Жамбыл ауданында былтыр жалпы, өндірілген өнім көлемі 63 миллиард 901,9 миллион теңгені құраған.
Өнеркәсіп өндірісі бойынша 10 миллиард 598,7 миллион теңгенің өнімі өндірілген. «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі республикадағы отандық мұнай өнімдерін өндірушілер реестріне енгізілмегендіктен, кен орындарынан зауытқа шикізат 3 есе қымбат бағамен өткеріліп жатқан көрінеді. Бұл жағдай өнімнің өзіндік құнына және өткізілген өнім көлеміне кері әсерін тигізен. Сондықтан, аталған зауытты отандық мұнай өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар реестріне енгізу мәселесі қолға алынуда. Алдағы мамыр айында зауыттағы тұрақтандыру телімі мен тығыздалған газ сақтау қоймасының құрылысы аяқталса, сауда нарығында сапасы жақсартылған өнімге сұраныс жоғары болады деп күтілуде. Аталған инвестициялық жоба іске асқан жағдайда, кәсіпорынның өнім өндіру көлемі кеңейе түсетін сыңайлы. Сонымен қатар, кәсіпорын 100 мың тонна мұнайды қайта өңдеу мақсатында қытайлық «Джунда» консорциумымен келісімшарт жасасқан. Осы мақсатта тереңдетілген мұнай өңдеу учаскесінің құрылысын жүргізу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселесі қарастырылуда. Көпшілікті қуантқан бір жағдай, қазіргі таңда әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамастан, зауытта еңбек ететін 401 адамның ешқайсысының да қысқартуға ілікпегендігі болып отыр. Алдағы уақытта Бектөбе ауылындағы «Оңтүстік халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинатын іске қосу және Көлқайнар ауылдық округі аумағынан «Aса-DAMU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасын салу көзделіп отыр екен. Халал тағамдар стандартына сәйкес тәулігіне 40 тонна ет өнімдерін шығару мақсат етілген комбинаттың құрылыс жұмыстарына 85 адам тартылыпты. Жоба толық іске қосылғанда 153 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта 65 адам жобаның құрастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, 2016-2018 жылдары Бектөбе ауылындағы «КазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің гипс зауытын соғу, «Жасыл экономиканы дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде Түрксіб ауылындағы «Көгенхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100 МВт-тық күн электр стансасының құрылысын да жүзеге асыру жоспарға еніпті. Бұл мәліметке облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың қатысуымен өткен аудан әкімі Мәден Мұсаевтың аудан тұрғындарына берген қорытынды есебінде қанықтық. Мәден Тоқтарбайұлының айтуынша, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, денсаулық, білім, мәдениет, спорт салаларына бөлінген тиісті қаражаттар да толық игеріліпті. Жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндаған аудан әкімі жол, құрылыс саласы мен салық, бөлшек және көтерме саудада, негізгі қорға инвестиция салу жайында ашып айтып, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламалары бойынша да маңызды ақпараттар берді. Бюджеттің игерілуі жөнінде шешіле сөйлеген аудан әкімі «Былтыр ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 19 миллиард 775 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,1 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендірудің 2013-2020 жылдарға арналған облыстық бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін аудан бойынша 1287 майда шаруашылықтарды ірілендіру жоспарланған болса, өткен жылы 25 шаруашылыққа 183 майда шаруашылықтар біріктірілген. Ірілендіру жұмыстары бағдарламаның 2-ші және 4-ші бағыттары бойынша, яғни 100 гектарға дейін жері бар майда және орта агроқұрылымдарды тұрақты экономикалық даму әлеуетіне ие шаруашылықтардың маңына және «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының құрамында бюджет қаржысы есебінен құрылатын шағын машина-трактор стансалары төңірегінде топтастыру көзделген. Егін шаруашылығы бойынша 11 миллиард 69 миллион теңгеге өнім өндірілген. – Биыл 1200 гектар қант қызылшасын егуді және әр гектарынан 300 центнерден өнім алып, 36 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарымызда бар. Осыған орай қант қызылшасын егетін шаруашылықтар мен егіс көлемінің тізбесін жасап, оларды техника, тұқым, жеңілдетілген жанармай, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етіп, бірінші кезекте оларды судан зарықтырмау мәселесі қолға алынып отыр. Тағы бір айта кетер жайт, ауданда жалпы көлемі 14,2 гектарды құрайтын 283 жылыжай бар. Сонымен қатар, Қаратөбе ауылдық округінде «Азамат» шаруа қожалығы 1 гектар жерге бірыңғай жылыжай кешені құрылысын салып, өз жұмысын бастады,–деді аудан басшысы. Есепті жиында әкімге тұрғындар елдік мүддені көздейтін сауалдар жолдап, белсенділік танытты. «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-ның бас директоры Мырзабай Бекназаров Мәден Тоқтарбайұлының атқарған жұмыстарына көңілі толатынын жеткізіп, өзі басқарып отырған кәсіпорын халық мұқтажын өтеу жолындағы ілгері істерге демеушілік танытудан танбай келе жатқанын, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің ғимараты тым ескі әрі сынып бөлмелері тар екенін жеткізе отырып, аталған ауылға заманауи жаңа білім нысанын салу қажет екенін алға тартты. Жалпақтөбе ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Хаби Бибол өз ауылының ештеңеге мұқтаж емес екенін жеткізе отырып: «Бүгін біз куә болып отырған есепті кездесу басшы үшін де, халық үшін де маңызды. Бұл, анығын айтқанда, халық пен биліктің ортақ мүддені бірігіп шешуіне арналған басқосу. Ашық пікір, тамырлы әңгіме осы жерде айтылады. Мен осы жиынға халық аманатын арқалап келіп отырмын. Қала маңында қатарлас қоныстанған бірнеше елді мекеннің тұрғындары бір-бірімізбен етене араласып тұрамыз. Әсіресе, ақсақалдар жиі бас қосып, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін сұрасып, ортақ мүдделер жайында сөз қозғаймыз. Көрші ауылдарға барып-қайтып жүргенде бір байқағаным, Пригородное және Ақбұлым ауылдарының сумен қамтамасыз ету жүйесі жаңалауды қажет етеді. Осы Пригородное ауылында жаңадан су құбырын жүргізіп, Ақбұлымда ауыз су жүйесін қайта жаңғырту қажеттігін ауыл тұрғындары қинала айтып келеді. Бүгін мына мінберді пайдаланып, сол тұрғындардың өтінішін жеткізуді жөн көрдім. Екі ауылдағы ауыз су мәселесі толық шешімін тапса деген тілегім бар», – деді. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Аса ауылының тұрғыны Жақсылық Сәлемов «Тараз–Аса» бағытындағы жол Талас, Сарысу ауданын айтпағанда, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауыр жүк көліктері жиі жүретіндігінен тез тозатынын айтып, жолды мердігерлердің сапалы етіп жөндеуіне ықпал етуін сұрады. Сонымен қатар, Бесағаш ауылдық округі аумағында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Жамбыл филиалының директоры Ерлан Күлкеев: «Ауданымыз бұрын балтамыр өсірумен аты шықса, қазір осы дәстүр орта жолда үзіліп қалды. Ендігі жерде тәтті түбірді өсіру үшін арнайы техника мен жаңа технологияға көшу қажеттігін бүгінгі заман талабы туындатып отыр. Ал техниканы сатып алайын десек, оның пайыздық ставкасы өте жоғары болып отыр. Сол үшін бағаны жеңілдету мәселесіне назар аударуыңызды өтінемін»,– деді. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов аудан әкімінің есебіне оң бағасын беріп, «Нұрлы жол» және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындау, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жұмыспен қамтуды және іскерлік белсенділікті қамтамасыз етуге, экономиканы одан әрі әртараптандыруға айрықша назар аударды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді