Қазақстан құрама командасы шағын футболдан кәрі құрлықты таңғалдырды
Қарт құрлықтағы Сербия астанасы Белградқа қазақстандық шағын футбол шеберлері ат басын бұрғанда «дебютанттар Еуропа чемпионатында не бітіреді. Біз оларды қалақпен ұрып аламыз» деп, ұлттық құраманы анық аутсайдер санағандар енді естерін жия алмай жатыр.
Иә, Қазақстан құрама командасы бұл доданың басты сенсациясына айналды. Егер өрендеріміз топтық кезеңде Ресейден жеңісті жұлып алғанда финалға қиналмай жетер ме едік? Өйткені, топтан озған тарлан командаға екінші деңгейлі ұжымдар қарсылас атанады. Қош, сонымен алаңда жасындай жарқыраған Дінмұханбет Сүлейменов, Серік Жаманқұловтар Еуропа басылымдарын дүр сілкіндірді. Ширек финалда азулы Италияны терең «нокаутқа» жіберген кезде біздің жігіттерге букмекерлік кеңселер мүлде сенбеген. Сосын, жартылай финалда атағы алысқа кеткен Испанияға қарсы алаңға шықтық. Сәтсіздік болды. Қақпаны күзете жүріп, қарсыластың қорғаныс шебін бұзып өтіп, қақырата соққы жасайтын Игита алаңға шықпады. «Әттең тонның келтесі-ай» дедік. Игита болғанда бәрі басқаша болуы ықтимал еді ғой. Испанияға жол берген соң қола жүлде жолындағы жанталас басталды. Андердог, яғни аутсайдер статусына еті үйреніп кеткен ұттық құрама ұландары алаң қожайындарын абдыратып тастады. Жергілікті жанкүйерлердің айқай-шуы да Сербияға сеп болмады. Егер олар қазақ тілін білгенде «Амалым қанша?» әнін орындар ма еді?.. Алаңда алмас қылыштай жарқ-жұрқ еткен қазақ елінің мақтаныштары ойынның небәрі он тоғызыншы минутында есеп ашты. Дугластың шиырап тепкен добын Сербияның қақпашысы көзбен шығарып салудан басқа амалы қалмады. Бұдан соң жамбылдық жампоз Серік Жаманқұлов мергендігімен көзге түсіп, таблодағы есепті еселеді. Үшінші гол Дугластың еншісінде. Мұнан соң кезек ұлттық құраманың қақпашысы Игитаға тиді. Ол да бір голдің авторы атанды. Жігіттердің соққан голдарының түйінін Дуглас түйіндеді. Есеп 5:0 болған кезде есімізге әйгілі «Аргентина – Ямайка 5:0» әні түсе бергені сол еді, алаң иелері екі гол соғып, абыройларын сақтап қалды. Түйіп айтқанда, Еуропа командалары Қазақстаннан кәдімгідей қаймығатын жағдайға жетті. Жаманқұлов бастаған жарау аттай жампоздар қарт құрлыққа қазақ елінің қайратын көрсетті. Дебютанттан қола жүлдеге дейінгі жорық осылайша түйінделді. Алда болатын әлем чемпионатында да жерлестеріміз шартарап жанкүйерлерінің басын шайқататынына сенімдіміз!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді