«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдық спортшылар Рио-де-жанейрода жасындай жарқылдай ала ма?

Жамбылдық спортшылар Рио-де-жанейрода жасындай жарқылдай ала ма?
ашық дереккөз
Жамбылдық спортшылар Рио-де-жанейрода жасындай жарқылдай ала ма?

Cпорт басқармасы басшысының есебінен осындай ой түйдік

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков өзі жетекшілік ететін салада өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Басқарма басшысының есепті жиналысына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып отырды.

Сала басшысы Гамлет Қайнарбеков жыл ішінде тындырылған тірліктерді саралап өтті. – Есепті кезеңде өңірде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 25,5 пайызға көтеріліп, 282,3 мың адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты дамыту үшін ауылдық округтерде арнайы білімі бар нұсқаушы-әдіскер бірліктері енгізіліп, қазіргі таңда 101 маман жұмыс атқаруда. Бұл өз кезегінде ауылдарда бұқаралық спорттың дамуына ықпалын тигізіп отыр. Өткен жылы Мойынқұм, Жуалы аудандарында спорт зал кешендері, Тараз қаласында №3 Олимпиада жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебіне арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бой көтеріп, Тараз қаласында шағын футбол, баскетбол және волейбол ойындарына арналған жасанды төсенішпен қоршалған – 3, Қаратау қаласында 2 спорт алаңшасы жергілікті тұрғындардың игілігіне, «Казфосфат» ЖШС тарапынан спорт кешені пайдалануға берілді. 2015 жылы облыстың спорт саласының дамуына қазынадан 6,35 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржылық көрсеткіш 2014 жылмен (5,67 миллиард теңге) салыстырғанда 12,0 пайызға артқан. Жалпы, бүгінгі таңға облыс бойынша тұрғындардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін қолжетімді 440 спорт нысаны анықталып отыр. Оның 73-і – Тараз қаласында, 367-і аудандарда орналасқан. Өткен жылы басқарма тарапынан 2614 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 540 мың адам тартылды. Облыс споршылары қой жылында түрлі әлемдік және халықаралық байрақты бәсекелерде 1128 медальға ие болды. Оның ішінде, әлем, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 111 медаль, (52 алтын, 31 күміс, 28 қола), халықаралық турнирлерде 194 медаль (59 алтын, 52 күміс, 83 қола) және Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 823 медаль (347 алтын, 173 күміс, 303 қола) иеленіп, жылды өте табысты аяқтады. 2014-2015 жылғы маусымдағы Ұлттық лига командалары арасында «Тараз» волейбол командасы Қазақстан Республикасының ХХІІІ чемпионатының жеңімпазы және Қазақстан Республикасының супер кубогының иегері атанды. «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев 2-рет «Қазақстан Барысы» атанып, жасампаз Жамбыл спортының атын биікке көтерді. Паралимпиялық спортшылар арасында Зульфия Габидуллина биылғы жылы Рио-Де-Жанейрода жалауы желбірейтін ойындарға қатысуға жолдама ұтып алды. Ол оған қоса, Сочиде өткен ампутанттар мен арбадағылардың Бүкіләлемдік ойындарынан 4 алтын медальмен оралды. Сондай-ақ, ампутанттар мен арбадағылардың арасынан Бүкіләлемдік ойындарында тағы бір дарынды жерлесіміз паратхэквондошы Өмірәлі Нышан топ жарды. Бокстан Азия чемпионатында Олжас Сәттібаев бірінші орынды, ал каратэдо спортының шебері Гузалия Гафурова ересектер арасында күміс жүлдеге, бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Хуршедшох Искандаров жүлделі 2-орынға табан тіреді, – деп спорт саласында нәтижелі жұмыстарды басқарма басшысы тіліне тиек етті. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Гамлет Төреханұлына бірнеше сауал қойды. «Олимпиада ойындарында жасындай жарқыраған спортшыларымыз кейін неге лезде сөніп қалады? Прокуратура тарапынан тексеру барысында бапкерлердің 79 пайызы тиісті санатқа ие емес болып шыққан. Бұған зерделеу жұмыстарын жүргізген жөн. Өткен жылы ұйымдастырылған «Аула ойындары» бұқаралық спортты дамытудың төте жолы еді. Алайда, аудандардан келген қатысушылардың спорттық крассовка киіп, ләңгі тепкенін көргенімде, көңілім су сепкендей басылды. Мұны дұрыс ұйымдастыруға болатын еді ғой...» – деген Ерқанат Нұрбапаұлының ескертпелеріне ден қойған Гамлет Қайнарбеков айтылған сындардан қорытынды шығаруға тырысатындықтарын жеткізді. Байзақ ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділхан Омаров пен жоғары спорт шеберлігі үшін спорт мектебінің директоры Фархат Қылышбаев жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов алда жауапты сын Рио Олимпиадасы келе жатқанын, жолдамаға үміткер 14 спортшының дайындығын нақты зерделеу қажеттігін ескертті. «Барлық жағдай жасалып жатыр. Енді шын жүйріктеріміз жеткен жетістігіне масайрап, жаттығуды әлсіретіп алмауы үшін қадағалауды күшейту керек. Байрақты бәсеке жақындағанда жаттығу залынан алшақтап, спортшыларымыз той қуып кетпесін. Осыны баса назарда ұстаңыздар», – деді облыс әкімінің орынбасары өз ойын түйіндеп. Сөздің тоқетері, жамбылдық спортшылар Рио-де-Жанейрода жасындай жарқылдай ала ма? Спорт басқармасы басшысының есебінен осындай ой түйдік.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар