Құсбегі Жапар Сатылғанов 18-20 ақпанда Таразда өтетін ел құсбегілерінің «алтын қыран жезқанат» додасында дүниежүзілік құсбегілер ұйымын құрмақшы
Құсбегілік – қазақ ұлтының төл спорты әрі өнері. Бұл тақырыпқа қалам тербегенде, өзіңді әсем табиғат аясында, тымық ауаны жұтып, саятшылық құрып жүргендей сезінетінің де сондықтан. Бабалардан мирас болып қалған өнер бүгінде түрленіп, жалғасын тауып жатқанын көргенде, жаның жадырай түседі. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп жырлаған хәкім Абайдың сөзін берік ұстанған құсбегі Жапар Сатылғанов құсбегілікті дамытуға барынша үлес қосып жүргені жұртқа мәлім.
«Қауырсын құсбегілер» клубын құрған ол – ілгеріден өз ісінің шебері. Мәселен, 1978 жылы облыста өткен мерекелердің бірінде «Қауырсын құсбегілер» клубының мүшелері атшабарда қолына құс қондырып, шеру жасаған. Бұл қаны қызу қазақ жастарының жігерін жаныған. Сол жылдары «Қауырсын құсбегілер» клубына әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген хат келіп түскен. Құсбегінің айтуынша, қазақ даласында алғаш құрылғандықтан болар, ол кезде клубтың жанашырлары мен қызығушылары көп болған. Шынында да кеңістікте еркін самғап өскен қыранды қырық күнде дегеніңе көндіру – бұл халқымыздың мықтылығы. 1989 жылы Алматы қаласының орталық стадионында Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Франция, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғыз елінің құсбегі-саятшылары қатысқан үлкен «Бүркіт тойы» өткен болатын. Қазақ топырағында тұңғыш ұйымдастырылған бұл бәсекенің жоғары дәрежеде өтуі Жапарға жүктеліпті. Шара тартысты әрі қызыққа толы болса керек. «Атақты құсбегі Шәкеннің баласы Ахметтің бүркіті сайыс кезінде қолыма құсымды ұстап жүрген маған келіп түсіп, санымды жаралап кетті. Мұны елеп жатқан ешкім жоқ, қызықтан-қызыққа тап болдық. Әбілқақ құсбегінің баласы Ұланның жұдырықтай қаршығасы қоян алып көпшілікті таңғалдырғаны естен кетпейді», – дейді құсбегі. «Бүгінгі құсбегіліктің көрермені аз. Сондықтан болар, тірі аңды қолдан қашырып, шоу жасап жүрміз. Бұл әрекетімізді халықаралық ұйымдар қолдамайды. Құсбегіліктің Отаны қазақ даласы болғандықтан, дәстүрлі спорт түрін дамыту үшін бізге арнайы шатырлы, қозғалмалы стадион салу керек. Сонда ғана біз құсбегіліктің иесіміз деп ауыз толтырып айта аламыз» дегенді алға тартты ол. Ата-бабадан мирас болған құсбегілік кәсіпке Жапар жайдан-жай келген жоқ. «Шу, Талас бойын жайлаған ұлан-ғайыр өңірде менің әкем Тілеужан Сатылғанұлы құсбегі ретінде танылған. Әкей жал-жал құмның жабындысына ұя салатын «Қазықтының жалғызы» деген атқа ие шөл бүркітін көптің көзіне түсе бермейтін қалтарысқа ұстап баптайтын. Қысқасы, құсбегілік жолға әке қанының қасиетімен келдім», – дейді құсбегі. Әкеге тартып туған кейіпкеріміз құсбегілік жолға түскеніне еш өкінбейді. Себебі, қазіргі таңда «Экспо-2017» халықаралық көрмесі тақырыбының өзі «Болашақтың энергиясы» деп аталуы тегін емес. Яғни, барлық әлемді жасыл экономикаға бет бұрғызып, тылсым табиғатты аялауға шақыруда. Құсбегілік өнердің табиғатқа тигізер еш зияны жоқ. Қазақ ежелден көктеп келе жатқан жердегі көктің өзін баспаған. Ал қазіргі таңда керісінше көктемнің кезінде аңшылық жасауды әдетке айналдырып алдық. Теледидардан қорланған қасқырды, буаз аңды атып салатындарды жиі көретін болдық. Осылайша табиғатқа, яғни, жасыл экономикаға зиян келтірудеміз. Егер тазы немесе бүркіт бабында болса, сол аңды алып қалған. Ал ала алмаса аң өз жолымен кете барған. Міне, бұл – дұрыс ұстаным. Бүркіт баптауды жанына серік еткен Жапардың жолы әу баста жеңіл бола қойған жоқ. Әсіресе, қазақтың құсбегілік өнері кеңестік жүйе кезінде қиындыққа тап болды. Сондай аумалы-төкпелі шақта қисынын тауып, құсбегінің жеткен жетістіктері жетіп артылады. Азияда алғашқы боп «Қауырсын құсбегілер» атты клуб құрады. 1980 жылдары «Қауырсын – табиғат достар клубы» атты құсбегілікті насихаттайтын кітап жазады. Республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты, 2013 жылы Астана маңында өткен халықаралық «Бүркітшілер» фестивалінің бас төрешісі, АҚШ-тағы «Ханкинг» саятшылар клубының мүшесі. Құсбегілік өнердің өрістеуіне зор үлес қосып жүрген Жапардың жұртқа айтар жақсы жаңалығы да бар. Орта Азияда тұңғыш Жамбыл жерінде құрылып, шетел мойындаған «Қауырсын құсбегілер» ұйымының құрылғанына биыл 35 жыл толыпты. Осыған орай Тараз қаласында ақпан айының 18-20 жұлдызында ел құсбегілерінің «Алтын қыран жезқанат» атты додасы өткізілмек. Ұлттық мұрамызды ұлықтау жолында киелі Жамбыл жерінде өткізілетін бұл байқаудың қазаққа берері көп. Додада құсты тек аңға салу емес, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттап, адам мен табиғат достығын аша көрсетіп, киелі Тараз қаласында Дүниежүзілік құсбегілер ұйымын құру басты мақсатқа айналып отыр.
Уалихан Жайлау, «Ақ жол». Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді