«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аспантаудың алдаспан ақыны

Аспантаудың алдаспан ақыны
ашық дереккөз
Аспантаудың алдаспан ақыны

«Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім, қырға шығып ырысқа кенелмеспін» деп жырлаған Мұқағали Мақатаев – шын мәнінде де әулие ақын. Әулиелік, сөз киесі туралы ой қозғағанда біздің ойымызға орыстың ірі ақыны Николай Гумилевтің түсіндегі аян орала береді. Орыс ұлтының маңдайына біткен тағы бір ұлы ақыны, жары Анна Ахматоваға best ph.d. dissertation түсінде 3 және 5 сандарын көргенін айтып, 35 немесе 53 жаста бақилық болатынын баян еткенде ақын жүрегі әлденені түйсіне қойғанын, білгенін сезінеміз. Әрине, өзіңнің ажалыңды болжау деген әсте қиын жағдай ғой. Мұқағали Мақатаев та өзінің өлімін тап басып айтқаны мәлім. «Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде» дейді алдаспан ақын... Иә, «Жоқ, дәрігер, орнатпа басқа жүрек, басқа лүпіл жасама, басқа леп, қалай айтам бүлінген жүрегімді, білдірмей доқтыр алып тастады деп». Қарасаздың қайсар ұлы осылайша тебіренді, тербелді. Жүрегіне жүк артты. Алайда, жасымады, Алатаудай асқақ болмысын аласартқан жоқ. Сөздің киесін баршаға ұқтырып, қырықтың бесеуінде жүрегін жер қойнауына табыстады. Өзіне берілмеген Мемлекеттік сыйлық атаулыңыз көзі кеткен соң өлеңіне берілді. Бұл да қазақтың селқостығынан ғой... Өлеңі өмір сүріп келеді.

Біз бұған дейін биік болмысты ақынды әр қырынан жаздық. Ұлылардың ол туралы естеліктерін еске салып, күнделігіндегі сырларымен бөлістік. Енді өлеңдерімен тілдесіп, мұңдасып, сырлассақ дейміз... Жалпы, ұлы ақындардың нәзік жанды ақындарға мұң шағуы бізде ғана кездеспейді. Дегенмен, Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға» атты өлеңін оқысаңыз, жүректі әлдебір тылсым күш билеп алып, жанарыңызға жас үйіріле берері сөзсіз. Иә, бұл жырды ешкім бөгет болмайтын жерде, оңашада, жан баласы жаныңа жуықтамайтын тұста оқуың керек, бірнеше рет қайталап оқудың да артығы жоқ... «Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз, бірімізден-біріміз арылармыз, біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз» немесе «Жанарымды тұманмен тұмшаладым, серіппесі үзіліп тұр садағым, жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын, ауырлар деп ойлап па ем, мұнша халім...» деген шумақтар ше?.. Неге қазақтың алып ақыны қазақтың жігітінен дос таба алмады екен? Ауыр сауал... Жо-жоқ, Мақатаевтың ер-азаматтан достары болмады емес, болды ғой, болды... Қайғы мен мұң торлаған, тұман жапқан ақын жүрегін жылытуға сол кездегі замандастары неге жарамай қалды?.. Жүрекке салмақ түсіретін сауал. Ол шақ материалдық байлықтан мәселе туындамаған кез ғой. Алайда қазақ ақындарының замандас көңілін аулап, рухани үндестіктің үстемдік құруына қол ұшын бере алмағаны бәлкім күндестіктің басым болғанын аңғарта, нықтай түсетіндей... Әрине, өз сөзіміз – өзіміздікі. Дегенмен, жалқы ой соған жетелесе, айтпасқа амал нешік... «Нұр жауып тұрған көктемде, Гүл тере барсаң бөктерге, Қоңыраулатқан аспанды, Найзағай шаншып өткенде, Есіңе мені алғайсың...».

Әрқашан сағыныштың сары табындай, сары алтынындай нәрлі, мәнді осы бір өлең, ән жолдары жүректің қылын шертері сөзсіз. Пейзажбен бейнеленіп, бедерленіп келіп, адам бойындағы ностальгиялық сезімді қозғап жіберетін бұл әннен адам психологиясындағы нәзіктікті, махаббатты байқай түсеміз. Ғасыр ақыны сөзбен сурет сала отырып, «Есіңе мені алып тұр», «Есіңе мені ал» демейді. Жәй ғана «Есіңе мені алғайсың» деп толғанады. Осы бір екі ауыз сөзде қаншалықты іңкәрлік, ізеттілік, мейірімділікпен қоса ақынның мінезі жатыр десеңізші. Мұқаң – «Әдебиет – ардың ісі» деген ұғымды бәрінен биік қойған ақын. Мәселен, ақиық ақын «Сол түні» атты өлеңінде:

«Сен куә, Аршалы сай, сол түні мен, Аққуға тұзақ салып өлтіріп ем. Сол түні неге мені аяп қалдың, Жаңадан ауызданған бөлтірік ем...

Қара түннің ішінде қара бақтың, Атар таң, келер күнге қарамаппын. Тағдырдың өзі берген махаббатты, Тәрк етіп мәңгілікке жаралаппын... Аршалы сай! Неғылған көркем едің! Сол түні неге мені өртемедің? Сол түннің қияметін есіме алсам, Сенен де, өзімнен де жиіркенемін», –

деп өзінің қателігін табиғат бейнелерімен сабақтастыра отырып жеткізеді. Қазір әдемі сезімді қорлап алғандар әдеби әлемде толып жүр. Оларыңыз оны мақтан етіп, эротикалық сипатта суреттейтінін қайтесіз. Тылсым мен табиғатты, махаббат пен балалық қателікті байланыстыра отырып, өзекті өртер өкінішті осылайша жырлауы ше?! Мұқағали Мақатаевтың туындылары жұдырықтай жүректі дүр сілкіндіріп, алас-күлес күй кештірері хақ. Әсіресе, адам психологиясын, қазақтың аңқылдақ менталитеті мен сенгіш көңілін, балажандылығын, жүрегінің нәзіктігін суреттейтін трагедияға толы туындысы – «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы. Алдымен бұл туындыдағы көз алдыңызға керемет бейнені, дерексіздікті дерекке жарататын жаңалық теңеуіне тоқталайық. «Сусып түсіп, су моншақ арқасынан, Қарайды ана шыршаның қалқасынан». Әлбетте, осы жолдағы «су моншақ» теңеуі ерекшелік екені анық. Шынында да, қарт Каспийге барып, аққудың мойнын созып тұрып, сілкіп жібергендегі көрінісінің өзі әдеміліктің символы секілді. Сол кезде кеңістіктен маржандай болып құрлыққа төгіліп түскен тамшылар соншалықты көзге байқала да бермейді. Әрине, шашырап түскен тамшылар аққудың кербездігі, сұлулығы арқылы да бізге сондай әдемі көрінері ақиқат. Бұл тамаша көріністі жазбай таныған, байқаған ақын осылай суреттемесе, кім суреттер еді дейсің... Содан соң әлдебір тәуіптің «көріпкелдігіне» иланған кейуананың көл қасиеті, аққуға мылтық атқан сәті қандай аянышты, қорқынышты еді...

«Шошымай шолжаң өскен батырларың, Ана отырған шыршаға жақындады. Көзі тұнған бейбағың топ аққуға, Білмей қалды мылтықтың атылғанын... Ию-қию көл маңы астаң-кестең, Жер айналып, тау құлап, аспан көшкен. Жаңғырығып, жар салып, жартастар тұр, Жетім көлдің қайғысын бастан кешкен, Көріп-біліп таныпты тастар да естен», –

деп келетін шумақтар арқылы ақын тасқа неліктен жан бітіріп отыр? Қара тас қалай қайғы шексін дейсіз ғой. Бұл жерде де ақын адамгершілік қасиетті, адамның құндылығын ананың дәрменсіздігімен ұштастыра отырып, болашақ ұрпақ тас жүрек болмасын деген ниетпен тасқа жан бітіргені хақ. Безбүйректік жайлаған қоғамда тасқа ақын жан бітіріп жатса несі айып?! Қасірет пен қасиетті қатар теңестірудің өзі жүректі қозғамай ма? Ондағы салыстырулар бірде еңсеңді түсірсе, бірде аяныш сезіміңді туындатары ақиқат қой.

«Аққулар... Аңыз көп қой олар жайлы, Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды... Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар, Шошыса екінші рет оралмайды. Орнында екен «Жетім көл», оралмапты. Ортаймапты немесе тола алмапты. Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз, Қасиетті аққулар оралмапты», –

деп түйінделетін эпилогпен аяқталатын шығарма тек қана қасиетті құс пен адамдардың аянышты халін ғана көрсетіп қоймайды. Тауға да, тасқа да жан бітірген ұлы ақын осы бір туынды арқылы адамзат атаулының бойына жауыздық деген ұғымның дендеп енбегенін қалайды. Тірі сюжеттерден тек қана пейзажды емес, қоғамдағы әртүрлі адамдардың, құбылыстардың психологиясын көргендей боласың, сосын терең, тұңғиық ойға шомасың... Бір сөзбен айтқанда, Мақатаевтың туындылары ақыл айтпайды, дидактика жоқ, сөйте тұра адамды ізгілікке тәрбиелейді... Иә, ғасыр ақыны туралы ұзақ толғануға болады. Жырларымен тоқтамай сырлассаң, жан да жәй таба қояды. Өйткені ол, өзі айтып кеткендей, ХХІ ғасырдың құрдасы. Жаңа дәуірдегі оның шығармаларының замандастары бәлкім біз болармыз. Өзі бақиға аттанғанымен, жазғандары фәни жалғанның қараңғы тұсын сәулелендіріп тұрған Аспантаудың алыбының дүниеден озғанына 40 жыл, туғанына 85 жыл толып отыр. Өлеңі барда ол туралы, өзі айтқандай, әлі талай естеліктер жазылары анық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар