Биылғы қаңтар айы мың құбылып тұр. Рас, солтүстіктегідей сұрапыл боран, үскірік аяз жоқ. Тіпті, қар соңынан жаңбыр жауып, күн жылымық болғанымен, шаруаға жайсыздық танытып тұр. Олардың мазасын алып тұрған тағы бір жағдай бар. Ол – түз тағыларының басынуы.
– Аудан бойынша елді мекендерден тыс жерлерде 155 мал қыстату орны бар. Қыстауларда 20489 тонна шөп жинақталған. Жалпы жағдайлары жаман емес. Алайда, құла дүзді кезген түз тағылары шаруаларымыздың бетіне қарап отырған ірілі-ұсақты малдарына қырғидай тиіп, қырып барады. Мысалы, 6 қаңтар күні түз тағылары Қамқалы ауылының малшысы Әбиір Сағанаевтың өрісте жүрген малына тапа-тал түсте шауып, 40 бас қойын тамақтап кетті. Түз тағыларының еркінсігендері соншалықты Жаңатас қаласының іргесіндегі мал қыстауларын мекендеп отырған малшылардың қойын ғана емес түйесіне, жылқысына шауып, айбат көрсетіп тұр, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Тоқаев. Бірлі-жарым аңшылардың әрекеті дала бөрілеріне тоқтам болатын түрі жоқ. Мәселен, аңшы Оразбай Тоққұлиев былтырдан бері жалғыз өзі 20 қасқыр соғып алыпты. Малшылар еңбегіне қой беріп, Оразбайды ынталандырып жүр екен. Жыл сайын облыстық орман шаруашылығы мекемелеріне жыртқыш аңдарды аулау үшін қаржы бөлінетін көрінеді. Алайда, биыл бұл жағынан қозғалыс жоқ. Ал Ақкөл ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Ақынбек Бектай жыртқыш аңдарды аулауға қаржы бөлінісімен, конкурс жарияланатынын, қасқырдың, шибөрінің терісінің құны белгіленіп, аңшылар түз тағысын азайтуға кірісетінін айтып берді. Ал түз тағылары бөлінетін қаражатты күтіп отырмасы анық. Тегінде мұндай мәселенің шешімін ерте күзден ұйымдастырса қайтеді деген ой келеді. Ал сарысулықтар малшыларды ұйымдастырып, бөрілердің ізіне түскен екен, нәтижесі шамалы болыпты. Оның үстіне әне бір жылдары аңшылар қоғамы деген ұйым болатын. Олар аң-құсты жою емес, сақтауды басты мақсаттары санайтын. Кейінгі жылдары екі ауданда да ол қоғамның бар-жоғы белгісіз. Елдің барлығы аңшы болып кеткен. Оның үстіне оқ-дәрі Тараз қаласында арнайы дүкендерде ғана сатылады. Дәрілерді әкелу қиын болатыны тағы анық. Малшылардың жанайқайына құлақ асатындар бар ма?
Сәулембай Әбсадықұлы. «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді