Шу ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде аудан әкімі Рүстем Дәулет халықпен кездесіп, өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша атқарылған ауқымды тірліктер мен алдағы жоспарлар жөнінде қорытынды есебін берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке және ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Ержан Жылқыбаев қатысты.
Аудан әкімі өзінің есебінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы аясында қарастырылған ауданның 2015 жылғы стратегиялық жұмыс жоспарлары мен бюджеті ауқымды істерді атқаруға бағытталғанын атап өтті. Мәселен, ауданда есепті жылы өндірілген өнімнің жалпы көлемі 58 миллиард 510 миллион теңгені құраған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 30 миллиард 149,6 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Құрылыс жұмыстарына 4 миллиард 596,6 миллион теңге жұмсалған. Аудан басшысы өз сөзінде ауданда жүзеге асып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті. «Kaz Ir Agro», «Бірлік Энерго», «А&Т Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бойынша 74 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауданда 2751 агроқұрылым жұмыс істеп тұр. Егін шаруашылығы бойынша күздік бидай – 14000, жаздық арпа – 13287,5, дәндік жүгері – 1026,5, майлы дақыл – 15621, қант қызылшасы – 1450, картоп – 876,6, көкөніс – 7115,6, бақша дақылдары 6000 гектарға орналастырылған. Тамшылатып суару әдісін 10 шаруашылық, жаңбырлатып суаруды 2 шаруашылық қолданысқа енгізген. Ауданда 28739 бас мүйізді ірі қара, 274586 бас қой мен ешкі, 10213 бас жылқы, 64 бас түйе және 73900 бас үй құстары бар. Осы орайда, мемлекеттік «Агробизнес–2020» бағдарламасы оңды нәтиже беруде. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 562 бас сиыр, 26 бас бұқа алынып, жоспар 107,9 пайызға орындалған. «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша да жоспар ойдағыдай жүзеге асып отыр. Кәсіпкерлік көкжиегі жылма-жыл кеңею үстінде. Ауданда 5812 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Олар 17077 адамды жұмыспен қамтып отыр. Есепті жылда жұмыспен қамту орталығы арқылы 71 мүгедек жұмысқа орналасқан. Ауданда 25 орындық «Мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту» орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, «әлеуметтік такси» қызметі ұйымдастырылады. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының 1-бағыты бойынша 48039,0 мың теңгеге 5 мектеп және аудандық емхананың жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 20 адам жұмысқа тартылған. Ал 2-бағыт аясында 49 азаматқа 104,1 миллион теңге шағын несие берілсе, бағдарламаның 3-бағытының көмегімен соңғы екі жыл бойы оқуға жіберілген 35 жас маман әртүрлі мамандықтар бойынша кәсіптік оқуды тәмамдаған. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында есепті мерзімде 14 маманға қолдау көрсетіліп, оларға 1 миллион 942,4 мың теңге көлемінде көтермеақы беріліпті. 27 маман тұрғын үй сатып алу үшін 80 миллион 271 мың теңге бюджеттік несиеге қол жеткізген. Р.Дәулет ауданның түрлі салаларында қордаланған мәселелерге де жан-жақты тоқталды. Денсаулық сақтау саласында 41 мекеме, ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Ауданда 160 дәрігер, 626 орта буынды медицина қызметкерлері бар. Бүгінде бұл маңызды салаға маман жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отырғаны белгілі. Шу ауданының емдеу мекемелеріне де 23 дәрігер қажет. Сондай-ақ, ауданда 49 мектеп, 23 балабақша, 10 мектептен тыс мекеме, 1 педагогикалық-медициналық кешен жұмыс істеп тұр. Аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан 1120 оқушы жалпыға бірдей оқумен қамту қорынан тегін тамақпен қамтылып отыр. Аудандағы демографиялық көрсеткіш жыл сайын өсуде екен. Оған дәлел – 2014 жылы 1-6 жас аралығындағы бала саны 8061 болса, 2015 жылы 8477-ге жеткен. «Балапан» бағдарламасы аясында былтыр 25 орындық екі шағын орталық ашылыпты. 2014-2015 оқу жылында 1004 оқушы мектеп бітіріп, 564-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Нәтижесінде орташа балл 74,65-ті, білім сапасы 66,72 пайыз көрсеткішті құрапты. «Алтын белгіге» үміткер болған 29 оқушының 10-ы ғана үмітті ақтаған. Мәдениет саласы да ұдайы назарда. Бүгінде аймаққа қарасты 21 Мәдениет үйі мен клубтар, 27 кітапхана жұмыс істеп тұр. Есепті жылы мәдениет нысандарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 30 миллион 385,4 мың теңге, ал материалдық-техникалық базаны нығайтуға 16 миллион 458 мың теңге бөлінген. Ауданда 197 спорт нысаны бар. Олардың арасындағы 3 спорт мектебінде спорттың 10 түрімен 1102 оқушы шұғылдануда. Аудандық бюджеттен аудандық деңгейдегі спорттық шараларды өткізуге, облыстық жарыстарға аудан құрама командасын қатыстыруға 4 миллион 723 мың теңге бөлінген. 2015 жылы Тараз қаласында қазақ күресінен өткен Қазақстан чемпионатында №30 спорт мектебінің оқушысы Қайсар Ысқақов чемпион атанса, Қытайдың Тайпей қаласында бокстан өткен жастар чемпионатында №31 спорт мектебінің оқушысы Ләйлә Құсайынова күміс жүлдеге ие болыпты. Тұрғындардың жиын сайын көтеретін мәселесі – жол жөндеу. Есепті жылы аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге 315 миллион 727 мың теңге бөлінген. Республикалық бюджет есебінен Шу қаласындағы Сейфуллин көшесінің 9 шақырымы 107 миллион теңгеге жөнделген. Ауданда орталықтандырылған жылу жүйесімен – 11, электр қазандықпен – 4, жеке қазандықпен – 36 және 29 мекеме пешпен жылытылады. Осы орайда, мектептерге 8 миллион 123 мың 800 теңге бөлініп, жаңа 9 қазандық, 7 миллион 300 мың теңгеге 7 мектепке генераторлар орнатылып беріліпті. Жалпы, ауданда 18329 аула бар. Бүгінде Шу қаласы мен 4 елді мекендегі 4793 аулаға газ тартуға мүмкіндік туған. Оның газға қосылғаны – 1505 үй. 3257 ауламен келісімшарт жасалған. Ендігі кезекте биыл Төле би, Көктөбе, Қонаев, Бірлік, Бірлікүстем ауылдарын және Шу қаласының Жайсаң, Алға, Жанқұлиев тұрғынжай алқаптарына газ тарту жоспарланып отыр екен. Көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен есепті мерзімде 136,1 миллион теңге бөлініп, ол толық игерілген. «Өңірлерді дамыту–2020» бағдарламасымен ауылды жерлерді жарықтандыру, абаттандыру тағы басқа жұмыстарға 59,3 миллион теңге бөлінген. 18 миллион 800 мың теңгеге Төле би ауылында Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған мемориалдық кешен және 10 миллион 500 мың теңгеге Шу қаласында Сәду Шәкіровтің ескерткіші бой көтеріпті. Аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы жыл сайынғы әкімдердің халық алдында есеп беруі маңызды әрі жауапты іс екендігін де атап өтті. 2014 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша есеп беру жиындарында халықтан 105 ұсыныс түскен. Аудан әкімі аппараты ұсыныстар бойынша тиісті іс-шаралар жасап, 34 мәселе бақылауға алынған. Бүгінде оның 22-сі шешімін тауыпты, 12 мәселе тұрақты бақылауда. Әкімнің есебінен соң кездесуге келген көпшілік көкейдегі сұрақтары мен ұсыныстарын алға тартты. Мәселен, Қонаев ауылында дәрігерлік амбулаторияның ескіргендігі, Тасөткел ауылындағы ұялы байланыс сапасының төмендігі, Шу қаласындағы және кейбір елді мекендердегі электр қуатының әлсіздігі, Шу қаласындағы Жамбыл мектеп-гимназиясы ғимаратына жөндеу жұмысының қажеттігі, Көкқайнар ауылындағы ағын су мәселесі сөз болды. Сондай-ақ, «Эко Табиғат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есмахан Жиенбеков Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әр округте әр отбасы 25 түп ағаш отырғызса деген ұсынысын айтып, бастама аудан әкімі тарапынан қолдау тапты. Өзге де сауалдарға баяндамашы тиісті жауаптар беріп, аудан тұрғындары әкім есебіне оң бағасын берді.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді