«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Австрия мен Литваның арасы

Австрия мен Литваның арасы
ашық дереккөз
Австрия мен Литваның арасы

немесе студенттік өзін-өзі басқарудың батыстағы беделі қандай?

Редакцияға келген жігіт Тараз қаласынан ұзай алмайтын шығармын деп оқушы күннен бері өз мүмкіндігін шектеп жүріпті. Тіл білу оның көкжиегін кеңітті. Мектеп қабырғасынан кейін ТИГУ оқу ордасына құжат тапсырып студент атанған. Бір күні ағылшын тілін білетін студенттердің арасында «TEMPUS-STUDIK» халықаралық бағдарламасы шеңберінде Австрияға және Литваға тәжірибеден өтуге конкурс жарияланды. Самғар Қайратұлы есімді экономика факультетінің студенті ағылшын тіліндегі сынақтан сүрінбей өтіп, жолдаманы ұтып алады. Болашағынан үміт күттірер жас экономист – 19 жаста. Хәкім Абай жиырма бесінші қара сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр... Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» депті. Кешегі орыс тілінің жүгін бүгін ағылшын тілі көтеріп тұрғанын қазақ жастары уақтысында түсінгені көңілге қуаныш ұялатады...

DYcKi0U3bEs– Самғар, Австрияның астанасы Венада, Литваның Каунас қаласында тәжірибеден өтіп, не үйреніп қайттыңыз? — Ағылшын тілінен сынақ тапсырып, «лотереядан» жолдама ұтып алғандай болдым. Содан Алматы – Стамбул, Стамбул – Вена бағытында Австрияға ұштық. Венада «BOKU» табиғи ресурстар және қолданбалы ғылымдар университетінде, Каунаста Александраса Стульгинскис атындағы университетте «Студенттік өзін-өзі басқару» тақырыбында өткен түрлі конференция, семинар, тренингтерге қатыстық. Студенттік өзін-өзі басқару Еуропа университеттерінде мықты жолға қойылған. Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарында студенттік өзін-өзі басқару сөз жүзінде ғана... – Еуропалық стандарт бойынша студенттік өзін-өзі басқару дегеніміз не? Неге біздің оқу орындарымызда басқарудың осы түрі кенже қалып қойған? – Жауабым – қарапайым, оқырманға қызық емес болып көрінуі мүмкін. Вена – 100 мың студенті бар Батыстағы екінші білім астанасы. Бір қаланың өзінде 100 мың студент болса, студенттік өзін-өзі басқару қалай дамымайды? Басқарудың бұл түрі: студенттің тұлғалық белсенділігін қалыптастыру, университетке қатысты мәселеде шешім қабылдау және жүзеге асыру ісіне кірісу, студенттердің құқығын қорғау, студенттерге заңда рұқсат етілген әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізуіне көмектесу, ректораттың білім-ғылымға қатысты шешімдерінің мөлдірлігін талап ету. Еуропада студенттік партиялар да бар. Партия президенттері керек болса, облыстың және қаланың да мәселесіне араласа алады (егер студенттік өмірге қатысы болса). ХХІ ғасыр ғылым ғасыры болған соң әлемнің әр түкпірінде студенттердің саны күрт артып келеді. Қоғамда қай әлеуметтік топ көп болса, билікке онымен санасуға тура келеді. – Студенттік өзін-өзі басқару қай елде, қашан, қалай пайда болды? – ХІІ ғасырда Еуропада (Италия, Франция, Испания) интеллектуалды жоғары мектеп қалай пайда болды, басқарудың осы түрі солай дүниеге келді. Себебі ғылымға жаны құштар студенттер табиғатынан көшбасшы болуға ұмтылады. Кеудесінде сәулесі бар адам өзгеге масыл болмай, мәселені қалағанынша шешкісі келеді. Менің ойымша, «университет» термині ескірген. Одан кейін жаппай «студент» термині адамның «менін» тұншықтырады. Студент – жалқау, дайын курсовой мен дайын дипломды сатып алушы ретіне көз алдыма елестейді. Профессорлар факультетіне қарай, егер тұлға соған лайық болса, «сен экономиссің, сен заңгерсің, сен дәрігерсің» деп атағаны дұрыс. Таңғалатыным, ескіріп кеткен нәрселерден арылуға қорқамыз ба, әлде жаңашылдық бойымызды үрейлендіре ме – түсіне алмай-ақ қойдым. Ескіні лақтырып тастау – жоғалту емес, жаңашылдықты сіңіру – заман талабы. Ректор термині латынның «rector» сөзінен шыққан. Ол – университет көшбасшысына, менеджерлік қабілеті барға, шешімді тез қабылдайтынға телінетін атақ. Декан термині латынның «decanus» сөзінен шыққан. Ол (он басы) он студентке басшылық жасайды. Орта ғасырдағы осы терминдер әлі келе жатыр. – Өз ойыңызды жеткізуге әбден машықтанып алыпсыз... – Өз ойыңды нақты, түсінікті жеткізу – студенттік өзін-өзі басқарудың бірінші сапасы. Екінші сапасы – тәрбие. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім адамзатты апатқа ұшыратады». Үшінші сапасы – студентке тікелей қатысы бар мәдени, әлеуметтік және басқа да сұрақтар бойынша дербес шешім қабылдауға дағдыландыру. Төртіншісі – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға, кәсібилігін шыңдауға, максималды түрде өзін-өзі жетілдіруге баулу. – Еңбек нарығында бакалаврдың бәсекеге қабілетті болуына не көмектеседі? – Студенттік өзін-өзі басқару дегеніміз – балабақша, мектептен соң үлкен өмірге қадам басқан тұлғаның іргетасын дұрыс қалауға септесу. Әр оқу орнының ішкі ережесі болады. Сол ереже тұлғаның еркін білім алу арнасына қайшы келмесін. Мәдени шеңберде өзін еркін ұстауына қайшылық туғызбасын. Қоғамда қандай әлеуметтік топ оны қызықтырса, сол ортаға бейімделуіне тосқауыл болмасын. Пифагор «шабыт болмаса, есепті де шығара алмайсың» дегендей, студенттің білімді шығармашылық тұрғыдан қабылдауына ойдан-қырдан ережелерді құрастырып, кедергі болмау керек. Осы кезде қателік кетсе, студент ертең еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болады. Студентті еңбек нарығында бәсекеге қабілетті қылатын факторлар – мамандығына қатысты саланы терең меңгеру, көпшілікпен тез тіл табыса алу, тындай білу және өз ойыңды жеткізе білу, шешендік қабілетті шыңдау, жаңашылдыққа құмарту, жанжақтылық, ең бастысы – ағылшын тілін меңгеру. – Вена, Каунас қаласындағы оқу орындарында студенттер ортасындағы президентті қалай сайлайды екен? – «BOKU» университетінде өзім куә болған жайды мысалға келті­рейін. Джеймс есімді жігіт студенттер арасында президент болып сайлану үшін дауыс берушілерге арнайы Рок концерт ұйымдастырып берді. Кандидатуралардың арасында бәсеке жақсы қалыптасқан. Қаржыны қайдан алды дейсіз ғой? Студенттік өзін-өзі басқару партиясы ортақ қордан қаржыландырған. – Студенттік партия коммерциялық ұйым емес, кандидаттарды қалай қаржыландырады? – Қаржы не оқу орны тарапынан бөлінген, не болмаса ақылы түрде оқитындардың төлем ақысынан 0,5 пайыз көрсеткіште жарна жиналған. Сіз оны айтасыз, мысалға Польшаның астанасы Варшавадағы студенттік өзін-өзі басқару ұйым мүшелері қаланың орталығында екі қабатты ғимаратта жұмыс жасайды. Жұмыс орны болған соң ол жерде персоналға айлық төлейді, оргтехника болады, ресурстық шығындар... Варшава университеті ұйымға жыл сайын 2 миллион злота (Польша ұлттық валютасы) аударады. Бүгінгі курс бойынша бір злота – 90 теңге, 2 миллион злотаны теңгеге шаққанда, 180 миллион теңге. Жеке ғимаратта отырғанымен олар оқу әкімшілігіне ұйымдастырған іс-шараның шығыны мен басқа да есеп-қисапты беруге міндетті. – Енді өзіңіз оқитын универси­теттің ғылыми-зертханалық базасына, студенттік өзін-өзі басқару жүйесіне тоқталсаңыз. – «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Кенже қалған деп жоғарыда айтып өттім. Байқасаңыз, Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарының ректорлары ғылымға емес, құрылысқа көп мән беретін секілді. Корпустың сыртын бояп, терезелерін ауыстырып, шатырларына кірпіш қалап, қосымша аудитория ашуға келгенде, алдарына жан салмайды. Бәсеке ғылымда емес, аудитория санында секілді. Жекеменшік болған соң студенттер саны көп болсын дейтін шығар бәлкім. Сол қаржыны зертханалық базаға салса студенттердің де ғылыммен айналысуына мүмкіндік болар еді. Әйтпесе, жалаңаш аудитория, бор үйкелген тақтаға телмірген студенттен еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман шығуы екіталай... Ең қарапайым нәрсе студенттердің киім ілетін гардеробы болмағаны аянышты. Егер бізде студенттік өзін-өзі басқарудың сарқыншағы бар болса, осыны неге ректоратпен ақылдасып шешпейді. Бізде оқу әкімшілігінің студенттермен санаспауы – студенттердің өз кемшілігі. Ойымызды жеткізуге жүрексінеміз, талап қоюда табандылық танытпаймыз. Литва. Каунастағы Александраса Стульгинскис атындағы университет қаладан бес шақырым қашықтықта, қалың орман арасында орналасқан. 4 кампусты (корпус). Студенттер жатақханамен қамтылған. Кітапханасы өте бай. Кино, театр залы бар. – Самғар, экономика факультетінің студенті болған соң ендігі әңгімені шамамызға қарай Австрия және Литва елінің экономикасына бұрсақ. Ол жақта не дамыған? Қанша дегенмен экономиканың арнайы пәндерін оқыдыңыз ғой... – Австрия мен Литва дамыған мемлекеттердің тізімінде тұр. Дамыған елдер индустриялық және ғылыми техникалық жаңғыру кезеңін басынан өткерген, экономикада, мәдениетте және саяси-әлеуметтік құрылымда едәуір жоғары деңгейге қол жеткізген. Австрияның экономикасы Еуропа мемлекеттерінің ішінде 6-орында. Ал Литваның экономикасы 24-орынға тұрақтаған. Екі елде де шикізатты өндеу базасы мықты дамыған. Химия, мұнай, электроника, жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу өндірісі қарыштап кеткен. Әлсіз тұстары импортталатын мұнай мен газға тәуелді. Еуропа болған соң ол жақта туризм ел экономикасына әжептәуір пайда әкеледі. – Енді туризм саласына ойыссақ... – Литва Балтық жағалауындағы үш елдің бірі болған соң қалалардан анау айтқандай хайтек үлгісіндегі биік ғимаратты кездестіре алмайсың. Каунас – қызылды-сарғылт кірпіштен қаланған, архитектуралық ансамблі «ретро» қала. Литвада 263 қонақ үй, 1036 мейрамхана, 579 көңіл көтеру орталығы бар. Балтық елі болғандықтан, онда орыс тілі кәдеге жарайды. Австрия географиялық орналасуы бойынша Еуропаның орталық тұсында болған соң бұл елдің 70 пайызын Альпі тауы басып жатыр. Өзен-көл көп, биік шырша мен қарағайлар көп, туристі баурап алады. Әсіресе, тау шаңғы курорты менмұндалап тұрады. Шіліңгір шілдеде шаңғы теуіп қайтуға болады, барсаңыз өкінбейсіз. Австриялықтар, жалпақ тілмен айтқанда, Альпі тауын «еміп», күнін көріп отырған ел. – Олар туризмді қалай дамытты? Туризм саласының ел экономикасына әсері бар ма? – «Не ексең, соны орасың» деген қағида ғой. Әлбетте, туризмге аямай инвестиция салған соң, жетістікке қол жеткізіп отыр. Австрияның туризм саласы ел экономикасындағы жылдық табыстың 9 пайызын құрайды. Әсері болғанда қандай? Жергілікті кәсіпкерлер туризмді айналдырып, түрлі сервистік қызмет түрлерін жетілдіріп, мейрамхана, қонақ үй ұсынып, пайда тауып, дәулетке кенеліп отыр әрі халықты жұмыспен қамтамасыз етуде. – Туризм саласы да тірі ағза секілді емес пе, оның тозып кетпеуі үшін олар не істейді? – Австрияда саяси және экономикалық тұрақтылық бар. Туризмнің дамуына табиғи орта өте қолайлы. Инфрақұрылымды үздіксіз дамыту – күн тәртібіндегі жұмыс. Осы саланың нағыз мамандарын олар әлем бойынша іздеп тауып, мықты менеджерлермен жұмыс жасайды. Бұл елде еңбекке жарамды әрбір бесінші адам туризмнен нан тауып жүр. Австрия әлем бойынша туристер жиі аялдайтын елдің ондығына кіреді. – Сіздің ойыңызша келешекте облысымыз туристік орталыққа айнала ала ма? – Ми далаға құбыр тартып Лас-Вегастай бетон мен шишадан қала салған АҚШ-тың қолынан келген дүние біздің қолдан неге келмейді? Облысымыз Алатау мен Қаратау, Талас пен Шудың ортасында жатқан жоқ па? «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» дәлізі табанымыздың астында жатыр. Жуалыдағы Көксай шатқалының өзі не тұрады? Көрші жатқан екі өңірге ортақ «Ақсу Жабағылы» қорығына мамандарды тартса, шаңғы тебуге арналған жолдарды салуға болады емес пе? Құрылысы жұмбақ, іргесі орта ғасырда қаланған Ақыртас кешені бар. Тараздың өзінде Төрткүл, Көне Тараз ашық аспан мұражайы турист тартуға дайын нысандар. Елбасымыздың бес институционалды реформасы сәтті жүзеге асса, бәрі жақсы болады деп ойлаймын... – Екі елдің тіл мәселесі жөнінде не айтасыз? – Елбасымыз «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айтып кеткендей, Қазақстандағы жоғары оқу орындары 2017 жылдан бастап сабақты ағылшын тілінде өтуге біртіндеп көшеді. Дұрыс қадам. Өз басым ағылшын тілін білгендіктен Еуропада тәжірибеден өтіп келдім. Австрия халқының саны – 8,5 миллион. Негізгі тіл – австриялық неміс тілі. Көзі ашық студенттерінің 90 пайызы ағылшын тілін меңгерген. Балтық жағалауындағы ел ана тілінде сөйлейді. Халық саны – 3 миллионға жуық. Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болу үшін ағылшын тілін ақылы түрде болса да үйрену әрбір жастың міндеті деп ойлаймын. Неге десеңіз, Елбасымыз Астананы әлемдік қаржы орталығына айналдыруға талпынып жатыр. Қаржы орталығында қатынас құралы ағылшын тілі болады деп ескертті де. Тіл дегеннен шығады, егер Тараз қаласы туризм орталығына айналғысы келсе, жастардың кем дегенде 50 пайызы ағылшын тілін меңгеруі тиіс. Тіл білмесең, туристер келмейді. – Әңгімеңізге рахмет.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар