«2015 жыл еліміз үшін тарихи жыл болды. Бұл жылы ауданда талай мәселелердің түйіні тарқатылып, оң шешімін тапты. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаhандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауында ұсынған 5 институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына мойынқұмдықтар да лайықты үлестерін қосуда» деп бастады аудан әкімі Бақытжан Нүркенов өзінің аудан жұртшылығы алдында берген есебін. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ержан Жылқыбаев және облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысып отырды. Әкімнің қорытынды есебінен ауданда атқарылған жұмыстар біршама екеніне көз жетіп, көңіл сенді. Жұртшылық өкілдері де көкейлерінде жүрген сауалдарына тиісінше жауаптар алды.
Аудан бойынша былтыр экономикалық қызмет түрлері бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 38213,6 миллион теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға артқан. Оның ішінде нақты өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 30823,1 миллион теңгені құрап, 2014 жылдың деңгейінен 7,1 пайызға өскен. Пайдалы қазбаның мол қоры бар ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы да жылдан-жылға жанданып келеді. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі өткен жылы 27795,8 миллион теңгені құрап, сәйкес мерзім деңгейінен 11,7 пайызға артып отыр. Аудан бойынша республикалық индустриялық картаға енгізілген жалпы құны 51,9 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба қазіргі таңда жемісті жұмыс істеуде. 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында және инвестиция тарту барысында жалпы сомасы 2290 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жоспарланып, аймақтық индустриялық қартаға енгізілген. Мирный ауылындағы Шолпан стансасында «Казгранит» ЖШС қолға алған жобаның жылдық қуаты 30 мың шаршы метр брусчатка, 6 мың шаршы метр гранит блоктар өндіруге (ақшаға шаққанда, 462 миллион теңге болады) есептелген. Жоба 2015-2018 жылдар аралығында жүзеге асырылып, тұрақты 40 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ақсүйек ауылында орналасқан «Ер-тай» ЖШС жалпы құны 1,2 миллион теңгені құрайтын, Ақсүйек байыту фабрикасын жаңғырту арқылы гравитациялық байыту фабрикасына айналдыру жобасын іске асыруда. Мыңарал ауылдық округі Қашқантеңіз ауылында орналасатын «Тенардит» ЖШС күшімен жалпы құны 890,0 миллион теңгені құрайтын Қашқантеңіз кен орнында сульфат натрий мен техникалық тұз өндіретін, келешекте сульфат натрийдің А, В маркасын және йодталған тұз шығаратын зауыт құрылысы жобасы жоспарланып отыр. «Бұл аудан қойнауының құтқа толы екенін дәлелдейді», – деп атап өтті аудан әкімі. Ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар бар. Сала өнімдерінің жалпы көлемі биылғы жылдың 1 қаңтарына 3677,6 миллион теңгені құрап, орындалу көрсеткіші 105,8 пайызды көрсеткен. Оның 2511,4 миллион теңгесі – мал шаруашылығы, 1166,2 миллион теңгесі өсімдік шаруашылығы салаларының үлесінде. Ауыл шаруашылығын ірілендірудің 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша Мойынқұм ауылындағы «Үркер» ШҚ – 8, Бірлік ауылындағы «Мадуар» ШҚ – 7 шаруа қожалығын біріктіру арқылы іріленген шаруа қожалықтарын құрмақ. Ауданда өсімдік шаруашылығы саласына ауа райының қолайсыздығына тәуелсіз тамшылатып суару тәсілі қолданылуда. Есепті баяндамада да былтыр аудандағы Кеңес ауылында «Ақ ниет» шаруа қожалығы 2 гектар алқапқа көкөніс егіп, тамшылатып суару тәсілін пайдаланып, 22 тонна қызанақ және 4,5 тонна қияр өндіргені айтылды. Мұндай маңызды технологияны аудан көлемінде өндіріске енгізіп, 5 гектар алқапты игеру, 5 гектар алқапқа алма бақ отырғызу және Мойынқұм, Бірлік ауылына 3 тонналық сүт жинайтын танкер қою биылға жоспарланып отыр екен. Қысқа мал азығын дайындау бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырмасына сәйкес аудан бойынша 68800 тонна орнына 83600 тонна шөп дайындалған. Сонымен қатар, аудан шаруашылықтары өткен жылы лизинг есебінен 8 МТЗ-82, жеке қаржы есебінен 3 МТЗ-82 тракторлары сатып алынған. Басқа да бірқатар техникалар жаңартылыпты. Осы орайда аудан әкімі бұл көрсеткіштің әлі де аздық ететінін, алдағы уақытта шаруа қожалықтарын ірілендіріп, техника санын көбейту керектігін тілге тиек етті. Ветеринария саласында 2015 жылға арналған «Эпизоотияға қарсы іс-шараларға» 69,8 миллион теңге бөлініп, ол толығымен игеріліпті. Жануарлар дүниесін қорғау мекемесі жоспарланған 656 шақырым жерге өртке қарсы жолақтар жүргізіп, 300 гектар алқапқа сексеуіл көшеттерін отырғызыпты. 160 гектар жерге механикалық әдіспен күтім жасалынған. Ауданда биыл барлығы 928 шағын және орта кәсiпкерлiк субъектi тіркелген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының 1 бағыты – «Жаңа бизнес бастамаларын қолдау» бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл тұрғыда Шығанақ ауылының кәсіпкері «ЖК Асылов Тұрсынхан» жұмыс істеп тұрған кемпингке қосымша жүк тасымалдайтын көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығын ашуға 9 миллион теңге несие алған. Орталықтың жеке бөліктерінің құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аудандағы 26 елді мекеннің бүгінгі таңға 15-і немесе 60 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылып отыр. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде өткен жылдың 12 айында өтініш берген жұмыссыздар саны 929 адам болса, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылғандары – 917 адам, жыл соңында ресми тіркелгендер саны – 187 адам. Былтыр 40 жаңа жұмыс орны, оның 7-еуі – салалық бағдарламалар, 33-і шағын және орта бизнес саласы бойынша ашылған. «Ауданның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі – еңбек пен елдіктің жемісі», – деген аудан әкімі алдағы уақытта аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында жүйелі жұмыс жасай беретіндігін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Уалихан Жайлау, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді