«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұйырғаны – бес алтын

Бұйырғаны – бес алтын
ашық дереккөз
Бұйырғаны – бес алтын

Айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевты еске алуға арналған турнир табысты өтті

Қазақ айтысының ақтаңгері Әзімбек Жанқұлиев еді. Алты алашқа танылған айыр көмей, арқалы ақын көзі тірі болғанда биыл 54 жасқа толар еді...

«Бокс сарайында» өткізілген кикбоксингтен жастар және кадеттер арасындағы турнир айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевты еске алуға арналды. Биыл төртінші рет жалауы желбіреген дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімдігі білім басқармасы «Ғылыми-тәжірибелік орталығы» директорының орынбасары Дулатбек Құсбеков сөз сөйлеп, жарысты ұйым­дастырушылардың жасөс­пірім­дерді спортқа тартуға үлес қосып отырғанын айтты. Облыстық кикбоксинг федерациясының президенті Әбдірахман Қыдыралиев, «Ауған соғысы ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Дүкенбай Ермеков, ауған соғысының ардагері Рахымжан Малыбаев, ақынның ағасы Алтынбек Жанқұлиев және Ауған соғысында бірге болған досы Аманжол Қонысбеков ақын өмірінен естеліктер айтып, оның өршіл поэзиясын тілге тиек етті. Аламанға 21 салмақ бойынша 250 спортшы қатысты. 13 жерлесіміз финалға жолдама алды. Мәселен, кадеттер арасында 39 келі салмақта тараздық екі бірдей спортшы жеңімпазды өзара анықтады. Бұл сында Сұлтан Сәрсенбекұлы жерлесі Дулат Дүйсеновтен 2:1 есебімен басым түсті. 42 келіде де екі жерлесіміз алтын жүлде үшін таласты. Бұл жолы Ержан Садуллаев қарсыласы Әлібек Сейдахымнан айласын асырды. 45 келі салмақтың финалында тараздық Нұрдәулет Бибосынов қызылордалық Мұхамед Бүркітке жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Қордайлық Бекжан Сүйінбайға да шешуші сәтте сәттілік жолдас болмады. 54 келі салмақта шаршы алаңға шыққан ол оңтүстікқазақстандық Ахрорбек Омаровтың мықты­­лығын мойындауға мәжбүр болды. 57 келі салмақ бойынша да жарыс тартысты өтті. Жасөспірімдер арасында ел чемпионы, атыраулық Сәлімжан Сәлімгереев жерлесі Асланбек Жолдасқалиевты финалда ұтып, бұл салмақта №1 спортшы екенін тағы бір дәлелдеді. 67 келіде шеберлігін ортаға салған тараз­дық Тынышбек Тоқтарбаев күмісті місе тұтты. Ал жастар арасындағы кездесулер 51 келі салмақ бойынша сынға түскен Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Дәурен Сүлеймен мен жерлесіміз Дінмұхамед Баймұратов арасындағы тартысты кездесуден басталды. Нәтижесінде рингтегі төреші шымкенттік спорт­шының қолын көтерді. Бұл жағдай бір сәтке еңсемізді түсіргендей еді. 54 келідегі жерлесіміз Қанат Серікбаев жарқын жеңісімен көңілімізді жадыратып жіберді. Ол шымкенттік спортшы, жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Ғабит Елеусізовтің уысынан алтын жүлдені жұлып алды. 63 келіде тараздық қос жерлесіміз өзара шеберлік байқасты. Бұл сында жастар арасында екі дүркін ел чемпионы Қазыбек Әбдірахманұлы жерлесі, ел біріншілігінің жеңімпазы Асыл Есбергеновтен шеберлігінің жоғары екендігін байқатты. Бұл турнирде тараздық жанкүйерлер назары жастар арасында төрт дүркін ел чемпионы Мұқағали Оралбаевқа ерекше ауды. 71 келінің қожайыны болып үлгерген Мұқағали бұл жолы да жасындай жарқылдады. Финалда қызылордалық қарсыласы Ернар Өтегенді 3:0 есебімен айқын ұтты. Жерлестерімізге бұл турнирде 5 алтын, 8 күміс медаль бұйырды.

Есет ДОсалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар