Олжалы оралған оғландар

Олжалы оралған оғландар
ашық дереккөз
Олжалы оралған оғландар

  Ресейдің Хабаровск қаласында өткен Кеңес Одағының Батыры Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирде екі қазақ бокшысы үздік шықты. 75 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Жәнібек Әлімханұлы финалдық жекпе-жекте ирандық Арагидалг Яхангирді ұтса, Нұржан Бекзатов (91 келіден жоғары) венгриялық Иштван Бернаттан басым түсті. Финалға шыққан қалған төрт спортшының да қанжығасы бос қайтқан жоқ. Жалпы, біздің былғары қолғап шеберлерінің еншісінде 4 күміс және 3 қола медаль бар. Финалдық кездесулерінде Жомарт Ержан ресейлік Василий Егоровқа, Әділет Құрметов қытайлық Ли Чунг Лиге, Айдар Әмірзақов ресейлік Виктору Миргородқа, Дәурен Елеусінов Еуропа чемпионы, ресейлік Никита Ивановқа жол берді. 56 килограмм салмақта өнер көрсеткен Ержан Ордабаев, 69 килограмм салмақта сынға түскен жерлесіміз Сағадат Рахманқұлов және 91 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Антон Пинчук жарысты қола медальмен аяқтады. Бұл турнирге 17 елдің 71 былғары қолғап шебері қатысқан болатын. Жалпы командалық есепте шаршы алаң иелері бірінші орынға шықса, екінші орын Қазақстан құрамасына бұйырды. Үздік үштік қатарында Әзірбайжан құрамасы да бар.

Ардақ Үсейінова,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар