Сарысу – аймақтағы соңғы жылдары экономикалық-әлеуметтік дамуы жағынан тың серпіліс жасаған аудандардың бірі. Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында ауыл шаруашылығын қайта құрылымдау жүргізілуіне байланысты нақты нәтижелерге де қол жеткізе бастағаны белгілі. Өткен жылы ғана ресейлік «Еурохим Тыңайтқыш» компаниясына қарасты кәсіпорын фосфор өндірісін дамытудың бірінші кезеңін сапалы аяқтап, кен байыту фабрикасын іске қосты.
Аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаевтың «Ауданның 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2016 жылғы міндеттер» туралы есебіне қала және аудан жұртшылығы, мекеме, ұйым басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, атқарылған жұмыстарға қанықты. Әрине, әңгіме өндіріс орындарының жұмысын саралаудан басталды. Өйткені әлемді жайлаған дағдарыс кезінде экономиканы өрге сүйрейтін де осы сала. – Өткен жылдың қаңтар-желтоқсаны аралығында өнеркәсiп кәсiпорындары 3345,3 миллион теңгенiң өнiмдерiн өндiріп, оның жалпы физикалық көлем индексi өткен жылмен салыстырғанда 115,2 пайызды құрады. Өсім кәсіпорындардың қалыпты жұмыс жасауының есебінен қамтамасыз етілді, – деді баяндамашы. Өткен жылы негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 16,6 миллиард теңге болып, 2014 жылдың тиісті кезеңінен 8,4 пайызға артқан. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі өзіндік қаражаттар 4,4 миллиард теңгені, шетел қаражаты 11,3 миллиард теңгені, бюджет қаржысы 864,7 миллион теңгені құраған. Инвестициялар салымының көлемі негізінен «Еурохим Тыңайтқыш» ЖШС есебінен өсіп отыр. Есепті кезеңде ауданда 6,2 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліпті. Жыл қорытындысы бойынша бөлшек сауда тауар айналымы 928,4 миллион теңге болып, мұның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,8 пайызды құраған. Жалпы, ауыл шаруашылығы бойынша есепті кезеңде өндiрiлген өнiм 7,6 миллиард теңге көлемінде болыпты. Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 2,9 миллиард теңгенің өнімдері өндірілген. Гектар қайтарымы масақты дақылдарда – 15, майлы дақылдарда – 5,5, жүгеріде 65,25 центнерден айналып отыр. Барлығы 6525 тонна астық жиналып алыныпты. Биылғы жылдың өнімі үшін 2650 гектар жер жыртылып, оның 1300 гектарына күздік бидай егілген. Былтыр 134 шаруашылық құрылымдарына 53,5 миллион теңге субсидия төленгені, мал шаруашылығы бойынша 4,7 миллиард теңгенің өнімдері өндірілгені де жетістік ретінде аталып өтілді. Мал басында және өнімінде тұрақты өсім сақталып отыр. Есеп беріліп отырған кезеңде мүйізді ірі қара – 17,7 мың, қой-ешкі – 213,7 мың, жылқы – 5,2 мың, түйе 1,9 мың басқа жеткен. Ауылдық тауар өндірушілер мал өнімдерін сәтімен үйлестіру арқылы 6,7 мың тонна ет, 5,7 мың тонна сүт, 495,7 тонна жүн дайындалуына қол жеткізіпті. «Саудакент КС» ЖШС арқылы өткен жылы аудандағы 14 шаруа қожалығына мал басын өсіруге 64,6 миллион теңге несие берілген. Бір шаруа қожалығы – «Сыбаға», алты шаруа қожалығы – «Алтын асық», үш шаруа қожалығы «Құлан» бағдарламалары бойынша қомақты несие алып, қораларындағы мал басын едәуір көбейтіпті. «Тәуекел» шаруа қожалығының «Алтын асық», «Жарасбек ата» шаруа қожалығының «Құлан» бағдарламалары бойынша несие жобалары биыл қанағаттандырылатын болды. «Ырыс» бағдарламасы аясында Игілік елді мекенінен 50 бас сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын ашуға «Алатау-Фруттис» ЖШС-мен меморандумға қол қойылған. Бұл жоба биыл іске асатын болады. Сондай-ақ, 3 шаруа қожалығына 6 шаруа қожалығының жер телімдері қосылып, ірілендірілген. Бұл істің шаруалар тарапынан ілгерілей бастағаны аңғарылады. Жыл қорытындысы бойынша құны 115,4 миллион теңгеге жалпы көлемі 4435 шаршы метр болатын 33 тұрғын үй жеке сектор есебінен пайдалануға беріліп, 2014 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1,2 пайызға артқан. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында бірінші тетік бойынша 30,0 миллион теңгеге, екінші тетік бойынша 50,0 миллион теңгеге барлығы 6 көп қабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Баяндамашы, сондай-ақ әлеуметтік салалардағы атқарылған жұмыстарға да жан-жақты тоқталды. Білім саласындағы жетістіктер мен олқылықтарды сөз етті. Мәдениет, спорт саласында ілгерілеушілік бар екен. – Елді мекендердің инфрақұрылымы жақсара түсуде. Әлі де болса шешімін күткен проблемалар жеткілікті, – деді әкім. Олар: жаңа индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде инновациялар тарту, ауыл шаруашылығын ірілендіру, асыл тұқымды мал өсіруді жүйелеу, жер қатынастарын тиімді пайдалану сияқты қадау-қадау жобаларды жүзеге асыру. Жарыссөз барысында байқадамдық Жанат Жұмаділдаев пен жаңатастық Асылбек Қасымбековтер тарапынан аудан халқы «көгілдір отынды» қашан тұтына алатындығы жөнінде сауалдар қойылды. Б.Жайлыбаев бұл сұраққа табанда жауабын да берді. Оның айтуынша, газ желісін өңірге жеткізу мәселесін «Еурохим Тыңайтқыш» компаниясы шешу үстінде екен. «Тоғызкент» ЖШС-ның директоры Қ.Әбдімәліков Талас, Аса өзендерінің суын пайдаланудың көңіл көншітерлік еместігін жеткізді. Аудан әкімі қос өзенді тиімді пайдалану үшін арналардың тазартылғанын мәлімдеді. Облыстық су шаруашылығы мекемелерінің уәделеріне қарағанда осы жылдың 15 ақпанынан бастап екі өзеннің суы аймаққа жіберіле бастайды. Түркістан ауылдық округіне қарасты Арыстанды ауылының тұрғыны Ж.Дәндібаев ауыз су мәселесінің толық шешілмей отырғандығын сөз етті. Ал саудакенттік Н.Есмұхановты Байқадам–Ақкөл, Жаңатас–Саудакент жолдарының сапасыз жөнделуі алаңдатады екен. Жаңатастық Қ.Жандарбеков өңірдегі екі алып кәсіпорынға жергілікті жастардан мамандар даярлау мәселесін қозғады. Есеп беру жиынын қорытқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты ойларымен бөлісті. Әлемді жайлаған дағдарысқа қарамастан, Елбасының сара саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық салалардағы оң өзгерістердің жалғасын таба беретініне тоқталды. «Жаңатастағы 280 орындық балабақша мен Досбол ауылындағы 50 орындық мектеп үйінің құрылыс жұмыстары басталмақ. Жайылма ауылында 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория да бірер жылдың төңірегінде бой көтермек. Жаңатас қаласындағы ішкі кварталдық ауыз су құрылғысының жұмысын биыл анықтау көзделіп отыр. Облыстық мәндегі жолдарды орта жөндеуден өткізуге де қаржы қарастырылып отыр», – деген Бекболат Серікбекұлы аудандағы шаруашылық құрылымдарының басшыларын «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша несие алу жұмыстарын одан әрі жемісті жалғастыра беруге шақырып, мемлекеттің қаржысын өз орнымен жұмсаудың маңыздылығын атап өтті. Аудан әкімінің қызметіне оң бағасын берген Б.Орынбеков, барлық табыстың кілті адал еңбек пен ел бірлігінде жатқандығын баса айтты.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді