геологиялық барлау экспедициясының бір
Газет редакциясына түрлі мәселемен бас сұғып, базынасын айта келетін оқырмандар күнделікті табылып жатады. Солардың бірі – еңбек ардагері Жақыпназар Әшірәлиев. Қарт геологтың басылымға ат басын бұруының өзіндік себебі бар екен. Бүгінде облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосып, өңірдегі үлкен өндіріс орны саналатын «Амангелді газы» кен орнының қанат жайып, дамып келе жатқанынан хабардар ақсақал сонау 1961 жылы әріптестерімен осы жерасты байлығын алғаш анықтағандарын айтуға қайырылыпты.
Ақсақал сөзін былайша өрбітті: «1961 жылы қазіргі Жаңатас қаласының орнында Бүркітті деген поселке болатын. Біз, кен орнын барлаушы бір топ геолог, сол маңға қоныстандық. Басты мақсатымыз қазіргі Талас ауданына қарасты Үшарал ауылы аумағынан газ-мұнай барлау болатын. Бас геологымыз Біргебай Мамыраев есімді азамат болатын. Өз ісіне берілген мұндай маманды мен осы күнге дейін еш жерден кездестірген емеспін. Қай аумақтың да әрбір тасына дейін мән беріп, өз зерттеулерін соңына дейін жеткізуші еді. Ол бір қазіргідей емес, техника атаулының тапшы кезі еді ғой. Сондықтан зерттеуге жіберілетін тастарды қапқа салып, арқалап таситынбыз. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының маңындағы Тоғыз деп аталатын стансада орналасқан зертханаға апарып тапсырушы едік. Зерттеу нысанына айналған жерді әбден зерделеген Біргебай бір күні бәріміздің басымызды қосып: «Осы жерден газ шығады, мұнай шығады. Оның қызығын сендер көрмесеңдер де, балаларың көреді әлі. Осыдан қараңдар да тұрыңдар!» – деді. Ол өз болжамдарында көп қателеспейтін. Сөйтіп жүргенде 1966 жылы алғаш рет жер астынан бұрқ етіп газ шықты. Бұл уақытқа дейін Біргебай Мамыраев аталған кен орнын кеңінен барлап, ашу керектігі туралы ұсынысын айтып, Мәскеу жаққа талай барып қайтқан болатын. Алайда, ол жақтан геологтың жұмыс нәтижесін еш қанағаттандырмады. Тек алғаш газ шыққан кезде ғана оны ашушы азамат ретінде орыс ұлтының өкілін ұсынып, құжаттап берді. Соншама қара жұмысын мойымай көтеріп, ізденімпаздығы мен біліктілігінің арқасында кен тапқан азаматтың еңбегі елеусіз қалып қойды. Біргебай «Амангелді газы» кенінің орнын зерделеу барысында ол жердің тастарын Каспий теңізінің тастарымен салыстырып отыратын. Ол бұл жерде 40-50-100 метрге дейін қаратікен тұзы, содан кейін газ, ал оның астында мұнай бар екенін үнемі айтып отыратын. Бүгінде аталған кен орнының кең қанат жайып дамып келе жатқанына куә бола отырып, сол кездегі замандас геологтың көрегендігіне қалайша қайран болмайсың?!». 1985 жылдан еңбек ардагері Жақыпназар ақсақал тағы бір қызықты дерекпен бөлісті. 1966 жылы Мойынқұмның мол жерасты газ қоры барын алғаш анықтап, ашқандарына қатты толқыған барлаушылар аталған жерде мал бағып отырған қойшымен қуаныштарымен бөлісіп, оның есімін сұрайды. Шопанның аты-жөні Амангелді Бекежанов екеніне қаныққан газ барлаушылар «Олай болса бұл кен орны сенің атыңмен «Амангелді» аталады» деп уәде беріп кетеді. Міне, содан бері аталған газ кеніші орны қарапайым малшының есімімен аталып келеді.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
мүшесі Жақыпназар Әшірәлиев
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді