«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖАЙРАҢДАП ЖҮРГЕН ЖАЙСАҢ ЕДІ

ЖАЙРАҢДАП ЖҮРГЕН ЖАЙСАҢ ЕДІ
ашық дереккөз
ЖАЙРАҢДАП ЖҮРГЕН ЖАЙСАҢ ЕДІ

Қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен енген талантты жазушы Мұрат СЫЗДЫҚ 1956 жылы Шу ауданында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітіргеннен кейін «Шу өңірі» аудандық газетінің тілшісі, Жамбыл облыстық «Еңбек туы», қазіргі «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, республикалық «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, Баспасөз министрлігінің баспа бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы болды. Облыстық газетте жүргенде оның «Әйбәт бала» деген алғашқы әңгімелер жинағына өзімен бірге қуанған сәтімізді де қимастықпен еске аламыз. Кейін «Қуатым менің» атты көркемдік қуаты да мықты кітабының қуанышын бөлістік. Бірақ... src= Бірақ, айтып келмейтін ажал осындай ақкөңіл, кішіпейіл, кісілігі мол, дарынды азаматты арамыздан небары қырық жасында алды да кетті. Оқырмандары да жайраңдап жүретін жайсаң мінезді қаламгерінен қапияда айырылып қалды. Мұрат Сыздық еліміз бен облысымыздағы әдеби, мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүретін. Облыстық, республикалық газет, журналдарға әңгіме, повестері дүркін-дүркін жарияланып тұрса, театр сахналарында спектакльдері бірінен кейін бірі қойылып жататын. Соңынан ілескен ақын, жазушы іні, қарындастарына да қамқор болатын. Әлі есімде, 1988 жылы ертегі-повесть жазып, «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесіне қатысқым келді. Сондықтан көркемдік деңгейінің қаншалықты дәрежеде екенін білу үшін Мұрат ағама барып, қолжазбамды имене ұсындым. Мүкеңнің бір әдеті оқып шыққан дүниесінің жауабын беруге асықпайтын, бірақ сәлемдескенде «оқыдым, дұрыс екен» дегенді көзімен білдіріп өтетін. Маған да ә дегенде осылай қарады. Көп кешікпей, «жақсы» деген пікірін де, «Жалын» баспасына қалай жолдау керек екенін де айтып, тіпті, әдірісіне дейін жазып берді. Одан кейін бір жолы облысымызға белгілі жазушы, драматург Баққожа Мұқаев келіп, Мұрат ағамыз алматылық қаламгерді үйіне қонаққа шақырды. Мені де ұмытқан жоқ. Елге жазушы тұрмақ, журналист ретінде таныла қоймаған мен сөйтіп Баққожадай Лениндік сыйлықтың лауреатымен Мүкеңнің арқасында жақын таныстым. Кейде Мұрат ағамыз екеуміз Қарасудағы терең сайдың ішіндегі салқын сазда отырып, әдебиет жайлы өзімізге ғана түсінікті, өзімізге ғана қызықты әңгімеге кірісетінбіз. Айтушы, әрине, Мұрат, тыңдаушы – мен. Өндіріп, көп жазатыны сияқты Мүкең көп оқитын. Василий Шукшині бар, Фазиль Искандері бар – менің қолайыма келетін бірнеше классиктердің кітаптарының ішкі бетіне ағалық ақ тілегін жазып, сыйға тартқанын да ұмытқам жоқ. Ол кітаптары кітапханамда әлі күнге дейін сары майдай сақтаулы тұр. Анда-санда қолыма алып, Мүкеңнің өзіне ғана тән ерекше қолтаңбасын оқып, аяулы ағаны сағынышпен есіме алып қоямын. Еһ, сол талантты қаламгер Мұрат Сыздық ортамызда ойнап-күліп жүргенде биыл өзінің 60 жылдығын тойлап, қуанышын облыс оқырмандарымен бірге бөлісетін еді-ау, шіркін! Бірақ, амал қанша, осындай аяулы азамат, қарымды қаламгер бүгін арамызда жоқ. Дегенмен, жазушының көзін көріп, сырласқан, пікірлескен достары аз емес екен. Олар барда, оқырмандары барда Мұраттың өзі де, сөзі де өлмек емес.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

МҰРАТТЫҢ МҰРАТЫ

Му+р+атЖолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ, жазушы, драматург.

Жас кезімізден бірге жүріп, сырлас бол­ған, ойнап-күліп, талай-талай қызықты шақ­­­тарды бірге өткізген досың туралы енді бү­гін өткен шақта сөйлеу өте қиын, өте ауыр! Бірақ амал қанша! Бақиға оз­ған­дардың зар сөзі деп «тірілермен тіріміз» де­генді айтып та, жазып та жүрген – біз­дер­міз. Фәниліктерміз! Ендеше, менің Мұ­рат до­сым да мына біздер жер басып жүрген шақ­та – тірі, жанымызда, жүрегімізде! Ойлайсың! Ойға қаласың! Осынау жа­рық дүние қас қағым сәт екенін еске ала­сың. Өткіншілігін ойлағанда көкірегің қарс ай­ырылады. Оның тағдыры бұлайша ерте түйінделер деп кім ойлаған?! src= ...Әлі есімде! 1996 жылдың орта шені бо­латын. Жұмыстағы телефоным безілдеп қоя берді. Көтердім. Арғы жағынан Мұрат до­сымның қоңыр үні естілді. Сол баяғы үн! Жай­дары. Жағымды. – Қал қалай, Жолтай? Қаладасың ба? – Әрине. – Ешқайда жол жүргелі жатқан жоқсың ба? – Жоқ, жұмыста болам. Қайда кетуші ем! – Ендеше, күте бер. Екі күннен соң мен де Алматыға шаң берем. – Е, не боп қалды? – деппін түкке түсіне ал­май. – Оу, сен де қызықсың! Жазушылардың бас жиыны өткелі жатқан жоқ па?! Соған ша­­қырту алдым. Облыс әкіміне кіріп, рұқсат сұ­рап қойдым. Құдай қаласа, екеуміз жүз­десеміз. Әй, бір баяғы студенттік күндерді еске түсіріп, бой жазайықшы. Әңгімелеріңді сағындым... – Жазушылар жиынына келетінің дұрыс бо­лыпты. Мен де қатысам ғой. Өзіңді асыға кү­­тем. Қалған әңгімені келген соң айта жа­тар­­мыз. Бұл онымен соңғы сөйлесуім екенін ол шақта қайдан білейін. Екеуміз сөйлескеннен кейін екі түн өт­кен соң, Мұрат досым Тараздан Алматыға жеңіл көлікпен келе жатып жол апатынан көз жұмды. Менің төбемнен жай түскендей болған. Еш сене алар емеспін. Күні кеше ғана телефон арқылы сөйлесіп, емен-жарқын әңгіме ай­тып, кездесер күнімізді де белгілеп қой­ған едік. Ал енді... сол аңқылдаған, ақжүрек досым мына фәниде жоқ дегенге қалай сенерсің? Сенбедім. Көпке дейін сене алмай жүр­дім...

* * * Содан бері де, міне, 20 жылға жуық уа­қыт зу етіп өте шығыпты. Уақыт деген – осы! Сынаптай сырғиды-ау, тәйірі... Оның мінезі өте жайдары болды. Еш­кімді жау санаған жоқ. Ешкіммен жаға жыртысып, ұрыс-керіске барған емес. Міне, осындай жұмсақ, жайлы мінезінің арқа­сын­да қызмет баспалдақтарында да жолы ашыла түсті. Ең соңғы жұмыс орны – Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы болатын-ды. Ол тірі болғанда қызметтік лауазы­мының бір­шама биігіне көтеріліп, қаламдас дос­тарға ақ ниетпен қамқор қолын созып жүр­ген болар ма еді, қайтер еді! Ол тірі болғанда мына біздерге мүлтіксіз қыз­мет істеудің әдемі де үйлесімді үлгісін көр­сетіп, бағыт-бағдар беріп отырар ма еді, қай­тер еді... Ол тірі болғанда, әсіресе, қаншама тамаша туындылар жазып, әдебиетке қомақты ол­жа салып, оқырмандарын қайта-қайта таңғалдыра берер ме еді, қайтер еді! Ол тірі болғанда... Иә, ол тірі болса, мен де тап бүгін бұлай­ша зіл батпан ойға ерік беріп, санам сан саққа жүгіріп отырып, осындай жан ауыртар жолдарды жазар ма ем, қайтер ем?.. Мұрат-дос біздің айрандай ұйыған тату то­бымызға бір жылдан соң, екінші курс­та келіп қосылды. Сырттай оқып жүреді екен. Ұмытпасам, Серік Пірназар екеуі тобымызды толықтырды. Келген күннен бастап-ақ емен-жарқын араласып, тіпті жақын дос бо­лып кеттік. Екеуі де ашық, ақжарқын. Дос құ­шағыңды ашсаң, «бұл қалай» деп ойланып тұр­майды. «Достық пейілге әрқашан разымыз» десіп, өзіңді өзіне ыстық ниетімен тарта түседі. Жақындастырып бағады. Бірде... лекциядан соң Мұрат мені оңа­шалай беріп: – Әңгіме жазушы ем... – дегені. – Қандай әңгіме? – Балаларға арналған әңгімелер. Со­лар­ды әуелі өзіңе көрсетіп, пікіріңді біліп ал­сам деген ойым бар. – Онда оқиық. Көрейік, қане! Екеуміз парк ішіндегі скамейкада отырып алып, қып-қысқа екі әңгімесін оқып тас­тадық. О, шып-шымыр! Ойлары терең, тілі жатық. Айтары салмақты. Дап-дайын әңгімелер. – Мынаны «Қазақстан пионері» газетіне бер­сек қайтеді? – Әзірше қоя тұрайын. Шикілігі бар сияқ­ты. Қайта қарасам деймін. Қысқасы, Мұрат-достың шағын дү­ние­лері­ келер жылдан бастап пионер газетіне де, жастар газетіне де дүркін-дүркін жариялана бастаған. Әңгімелері ауызға ілінді. Өзі­нің жазушы бола алатынын әп дегеннен-ақ дәлелдеді. Шегелей түсті. Сөйтіп жүргенде университеттегі оқуды да аяқтадық. Диплом алдық. Мен Қызы­лор­даға, ол өзінің Таразына жол тартты. Арада екі-үш жыл өткенде оның баспадан «Әйбат бала» деген алғашқы әңгімелер жинағы басылып шықты. Бір кездескенімізде маған қолтаңба жазып, сыйлап тұрып: – Өзің әнебір жылы мақтаған екі әңгіме де осының ішінде, – деп жымия күлгені әлі есім­де. Тұңғыш кітаптың қаламгер адам үшін қуа­нышы қандай! Шаттығы қандай! Досым­ның сол шақтағы бал-бұл жанған түр-түсі осы күнге дейін ұмытылмайды. Әрдайым есі­ме түсіріп қоямын. Оны сағынған сәт­тер­де... Мұрат қай тақырыпқа болмасын жылы жа­затын, тауып жазатын, төгілдіріп жазатын. Тапқыр, байқампаз қаламгер еді. Ба­лалардың тілін шебер меңгергені соншалық, әңгімелерін оқып отырғанда өзің де сонау алыста қалған бала күндерге еріксіз саяхат жасап кете баратынсың. – Сен осы Бердібек Соқпақбаев сияқ­ты­сың, – дедім бір жолы. – Жазуың ұқсаң­қы­райды. Ол басын алып қашты. – Айтасың-ау! – деді қипақтай сөйлеп. – Соқ­пақбаев қайда, біз қайда! Ол кісі балалар әдебиетінің классигі емес пе?! Балалар тақырыбынан бастаған ол ке­ле-келе тамаша, ойлы, терең көптеген әңгі­ме-повестер жазып тастады. Менің аузыма біртуар қаламгеріміз Б.Соқпақбаев бекер түс­пеген болар, расында да Мұраттың көр­кем туындылары жылдан-жылға барынша та­н­ылып, елдің құлағын елеңдете бас­та­ған. Бір жолы «Жалын» баспасының жабық бәй­гесінде жазушы Мұрат Сыздықовтың «Кү­міс сақал арыстан» деген повесі жүлделі орынды иеленді. Телефон шаламын. Құт­тық­таймын. – Міне, қаламгерлігіңді мойындады де­ген – осы! – деймін алқына сөйлеп. Ол – Таразда, мен – Қызылордада. Сонда Мұрат: – Әй, бізді толық мәніндегі жазушы деп та­нығанша әлі қанша уақыт керек. Жүр ғой бес-алты кітап шығарса да осы күнге дейін ел аузына ілінбеген талай аға буын қалам­герлер... – дейді. – Сен бәйге алдың! Жүлдегерсің! Ол аз ба? – Мықтылықты мойындатуға бәйге алу аз. Ең бастысы – ел кітабыңды іздеп жүріп оқы­са, сол – жетістік! Сол – танылудың ба­сы... Ол кезде Мұраттың бұл сөзіне аса мән бер­меген екем. Осы күні ойлаймын ғой. Рас, бәйгеден озып келу – ол алғашқы баспалдақ. Енді ар­­­тыңда қара орман оқырман тұр. Олар не дейді? Қабылдай ма жазғаныңды? Мақтай ма шығармаңды? Міне, бар түйткіл сонда.

* * * Мұрат досым көзі тірісінде бірнеше кі­тап шығарды. Жазушылар одағының мүшесі болды. Әр кітабы жарыққа шыға сала әдеби ортада жап-жақсы бағаланып, ерекше аталып та жататын. Алайда, өзінің жаз­ған­дары­на барынша көңілі толмай жүретін бір жазу­шы болса – ол осы Мұрат. Өзі үнемі із­деніс үстінде. Талмай ізденетін. Табандап жа­за беретін. Тағы бір жақсы қасиеті – бірге жүрген қа­тар­ластарына ілтипатпен қарап, жазған-сыз­ғандарын көп оқитын. Пікірін де ашық білдіре білетін. Көңілінде кірі жоқ жандар ға­на барлық уақытта солай. Онымен әде­биет жайлы пікірлесу аса қызғылықты. Тар­­­тымды әңгіме өзінен-өзі өрбіп жүре бе­ре­тін-ді. Таусылмайтын. Жалғаса түсетін. – Студенттік өмір туралы көлемді роман жа­зып жүрмін, – дедім бір жолы оған өз құ­пиямды ашып. – Ауыр жазылып жатыр. Қа­ламым жүретін емес. Ол айтты: – Студенттік өмір туралы ескі, таптаурын әдіспен жазу қазір ешкімге де керек емес. Бүгінгі жастар – мүлде басқаша ой­лай­тын ұрпақ. Ойы ояу ұрпақ! Олардың ойы­мен қанаттаса, жарыса отырып жаз­басаң, босқа арамтер болғаның! Өзің ойланып көр... Алдын ала айтқан пікірі – осы. Онсыз да кібіртіктеп, жазыла көсіліп ке­те алмай жүрген маған бұл пікір тағы да ой салды. Жастар нені оқиды, қалай баян­дағаным оңтайлы, қайтсем оларды өзіме тар­та алам – күндіз-түні осы ойдан шыға ал­май, әбден сілеледім. Роман жарты жолда тоқтап қалды. Әрі қарай жүрмеді. Бәрін де қайтадан, басынан бастап жазсам ба екен деп қиялдап қоям. Қысқасы, жастар туралы романы­ма «Оянған ұрпақ» деп бадырайтып ат қоюыма Мұрат Сыздықов досымның бір ауыз сөзі себеп болған-ды. Роман жарыққа шыққан сәттен бастап Мұ­ратты іздедім... Көп іздедім оны...

* * * Мұрат Сыздықов өзінің қысқа ғұмырын­да бірқатар жауапты қызметтерге қол жет­кізіп қана қойған жоқ, жақсы жар, өнегелі әке де атанды. Райхандай асыл жар сүйіп, ұл-қызды дүниеге әкелді. Оларға өз өмірімен де үлгі көрсете білетін өнегелі жолы, өске­лең талабы да бар болатын. Бірақ сол пен­делік бақыттың тәтті дәмін ұзақ тата алма­ғаны өкінішті-ақ! Қаламгерлігіне келер болсақ – әлбетте, үл­гергенінен үлгермегені көп. Тым қысқа қайырылған ән сияқты... Мұрат-достың тағы бір елеулі қыры – өмір­ге өте құштар жан-ды. Үнемі алға ұмты­лып, жаңа істің бастауында болуға талпынып жүретін. «Біз екеуміз өзімізге дейінгі жазарман­дарға ұқсамай, мүлде бөлек, жаңаша жа­зайық­шы», – дейтін Мұрат. «Сөйтсек сөйтейік» дейтінмін мен де оған ілесе. «Бірақ, қалай жазармыз? Қайт­сек, басқаға ұқсамаймыз, а?». «Міне, мәселе сонда!» дейтін Мұрат. «Кім­нің жаңа леппен, бөлек бүлкілмен жаз­ғы­сы келмей жүр дейсің! Ол енді ұза-а-қ із­де­ністі, талмай еңбектенуді талап етеді...». Ол әдебиетке ғашық еді. Табиғаты жазу­шы болып туған жан десек те, артық емес. Ішкі әлемі, бүкіл болмысы көркем шығарма сияқты сыңғырлап, бөлекше сыр айтып тұра­тын. Нағыз жазатын, өзін-өзі көрсететін жас­та көз жұмғаны өзек өртейді.

* * * ...Ол тірі болғанда бүгінгі қазақ әдебиеті дейтін қара орманның қақ ортасында дара шынардай болып бой көрсетіп, сіз бен бізді таңғалдырар қаншама көркем дүниелер берген болар еді-ау дейсің іштей күрсі­ніп!..

Астана.

Ұқсас жаңалықтар