарту жолдарын қарастыруды тапсырды. Кәрім Көкірекбаев бүгінгі күнге дейін Қытай, Батыс Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркия мен Ресей мемлекеттерінің 150-ден астам әлеуетті инвесторларына ұсыныс жіберілгенін мәлімдеді. Бүгінде 15 ұсыныс мақұлданып, 3,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын жобаларға байланысты келісімге қол қойылған. Энергетика, химия, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы бағыттарында 26 инвестициялық жоба бойынша келіссөз жүргізілуде. Қазіргі кезде 3,1 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба іске асырылуға дайын тұр деп айтуға да болады. – Бірінші жоба – құны 2,0 миллиард доллар болатын минералды тыңайтқыштар өндіретін, 2000 жаңа жұмыс орны ашылатын «Еурохим Тыңайтқыш» зауытының құрылысы. Екінші ірі жоба – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен жүзеге асырылатын «Тараз химиялық паркі». Қазірдің өзінде онда жалпы инвестиция көлемі 128 миллиард теңгеге жететін 5 инвестициялық жоба (каустикалық сода мен хлор, үш хлорлы фосфор, глифосат, пестицидтерді, метанол өндірісі) жүзеге асырылуда. Онда 1000 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде экономикалық аймақтың ішкі инфрақұрылымдық жүйесінің құрылысы аяқталуда. Жақында Пекинде өткен іскерлік кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қытай компанияларымен Жамбыл және Павлодар өңірлерінде салынатын, құны 2,3 миллиард долларды құрайтын титан-магний кенін өндіретін тау-кен өндірістік кешені және зауытының құрылысы бойынша 4 жақты меморандумға қол қойды. Құрылыстың алғашқы кезеңіне 900 миллион доллар инвестиция тартылмақшы, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстарға да кеңірек тоқталды. Жалпы, бағдарлама қабылданғалы бері өңірде кәсіпкерлердің 55 миллиард теңгені құрайтын 547 жобасына қолдау көрсетіліп, 10 мың жұмыс орны сақталып қалған.
Инфрақұрылым жүйесі жаңғыртылды
– Қазіргі көмірсутегілік шикізат бағасының тұрақсыздығы жағдайында энергия көздерін жаңғыртуды жетілдіру әлі де өзекті болып отыр. Облысымыздың энергетиктері бұл саланы дамытудың жайын жақсы біледі. Жалпы қуаттылығы 78 МВт болатын 8 нысанда су, жел және күн электрстансалары жұмыс істейді. Олардың қатарында қуаттылығы 50 МВт-қа тең, құны 23 миллиард теңгені құрайтын (19 жұмыс орны ашылуымен), былтыр «Burnoye Solar-1» ЖШС Жуалы ауданында іске қосқан Орта Азиядағы ең ірі электрстансасы да бар. Оның қуаттылығын 100 МВт-ға жеткізу жоспарланып отыр. Қордай ауданында «VISTA-international» компаниясы күшімен 21 МВт қуаттылығына ие жел электрстансасы салынды, қазіргі уақытта оның қуаттылығын 53 МВт-қа дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл саладағы жобалардың барлығы да отандық және Ресей, Франция, Түркия, Қытай, Нидерланды және Ұлыбритания секілді шетелдер инвесторлары қатысуымен жүзеге асырылуда. Алдағы үш жылда жалпы қуаттылығы 200 МВт-қа тең жаңартылған энергия көздері нысандарының құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл біздің Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесі қарсаңындағы елімізде «жасыл экономиканың» дамуына қосқан үлесіміз болмақ. Жалпы, облыс энергетикасы мен инфрақұрылымын дамыту біздің экономикамызды дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Өткен жылы бюджеттен 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылыс, электрмен қамту жүйелерін қайта жарақтандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша 148 жоба жүзеге асырылды. Жылумен қамту кәсіпорындарын күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарына тиісінше 310 миллион теңге бағытталды. Тараз қаласында 122 миллион теңгеден астам сомаға «Жамбыл-Жылу» мекемесінің 3 ірі қазандығын қайта жарақтандыру, 48 миллион теңгеге «Тараз-Арена» спорт сарайының қазандығы құрылысын салу жұмыстары жүргізілді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Тараз қаласында 880 миллион теңгеге магистральдық және ішкіорамдық жылу жүйелерін, 215 миллион теңгеге Жаңатас қаласындағы орталық қазандықты қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Жаңатас қаласында 472 миллион теңгеге жылу жүйелері жаңғыртылды. Отын-жылу кешені кәсіпорындарында қуат үнемдеу шараларының жүргізілуі отын шығынын 9, электр қуатын 4 пайызға және жылу жүйелерінің отын шығынын 45 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы үш магистральдық және ішкіорамдық жылу жүйелерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 3,6 миллиард теңге бөлінді. 2015 жылы электр қуатын өндіру көлемі 18 пайызға өсті (3,2 миллиард кВт/сағат), тұтыну 2,5 пайызға төмендеді (3,6 миллиард кВт/сағат). «Нұрлы жол» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары аясында электрэнергетика саласында 690 миллион теңгеден астам қаржының 15 жобасы жүзеге асырылды. Ал бұл – 275 жұмыс орны. Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС-на 745 миллион теңге бағытталды. Осы уақыт ішінде инвестиция көлемінің жеткіліксіз болуына байланысты компанияның негізгі қаражатының жарамсыздануы көлемі тиісінше 68 пайызды, ал желілік шығын деңгейі 17 пайызды құрады. Электр қуатын үнемдеу жұмыстары жалғастырылуда. Тараз қаласы мен облыс аудандарында қазіргі таңда 65 мыңнан астам (Таразда – 52 755, аудандарда – 10 215 бірлік) «АСКУЭ» коммуналдық қызметті есептеу құралдары орнатылған . Есепті жылда Тараз қаласының 13 көшесінде 264 миллион теңгенің электр қуатын үнемдеу шамдары орнатылуымен көшелерді жарықтандыруды жаңғырту 60 пайыз электр қуаты үнемделуіне мүмкіндік берді. Үнемделген қаржы есебінен жарықтандыруды қуат үнемдейтін шамдарға алмастыру жұмыстары жалғасуда. Тараз қаласы мен аудандар әкімдері қуат үнемдеуші технологияға жаппай көшу шараларын өткізу үшін қаржы көздерін іздестіруге тиіс. Табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейі әлеуметтік игіліктің құрамдас бөлігі болып табылады. Есепті кезеңде табиғи газды тұтыну көлемі 11 пайызға (1,21 миллион текше метрге) төмендеді. Бүгінгі таңда елді мекендердің 48 пайызы (150 елді мекен) немесе облыс тұрғындарының 60 пайызы (650 мың адам) «көгілдір отынды» пайдаланады. Өткен жылы жалпы құны 3 миллиард теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылды. Ағымдағы жылы тағы да Меркі ауданындағы 9 елді мекенді газдандыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін республикалық бюджеттен 278 миллион теңге қарастырылған. Тараз қаласының газбен қамту жүйелерін жаңғырту жұмыстары жалғастырылуда. Қазірдің өзінде 632 километрлік темір газқұбырлары полиэтилен құбырларға ауыстырылды. Оңтүстік Қазақстан облысынан «Еурохим Тыңайтқыш» компаниясының химиялық кешеніне және Жаңатас қаласына дейінгі магистральдық газ құбыры құрылысына арналған жобалық-іздестіру жұмыстары басталды (13,6 миллиард теңге). Жобаны жүзеге асыру 2017-2018 жылдарға жоспарланып отыр. Жалпы газ шаруашылық саласында жарамсыздану 66 пайызды құрайды. Осыған байланысты 2020 жылға дейін 1300 километрлік газ құбырларын (39 пайыз) алмастыру көзделген. Қазіргі уақытта облыстың төрт қаласындағы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілуі 82,8 (оның ішінде Тараз қаласында 87,1) пайызды құрайды. Ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған ауыз сумен 61 пайызы (228 елді мекен – 499,3 мың адам) қамтылған. Бұл елді мекендердің 75,5 пайызы қамтылған. Өткен жылы 2,6 миллиард теңге бюджет қаржысына 70 шақырымдық қалалық сумен қамту жүйелері салынып, қайта жаңғыртылды. Биыл Жаңатас қаласындағы 3 сумен қамту жобасын аяқтап шығу үшін облыстық бюджеттен 408 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қала тұрғындарының ауыз суды тәулік бойы пайдалануына да мүмкіндік бермек. Қаланың кәріздік жүйесін қайта жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінеді деп күтілуде. Сондай-ақ, Қаратау қаласында жалпы сомасы 525 миллион теңгеге сумен қамту және суды бұру жүйелерінің құрылыстары жоспарлануда. Бұдан басқа, екі моноқалада да республикалық бюджет қаржысы есебінен 4,7 миллиард теңгенің тазалау құрылғыларын қайта жарақтандыру көзделіп отыр. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында өткен жылы ауылдық елді мекендерде 8 сумен қамту нысанының құрылысы жүргізілді. Оның 7-еуі 2014 жылдан былтырға өткен, облыстық бюджет қаржысы есебінен тағы бір нысанның (Талас ауданының Ақкөл ауылында, 4-кезекте) құрылысы басталды. Ағымдағы жылы 1 миллиард теңгенің 3 сумен қамту нысаны (Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылының сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту, Талас ауданы Ақкөл ауылындағы сыртқы суқұбыр жүйесі мен Байзақ ауданы Дихан-2 ауылындағы суқабылдау құрылғысы мен құбыр жүйесінің құрылыстары) пайдалануға беріледі. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен – 752,1 миллион, облыстық бюджеттен 304,7 миллион теңге қарастырылған. Өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 94,0 миллиард теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысына инвестиция көлемі 6 пайызға (13,2 миллиард теңгеге) ұлғайды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 292 мың шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға артық. 2015 жылғы тұрғын үй пайдалануға беру жоспары 112,7 пайызға орындалды. Оның ішінде бюджеттік қаржы есебінен 38,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 9,3 пайызға артық. Есепті кезеңде кезекте тұрғандар үшін 12,6 мың шаршы метрлік тұрғын үй алаңы – көп пәтерлі 3 үй, жас отбасыларына арналған 1 үй (6,4 мың шаршы метр) және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі бойынша несиелік 3 үй (19,3 мың шаршы метр) пайдалануға берілді. Қазақстандық ипотекалық несиелеу компаниясы желісі бойынша жалпы алаңы 16,7 мың шаршы метр болатын 3 үй іске қосылды. Осы тұрғыда Тараз қаласының орталығында құрылыс жұмыстары 2005 жылы басталған Атшабар тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталғанын да атап өткеніміз жөн. Жаңа нысандар құрылыстарымен қатар, ескі үйлерді жөндеу мен жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша 874 миллион теңгеге 45 көп пәтерлі үй жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде, жөндеуді қажет ететін кондоминиум нысандарының үлесі 2,9 пайызға төмендеді. Ағымдағы жылы республикалық бюджетке Тараз қаласындағы 51 көп пәтерлі үйді жөндеуге 1 миллиард теңгеден астам сомада тапсырыс берілді. Аталған қаржы бөлінген жағдайда жөндеуді қажет ететін үйлер саны тағы да 3,3 пайызға төмендейтін болады. Автомобиль жолдары инфрақұрылымның маңызды буыны болып табылады. 2015 жылы бюджет қаржысына (7,2 миллиард теңге, 2014 жылы – 6,8 миллиард теңге) 300 километрден астам жергілікті маңызы бар жол мен елді мекендер көшелері жөнделді. Бүгінде облыстағы автомобиль жолдарының 74 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде. Мұның өзі жағдайдың 2014 жылмен салыстырғанда, 4 пайызға жақсарғандығына айғақ бола алады. Биыл аталған көрсеткішті 75,5 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа жету үшін автомобиль жолдарын жөндеу мен қалыпты ұстауға 8,4 миллиард теңге қарастырылған. Өткен жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының облыс аумағына тиесілі бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қордай асуын айналып өту телімінде өткізгіштік мүмкіндігін ұлғайту үшін жол қозғалысының екінші жолағының құрылысы (40 километр) басталды (мердігері «Казахдорстрой» ЖШС). Қоғамдық жолаушылар көлігінің жайы да маңызды міндеттердің бірі. Қазіргі уақытта облыс елді мекендерінің 90 пайызы (335 елді мекен) жолаушылар тасымалымен қамтылған. Жалпы, облыс бойынша жолаушылар тасымалдау көлемі 5,2 пайызға (929,5 миллион жолаушы) ұлғайды. Тараз қаласындағы халықаралық әуежайдың жолаушылар терминалын қайта жаңғырту аяқталды. Тараз, Жанатас қалалары мен Мойынқұм ауылындағы автобекеттер қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Биыл Аса ауылындағы автобекет іске қосылады. Әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын (Тараз–Шығанақ, Жаңатас–Жайлаукөл) субсидиялауға облыстық бюджеттен 12 миллион теңгеден аса қаржы (2014 жылы – 23,0 миллион теңге), қаламаңы пойыздарына (Жамбыл–Жаңатас, Шу–Отар және Шу–Мыңарал) тиісінше 293 миллион теңге бөлінді (2014 жылы – 256,0 миллион теңге), – деді Кәрім Көкірекбаев.
ауыл шаруашылығындағы жұмыстар ауқымды
Өткен жылы ісі алға басқан саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Облыс әкімінің айтуынша, былтыр өңіріміз осы салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Өнім өндіру көрсеткіші бойынша республикадағы алдыңғы орындардың бірінде екенбіз. Былтыр облысымыз ауыл шаруашылығы саласында 172 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 6,6 пайызды құраған. Яғни, есепті жылы саланы дамытуға бөлінген 7,4 миллиард теңге тиімді жұмсалған. Облыстың 14 миллион гектардан астам аумағының 72 пайызын тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісіне қолайлы алқаптар алып жатқаны белгілі. Жыл өткен сайын егістік және бау-бақша алқаптары ұлғайтылуда. Соның арқасында бос жатқан жерлер азайып, өндірілген өнім көлемі артуда. Өткен жылы ауа райының қолайлығынан масақты дәнді дақылдардың орташа түсімділігі гектарына 16 центнерден айналып, жалпы 466 мың тонна өнім алынса, көкөніс, бақша дақылдары 1,8 пайызға, картоп түсімі 1,5 пайызға артқан. Үш ауданда 143 гектарға үдемелі алма бақ отырғызылған. Ал биыл бақ көлемін 150 гектарға жеткізу жоспарланып отыр екен. – Біздің өңір – қант қызылшасын өсіруге өте тиімді аймақ. Кезінде облыста 19 мың гектарға дейін қант қызылшасы алқаптары болған. Қант зауыттарын отандық шикізатпен толық қамтығанбыз. Ал қазір шикізат жетіспеуде. Сондықтан, биыл қант қызылшасын 6 мың гектарға егуді жоспарладық. Бұл үшін облыстық бюджеттен 420 миллион теңге қаралды. Франциядан біздің жерге бейім, өнгіштігі 85 пайыздан жоғары қызылша тұқымын және қажетті техника алмақпыз. Шу ауданында көкөніс кластерін құру бойынша Тасөткел магистральды каналының бойында тамшылатып суаруды енгізу үшін 76 миллион теңгеге ұзақтығы 26 шақырым электр желісі салынды. Сол аумаққа 1205 гектарға көкөніс, 990 гектарға бақша, 105 гектарға мал азығы дақылдары егілмекші. Сондай-ақ, құны шамамен 850 миллион теңгені құрайтын 2 көкөніс қоймасының құрылысы аяқталуда, – деп облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев саладағы істерді саралап берді. Су үнемдеу технологиясын енгізіп жатқан шаруалардың ілкімді ісін атап өтіп, жаңашылдыққа бет бұру көрші мемлекеттің су ресурстарына тәуелділікті азайтудың бірден-бір жолы екенін тілге тиек етті. Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған тірліктерді де баяндады. Мал шаруашылығындағы ілгері басқан істер де сөз болды. – Есепті жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 4077 мүйізді ірі қара сатып алынып, жоспар 102 пайызға орындалды. «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша шаруашылықтар 2300-ден аса жылқы, 25 мыңға жуық қой сатып алды. Сонымен қатар, 4950 малға арналған 4 бордақылау алаңы салынды. Жалпы, «Агробизнес-2020» бағдарламасы іске асырылғалы облысқа 2 мыңнан астам асыл тұқымды мүйізді ірі қара малы әкелінсе, 23 бордақылау алаңы салынғанын айта кету керек. Меркі ауданында «Агростан» серіктестігі малайзиялық кәсіпкермен бірлесе (Жаңазеландиялық жоба негізінде) 5 мың ұсақ мал және 200 жылқы бордақылау кешенін пайдалануға берді. Одан бөлек, тағы 3 мың ірі қара малды бордақылау кешені құрылуда. Алдағы екі жылда бұған 350 миллион доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Мойынқұм ауданында «Агрофирма Түрікпен» компаниясы 3 мың мүйізді ірі қара малды бордақылау кешенін және 5 мың мүйізді ірі қара малға репродуктор жобасын іске асыруда. Осы мақсатта Ресейден 900 қалмақ тұқымының мүйізді ірі қара малы және 1200 жылқы сатып алынды. Т.Рысқұлов ауданында «Шәушен» шаруа қожалығы қой санын 40 мыңға жеткізбекші. Және жылына 110 тонна қымыз өндіріп, бие сүті арқылы емдеу-сауықтыру орталығын ашпақшы. Қордайда «КазМитҚордай» шаруашылығы қолданыстағы мүйізді ірі қараны бордақылау алаңының сыйымдылығын кеңейтіп, 7 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Осындай шаруалардың ілкімді істерінің арқасында облыста биыл тәулігіне 40 тонна ет өңдейтін «Оңтүстік халал тағамдары» кешенін іске қоспақшымыз, – деп өңір басшысы ет және сүт өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Негізі өңірде Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 61-62- қадамдарын жүзеге асыру үшін бірқатар жобалар қолға алынғанын айта кету керек. Облыста сүт өңдеу жұмыстары жүйесін тапты десек, артық айтқандық емес. Соңғы екі жылда Жамбыл жерінде 32 сүт-тауарлы фермасы құрылуы – осы сөзіміздің дәлелі. Өткен жылы Шу ауданындағы «Айшот», Байзақ ауданындағы «Агали» шаруа қожалықтарында сүт өңдеу цехтары іске қосылыпты. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында осындай шағын цехтар ашылмақшы. Оларда күндігіне барлығы 45 тонна сүт өңделеді деп жоспарлануда. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзіндік пайдасы көп. Ең алдымен, нарықтағы импорттық өнімдер үлесі азаяды. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға септігін тигізеді. Негізі облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, былтыр Тараз қаласында 345 жәрмеңке өткізіліп, 1,5 миллиард теңгенің ауыл шаруашылық тауарлары сатылған. Осы мақсатта тұрақтандыру қорына республикалық және жергілікті бюджеттен 809 миллион теңге бөлінген. Кәрім Нәсбекұлының айтуынша, биыл жергілікті бюджеттен 697 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр екен. Қорды толықтыру үшін қосымша 220 миллион теңге бөлу мәселесі қаралуда.
Білім саласында серпін бар
Былтыр білім саласы үшін де табысты жыл болды. 2015 жылы облыстың білім беру жүйесін қаржыландыруға 75,5 миллиард теңге бөлініп, бірқатар апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін тапты. Балғындарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бағытында да көптеген шаралар атқарылуда. Жыл ішінде 14 балабақша, 7 шағын орталық ашылды. Оның 4-еуі жаңадан салынды. Биыл 5 балабақша пайдалануға берілмекші. – Бүгінгі күні облыс бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылу деңгейі 75 пайызға жетіп, 4,3 пайызға артты. Облыста жекеменшік мектепке дейінгі білім мекемелерін ашу жұмыстары жаңа екпін алуда. Егер 2010 жылға дейін облыста 2 жекеменшік балабақша болса, бүгінде олардың саны 38-ге жетті. Осы мектепалды білім мекемелерінде 3600-дей бала тәрбиеленуде. Өткен жылы 7,4 миллиард теңгеге 24 орта білім беру нысанының құрылысы жүргізілді, оның 13-і былтыр пайдалануға берілді. 974 миллион теңгеге 186 білім нысаны жөндеуден өткізілді. Жыл ішінде тозығы жеткен 9 мектептің мәселесі жаңа құрылыс есебінен шешілді. Ал биыл осындай 2 мектеп пайдалануға беріледі. 2016 жылға Ұлттық қордан қаржыландырылатын нысандар тізіміне 1 мектептің құрылысы енгізілді, 2 мектеп құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлінетін болады. Қалған 6 мектептің мәселесін алдағы екі жылда шешуді жоспарлап отырмыз, - деген Кәрім Көкірекбаев білім саласындағы қол жеткізген жетістіктерге тоқталып өтті. Білім мекемелерінің материалдық техникалық базасының нығайтылуы білім сапасын арттыра түсуде. Облыс оқушылары республикалық олимпиада мен ғылыми жарыстарда жеңіп, дүниежүзілік, халықаралық олимпиадалар мен жарыстарда көптеген медальдарға ие болды. Мектеп бітірушілердің Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда 6,2 балға жоғарылап, 78,6-ға жетті. Облыста Елбасы тапсырмасына сәйкес жастарға кәсіптік-техникалық білім беруде нақты жұмыстар жүргізілуде. Биылғы оқу жылында 10 жаңа мамандыққа мемлекеттік білім беру тапсырысы жасалды. Соңғы үш жылда дуалды оқыту жүйесі енгізілген колледждер саны 24-ке арттырылды.
Әлеуметтің әлеуеті қуантады
Денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Бұны саланы дамытуға бөлінетін қаржының көлеміне қарап, білуге де болады. Былтыр бұл салаға 41,4 миллиард теңге бөлінген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қаражат көлемі біршама артқан. Жалпы, өткен жылы 3 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 11 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 145 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Тараз қаласындағы 300 төсекке арналған көп бейінді қалалық аурухана, Меркі ауылындағы және Қаратау қаласындағы емханалар құрылысын аяқтау жоспарлануда. Осы нысандардың құрылысына ағымдағы жылы 7,2 миллиард теңге бөлініп отыр екен. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту әрқашан назарда. Былтыр жергілікті бюджет есебінен 1,2 миллиард теңгеден астам қаржыға 226 қажетті медициналық техника сатып алынды. Ал 36 миллион теңгеге 4 автокөлік алып, бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына берілген. Осының нәтижесінде дәрігерлік ұйымдардың жабдықталу деңгейі 68 пайызға жеткізілген. – Жыл санап облыста жекеменшік медициналық ұйымдар саны да көбеюде. Оның ішінде 2 кардиохирургиялық орталықты ерекше атап өткім келеді. Олар – С.Жошыбаевтың Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы және «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы. Cебебі жыл бойы жасалған кардиохирургиялық оталардың 61 пайызы - осылардың үлесінде, - дей келе Кәрім Нәсбекұлы облыстағы әлеуметтік-демографиялық жағдайға тоқталып, ана мен бала денсаулығын сақтау жолында атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып айтып берді. Дағдарыс кезінде әлеуметтің әлеуеттік жағдайын тұрақты ұстап қалу – маңызды. Сондықтан, бүгінде өңірлердегі өнеркәсіп орындарындағы жұмыс орнын қысқартпау мәселелері бойынша нақты шаралар қолданылуда. Соның нәтижесінде өткен жылдың 3 тоқсанында халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы 4,9 пайызға өскен. Ал кедейшілік шегінен төмен тұрып жатқан халық саны 35 пайызға азайған. Жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен облыстың 26 мыңнан астам тұрғыны қамтылды, оның ішінде 17,6 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. «Жұмыспен қамту жол картасының» барлық бағыттары жоспарлы түрде орындалуының арқасында есепті жылдың 3-тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған. – Ағымдағы жылы бағдарламаны қаржыландыру көлемі 3,5 есе ұлғайып, республикалық және жергілікті бюджеттерден 7,0 миллиард теңге бөлініп отыр. Жылдан-жылға ауылдық жерлерге жас мамандарды тартудың оң динамикасы байқалады. Соңғы 6 жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 2400-дей жас маман тартылып, оларды әлеуметтік көмекпен және тұрғын үймен қамтуға 2,4 миллиард теңге жұмсалды. Биыл 151 жас маманды ауылға жұмысқа орналастыру үшін 480 миллион теңге қарастырылды. Аудан әкімдері жас мамандарды жергілікті жерде әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерімен қамту жұмыстарын назардан тыс қалдырмауы керек. Есепті жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтар 1 миллиард теңгеден астам қаржыға қажетті әлеуметтік оңалту құралдарымен қамтылып, оларға әлеуметтік көмектер көрсетілді. Қордай ауылында 25 орындық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы іске қосылды. Бүгінгі дағдарыс кезеңінде әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі - жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын ашу болып отыр. Өткен жылы біз бюджет шығыстарын оңтайландырдық. Бұл бағытта 6,5 миллиард теңге үнемделді. Үнемделген қаржы әлеуметтік проблемаларды шешуге, оның ішінде жұмыспен қамтуға бағытталып отыр. Жұмыс орындарын сақтап қалу үшін облыстағы ірі мекемелермен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 307 меморандумға қол қойылды, -деген облыс әкімі басқа салалардағы қол жеткізген жетістіктерге тоқталды. Спорт майталмандарын шыңдау орталығы
«Біздің облыс спорт майталмандарын шыңдау орталығы десек қателеспейміз», – дейді Кәрім Көкірекбаев. Бұл сөздің жаны бар. Өңір спортшылары өткен жылы түрлі әлемдік, халықаралық және республикалық жарыстарда 1128 медальға ие болды. Жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев қазақ күресінен екінші рет «Қазақстан Барысы» атанды. Елдос Сметов дзюдодан Әлем чемпионатының биігін бағындырды. Зульфия Габидуллина - жүзуден Әлем чемпионатында Бразилияда өтетін Паралимпиадалық ойындарына жолдама ұтып алды. «Тараз» волейбол командасы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз болып, Супер Кубок иегері атанып, Жамбыл спортының беделін биікке көтерді. Бұл жетістіктер өскелең ұрпақты жігерлендіріп, спортқа келуіне жол ашатыны сөзсіз. Облыс әкімі осындай пікірде. Жалпы, Шу қаласынан 450 миллион теңгеге замануи үлгідегі спорт кешенін салып, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасайтын Кеңес Одағының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Цхай секілді азаматтар барда жамбылдық спортшылар үлкен жарыстарда олжа салуын тоқтатпайды деп ойлаймыз.
Баспана – басты мәселе
Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы жылға және орта мерзімге арналған экономикалық саясаттың нақты шараларын айқындағаны белгілі. Жиында экономикалық саясаттың басты бағыттары ретінде қазақстандықтарды тұрғын үймен қамту, шағын және орта бизнес нысандарына инфрақұрылым тарту, апатты мектептерді жою және халықты жұмыспен қамту мәселелері атап көрсетілген болатын. Бұған қажетті қаржы Үкімет қорынан бөлінбекші. – Тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін 360 миллиард теңге бөлініп, оның ішінде 53 миллиард теңгесі жалдамалы тұрғын үй құрылысына, 149 миллиард теңгесі несиеге берілетін баспанаға, ал 22 миллиард теңгесі салымшыларды несиелендіруге үлестірілетін болды. Жеке құрылыспен айналысушыларды қолдау үшін 97 миллиард теңге, жаппай тұрғын үй салынатын жаңа аудандарға инфрақұрылым тарту үшін әкімдіктер арқылы 61 миллиард теңге бөлінбек. Ұлттық қор қаражатының есебінен «Нұрлы жол» бағдарламасында биылға қарастырылған инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге 78 миллиард теңге беріледі. Соның 28 миллиард теңгесі апатты жағдайдағы мектептерден және үш ауысымдағы оқытудан келесі жыл аяғына дейін толық арылу үшін 42 жаңа мектептің құрылысын салуға бағытталмақ. Бұдан басқа, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы ая
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді