облыс әкімі кәрім көкірекбаев Бразилияға аттанған жас футболшыларға сәттілік тіледі
Ала допқа аңсары ауған өңір жастарының ішінен «сен тұр, мен атайын» деуге лайық мықтыларын футбол королі Пеленің отаны Бразилияға үш жылға оқуға жіберіп, шеберлігін толыстырып отыру жақсы үрдіске айналып келеді. Ол үшін облыстық қазынадан тиісті қаражат көзі қарастырылған. Бұл бірінші кезекте бүгінгі жасөспірімдердің мықты футболшысы болып қалыптасуына ықпал етсе, екіншіден, алдағы уақытта легионерлердің орнын басуға мүмкіндік туғызбақ. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Бразилия елінде шарболаттай ширығып, шыңдалып жүрген бірқатар жасөспірімдермен қатар, ағымдағы жылы Латын Америкасына аттанатын өрендерді қабылдады. – Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков, облыстық футбол федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев, облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Манарбек Ағайдаров секілді ағайларың жасөспірімдерді Бразилияға оқуға жіберу туралы ұсыныспен келген кездерінде бірден қолдау білдірген едім. Жамбыл жері – нағыз спорттық өңір. Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Болат Жұмәділов, Ермахан Ыбырайымов секілді саңлақтар шыққан өңірде бүгінде өздерің секілді өрімдей жастардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Екі мыңға жуық түрлі деңгейдегі спорт кешендері, алаңдар, жаттығу залдары бар. Біз сендердің Бразилияда шеберлік толыстырып қана қоймай, мәдениетті, тәрбиелі азамат екендеріңді көрсеткендеріңді қалаймыз. Сендер жақсы болсаңдар да, жаман болсаңдар да сөзі бізге келеді. Әрқайсыңның оқуыңа 65 мың доллар көлемінде қаржы бөлінді. Сендер облыстың, елдің патриоты болуларың керек. Бір миллион жүз мыңнан астам халық маған қарап отыр деп намыстанып ойнауларың керек. Футболды Бразилияда қалай ойнайтынын достарыңа үйретіңдер. Біз қазір легионерлерді сырттан алып келеміз. Оларға ақша болса, болды. Жеңсе – жақсы, жеңілсе – басқа әңгіме. Олар ақша үшін тер төгеді ғой. Ал сендер намыс үшін аянбауларың керек. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Кейін «Тараз» футбол клубының құрамында 80-90 пайыз өзіміздің жігіттер өнер көрсетіп жүрсе, баянды бастаманың қолдаушысы ретіне біз қуанатын боламыз, – деген облыс басшысы жас өрендерге ақ жол тіледі.Облыстық футбол федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев пен облыстық спорттағы мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернатының басшысы Манарбек Ағайдаров өңір басшысына қамқорлығы үшін ризашылығын білдіріп, жүзден жүйрік шыққан жастар сенімді ақтайтынына иландырды. Облыс әкімінің қабылдануында болған жасөспірімдер де сенім үдесінен шығуға ниетті. Бүгінде сол қапталдағы шабуылшы ретінде көзге түскен Абзал Оразбаев, жартылай қорғаушы Мирас Әбдібеков, орталық жартылай қорғаушы Дінмұхамед Құраман тәжірибе жинақтап қалса, Бразилия еліне енді аттанатын қақпашы Алмас Нұрмаш пен орталық жартылай қорғаушы Ағаділ Құлтас болашақта «Тараздың» да, ұлттық құраманың да намысын абыроймен қорғауға дайын. Абзал мен Мирас Бразилияда жүріп, сондағы еліміздің жасөспірімдер ұлттық құрамасының негізгі құрамынан орын алып үлгеріпті. Тіпті Пан Американ кубогында жігіттер екінші орыннан көрінген. Біз жас жампоздарымызға «футбол державасынан Пеле болып оралыңдар» дейміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді