Қамбар Қойшыбайұлы ҚазМУ-ды бітірген бойда алғашқы еңбек жолын Жамбыл облыстық газетінен бастады. Кейін Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық «Село жаңалығы», Талас аудандық «Ленин жолы» газеттерінде редактор, редактордың орынбасары, Талас аудандық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарды. Бүгінде Қ. Қойшыбайұлы құрметті еңбек демалысында жүрсе де, баспасөзбен байланысын үзбей, қоғамдағы түйткілді мәселелер жөнінде жиі қалам тербеп келеді. Біз бүгін «Ақ жолдың» ардагерін жетпіс жасқа толуымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Руханият бөлімі
Қамбар Қойшыбайұлы
Пыр-пыр ұшты бұққан ой, бұлдырық жыр, Мөлт-мөлт ағар тұмадан тұңғиық сыр. Айдалада шалқалап жатқандаймын Көкбестінің босатып шылбырын құр. Пыр-пыр ұшты көңілден бұлдырық жыр, Ағады су өзенде сылдыр-сылдыр. Неткен сиқыр! О, ғажап! Құлағымда Ерке қыздың күлкісі, сыңғыры тұр. Пыр-пыр ұшты кеудеден бұлдырық жыр, Қозғайды жел шөп басын сыбдыр-сыбдыр. Шалынады шалғайдан көзге ыстық Қожыр-қожыр тас басқан тұлдырсыз қыр. Көңілімде шуақты ой,құлпырды қыр, Кісінейді құла айғыр күлдір-күлдір. Қос қанаты сусылдап сыпсың қаққан Пыр-пыр ұшып барады бұлдырық жыр.
* * * Қақты тізгін қара өлең ертоқым сап, Шапқан сайын дүңкілдер жер солқылдап. Шырматылдым кермеде қыл шылбырға Келеді артта сонда да бір шоғырмақ. Шау тартуы шабыттың мүмкін,бірақ Қалмақ емес ешқашан жыр тоқырап.
Артта – керме, алдыда – мәре жуық, Ат жалында барады өлең туып. Көсіле алмай шабамын созбалақтап Төрт аяқты қойғандай өре буып. Тұлпар жырға салмаппын қамшы сілтеп Мені үнемі келеді өлең қуып.
Сенсіз, өлең, көңілім тасымайды, Өз еркі жоқ, мен – пенде,басыбайлы. Кіндігім бір өзіңмен егіз-екі Сен болмасаң аспаным ашылмайды. Күтіп жатқан жігіттей елеңдеймін Ақ жайманың үстінде жас жұбайы.
Қақты тізгін қара өлең,арғымақ жыр, Ауыздығын шайнайды шақыр-шақыр. Сол тұлпардың жанында сезінем мен Аяқ басқан құлындай апыл-тапыл. Елтітеді иісі мұрын жара Боз жусан мен бүршігін жарып шағыр. Шақырып тұр шудаша шұбатылған Хор қызының шашындай арыда қыр.
Ең үлкен өр төр емес...
Қазақта мол иба-әдеп, әдет-ғұрып, Сөйлемеген інісі аға тұрып. Үйге енгенде әр адам иген басын Ең үлкен өр, төр емес – табалдырық. Көкірек кер, демігіп, қалай тасы, Жаратқанның көріп тұр шарайнасы. Ер жігітке берсе де еңсегей бой Киіз үйдің еңкейтер маңдайшасы.
Қашанда мол қазақта достық пейлі, «Қуанышқа үй іші толсын!» – дейді. Сәлемдесу парыз-ол шаңыраққа Үй иесі болмасын, болсын мейлі.
Ақтөбенің ақ шиі
(Әбдірахман Әбдірәсілұлына)
Туған жердің айналған киесіне, Ақ сүйрік ши қазаққа – сый, несібе. Табиғатпен бабалар тіл табысып Өмір сүрген үнемі үйлесімде.
Шаппақ түгіл түбірін, шырпымаған, Керек кезде тартатын бір-бір талдан. Жап-жас шиді балалар майыстырса Тыйып тастап үлкендер шырылдаған Қарашығын күн қадап, ай бұрылған, Аң мен құсы жыртылып-айырылған. Талай тұлпар ықтады қалың шиде Бәз-баяғы тараған Тайбурылдан.
Қаратаудың қызыққан таутекесі, Бөктерімен жібектей сәл жел есті. Етектегі аядай шилі тоғай Қалыңдықтың секілді сәукелесі.
Ық жағында ынтыққан – Қарашеңгел, Бөліп жатыр бір қырқа, арасын бел. Ши, шеңгелді қалайша жаратты екен Қоңсы қылып табиғат дана шебер. Көрінбейтін аттылы жүрген кісі, Тиді қауға бір күнде түрен тісі. Бензин құйып өртеді әрбір түбін Күңіренді, күйзелді үлкен-кіші.
Өз дегенін істеді өктем билік, Өкінесің опынып өкпең күйіп Мекенінен жойылып кетті мүлде Қарқара ши балақтап өскен биік.
Өзен басы бөгелді, тартты тоған, Су жіберді көлкіте арық толған. Өтті жылдар... Әйткенмен көрмедік жұрт Егін салып сол тұстан қарық болған.
Бірте-бірте тозды жер, ұшты құйын, Безіп кетті аң біткен, құс та... тұйғын. Енді, міне, сыңсыған ши тоғайдан Бір талы да қалмады тіс шұқитын.
Шилі өңір дәл қазір аптап дала, Саздауытта өседі бақ-бақ қана. Құдай берген бейіштің бір пұшпағын Алмадық-ау, Әбеке, сақтап қала.
Қоғылдың құйғаны
Асау өзен бой бермей тасығанда Ала қашты алты сай, алты арна. Қан тамырдай таралып тарам-тарам Қосылады Таласқа жалғыз саға. Бастау алған сол сайлар Жиембеттен, Кілт бұрыла тайқиды қия беттен. Жайылып су аймаққа ұлан-асыр Керегінше жерге нәр жияды екен. Су көлкіген көктемде иен мекен, Жазға салым тоғайы шиендеген. Егін салып бабалар дән жинады Ата қоныс шынында «үйек» екен. Аралаған алты сай өңірді иен, Нәрін құйып береді өмірге рең. Алты сала жан-жаққа жайып тамыр Тоғысады ақыры кемерде кең. Аққан судан жойқын күш жоқ қой мықты, Алты өзек өзенге лап қойыпты. Содан шығар «Қоғылдың құйғаны» – деп, Арғықазақ бұл жерге ат қойыпты.
Бұлдырық
Бұлдырық-ау,бұлдыр құс, Сымпыл қанат дүлдүл құс. Дала сәні кіре ме.., Сен болмасаң тым-тырыс. Өмір – қызық,жан – тәтті Жем іздетер сұм тұрмыс. Туған жердің төсінде Бұлдырық құс, еркін ұш. Айналаңда жауың көп, Көкте –қырғи, жерде – аң. Бере алмаймын қол ұшын Қорған болғай жер-анаң. Қолдан келер дәрмен аз Тілекшімін мен саған. Сүйсіндіріп әлемді Бұлдырық құс, жүр аман!
Ұқсас жаңалықтар
Тұрақты кітап оқу – тұлғалық дамудың тұтқасы
- Бүгін, 03:07
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді