олар Алғашқы күні 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальға қол жеткізді
«Тараз – Арена» спорт кешенінде әйелдер және ерлер арасында грек-рим, еркін күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионатының жалауы желбіреді. Айтулы бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 600-ге жуық балуандар қатысуда. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сөз алып, балуандарға ақ жол тіледі. Мұнан соң ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсабеков, еліміздегі грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай ұлттық құрама үшін әр салмақтың үздіктерін анықтауда осы чемпионаттың маңызы зор екенін айтып, спортшыларға жеңіс тіледі. Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, даңқты жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров тебірене сөз сөйлеп, балуандардың барлығы жеңіске лайық екенін айтып, боз кілем шеберлерін жігерлендірді. Алғашқы күні грек-рим күресі бойынша бес салмақтың үздіктері анықталды. 59 келіде жерлесіміз Дастан Үскембеков шешуші ойында ақмолалық Мейірбек Дөненбековті ұтып, облыс құрамасының қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды. Осы салмақта тағы бір талантты жерлесіміз Жансерік Сәрсенбиев үшінші орын үшін таласта ақмолалық Сағдат Тұрбаевтан шеберлігін асырып, қоржынымызға қола жүлде сыйлады. 71 келі салмақта шешуші белдесуге алқынбай жеткен жерлесіміз Әбунәсір Өмірзақ алтын жүлде жолында сәтті өнерін жалғастыра алмады. Ол финалда шығыс қазақстандық Дархан Баяхметовке жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. 75 келіде Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Алматы қаласының балуаны Данил Гаджиев бұл жолы да жеңіс тұғырына көтерілді. Ол шешуі белдесуде қостанайлық қарсыласы Темірлан Садукаевты айқын ұтып, бұл салмақтың №1 спортшысы екенін тағы бір дәлелдеді. 80 келі салмақта Алматы облысының өкілі Асхат Ділмұхамбетов астаналық Сұлтанбек Шалабаевты ұтып, чемпион атанды. 98 келі салмақта да Алматы облысының балуаны Марғұлан Әсембеков алтыннан алқа тақты. Бүгін еркін күрестен Лондон олимпиадасының жүлдегері, жерлесіміз Ақжүрек Таңатаров боз кілемге шығады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




