«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дара тұлға

Дара тұлға
ашық дереккөз
Дара тұлға

12 қаңтар – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл күні бүкіл республика-мыздағыдай Тараз жұртшылығы да елу жыл ел ағасы болған бірегей тұлғаны еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қояды, көзін көрген аға ұрпақ өкілдері жастар үшін тәлімі мол естеліктерімен бөліседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің « Ғасырлар тоғысында» атты кітабында «Д.Қонаев Қазақстан тарихында ірі тұлға болып қалары даусыз» деп жазды. Шынында, еліміздің өткен тарихын Д.Қонаевсыз елестету әсте мүмкін емес. Республиканың бірінші басшысы болған жылдары экономикада, әлеуметтік салада, ғылымда, мәдениет пен әдебиетте, өнерде, спортта қазақстандықтар қаншама зор жетістіктерге қол жетті. Орталықтың өктем саясатының ығында кетпей, Маңғыстауды Түрікменстанға беруден сақтап қалғаны, Қазақстанды әпербақан Хрущевтің қолдауымен Исмайл Юсупов аз уақыт қана билеген кезде Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ жерінің қомақты бөлігін қайтарып алуға қол жеткізгені үшін Димекеңді сол тұста-ақ халқы ерекше ардақ тұтты. Әрі қарапайымдылығымен, жиі-жиі ел аралап, астықты алқаптарда, зауыт-фабрикаларда, алыс ауылдарда болып, жұртпен қауышып, пікір бөлісіп отыратындығымен де ел сүйіспеншілігіне бөленді ол. Әлі есімде, бір жолы Свердлов (қазіргі Байзақ), Жамбыл, Жуалы, Талас аудандарының шаруашылықтарындағы егіс алқаптарында, мал фермаларында болып істің жайымен танысып, облыстық партия комитетінде өткен үлкен кеңесте сөз сөйледі. Алға айқын міндеттер қойып, кей мәселелерде көмек көрсететінін айтып жұртты жігерлендірген еді. Ал аграрлы облысымызда іскерлігімен, жұмысты жақсы ұйымдастыра білуімен үлкен кісінің назарына іліккен басшы азаматтар, қарапайым еңбек адамдары аз емес-ті. Әр келген сайын олармен жүздесіп, пікірлесетін. Мұндай азаматтардың қатарында аудан басшылары Айтбай Назарбеков, Жапар Түйебеков, Әнуарбек Сандыбаев, Әбдіқадыр Жүргенов, Ералы Дадабаев, Берден Байқошқаров, іргелі шаруашылықты басқарған Александр Львович Нахманович, Арнольд Лазаревич Костянкин, Махмұд Әшіров, Әнуарбек Тәжімбетов, атақты шопан, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев және басқалары болды. Бұлардың бірқатарының есімдерін Димекеңнің «Ақиқаттан аттауға болмайды» («Санат» баспасы, 1994 жыл) кітабынан да кездестіруге болады. Өз заманының ұлы саясаткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде де Жамбыл облысына ат ізін салып тұрды. Ел оны әрдайым зор құрметпен қарсы алатын. Бұл туралы кезінде баспасөзде кеңінен жазылды, белгілі азаматтардың естеліктері енген кітаптардан да оқуға болады. Сол жылдары Шу ауданын басқарған мен 1992 жыл болар, халқымыздың тағы бір ардақтысы Асанбай Асқаровтың мерейтойына қатысқанда Димекеңмен жүздесіп, әңгімелесіп қаншама қиыншылық көрсе де мойымағанын, халқының ертеңі жарқын болатындығына деген сенімі молдығын байқап ерекше әсерге бөленген едім. Сонда араға ондаған жылдар салып барып облыс ақсақалдарының қалап сұрауымен данагөй басшы атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесіне төраға болатыным өңім түгіл, түсіме кірген жоқ. Біздің облыста халықаралық Қонаев қорының облыстық бөлімшесі 1996 жылдың қараша айында құрылды. Осы қор бөлімшесі мүшелерінің қозғау салуымен Тараз қаласындағы бұрынғы Украин көшесі ұлтымыздан шыққан ұлағатты тұлғаның атын алып, алдына ескерткіш мүсіні орнатылды. Халықаралық Қонаев қорының облыстық бөлімшесі осында орналасқан. Заманымыздың заңғарын ардақтауда Талас ауданы жұртшылығы өнеге танытумен келеді. Айталық, 2002 жылы Д.А.Қонаевтың 90 жасқа толуы ауданда ерекше салтанатпен атап өтілді. Мерекелік шараларға Алматы, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан өкілдер келіп қатысты, Ақкөл ауылында ескерткіші ашылды. Ғасыр кемеңгерінің жүз жылдығы республика бойынша кеңінен тойланды. Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын Димекең қайтыс болған 22 тамыз күні ескерткішіне гүл қою шарасы өтеді. Соңғы екі жылдан бері аталған шарамен ғана шектелмей, көзін көрген ардагерлердің басын қосып, аруағына құран бағышталып, ас беріліп жүр. Жылда қор бөлімшесі Д.А.Қонаевты еске алу шараларын, соның ішінде спорттың футбол, волейбол, бильярд, күрес түрлерінен жарыстарды тұрақты ұйымдастырып келеді. Бұған ардагерлермен қатар, жастар да көптеп қатысады. Бұл ретте оқу орындарымен, мектептермен байланыс орнатылуының көмегі тиюде. Қор, әрине, Димекеңнің өмір жолын жастар арасында насихаттауға зор көңіл бөледі, қор төралқасының мүшелері аудандарға шығып тұрады. Сондай-ақ, көрнекі құралдар, кітапшалар, брошюралар шығарылып келеді. Демеушілеріміз жөнінде де бір ауыз сөз айта кетелік. Бұл іске Жуалы, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарының қалталы азаматтары, кәсіпкерлері көмек беріп жатыр. Дара тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттау бойынша қор бөлімшесінің алға жоспарлаған іс-шаралары көп. Соның бірі – қор мүшелері тарапынан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасын кітапты көп оқыған, ел басқарған кезінде өскелең ұрпақ үшін жақсылықтарды молынан жасаған, тіптен де, алған сыйлықтары мен академиктік атағы үшін тиісті ақшасын балалар үйлері мен жас ғалымдарға бергізіп келген ұлы адамның есімімен атау туралы ұсыныс жасалынып отырғаны. Бұл ұсынысты облыс ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері, аталған кітапхана ұжымы толық қолдап отыр. Егер ұсыныс жүзеге асса, Қонаев көшесінің бас жағындағы оның атындағы қор мен ескерткіші және кітапхана орналасқан алаңдағы бос кеңістікке гүлзарлар егіліп, орындықтар қойылса, бұл мүйіс мазмұны мен түрі жағынан үйлесім тауып жатар еді. Қор бөлімшесі орналасқан ғимараттағы фотосуреттер мен жәдігерлерден ұлы тұлғаның өмір тарихынан, қызмет жолынан мағлұмат алу, алдындағы ескерткіш мүсініне тағзым ету, қарға адым жердегі балалар кітапханасына да кіріп оған арналған әдебиеттер көрмесінен танысу кім-кімді болсын рухтандырары сөзсіз. Қазақ хандығының 550 жылдығына әзірлік аясында жаңа сәулеттік ескерткіштер орнатылған қаламыздың даңқын естіп, алыс-жақыннан келген қонақтар мен шетелдік туристер осындай тарих пен тағылым орталығына келсе, алған әсерлерін еселей түсетінін, қаламызға берер бағасы да артатынын ескерейік. Әрі десе көрнекті тұлғаға арналған кешен Тараздың жұрт көп келер қасиетті орындарының санын көбейтер еді. Бұл ұсынысымыздан қала басшылығы да құлағдар. Олардың тарапынан бұл іс оң шешімін табатынына сенімдіміз. Биыл халықарлық Қонаев қорының облыстық бөлімшесінің құрылғанына 20 жыл толады. Бұл мерейлі оқиғаны лайықты атап өту де ойластырылуда. Димекеңнің тікелей араласуымен Жамбыл облысында іске қосылған өндіріс орындары, кезінде пікірлескен, қолдау-көмегін алған адамдар туралы, олардың естеліктері, бірге түскен суреттерін жинақтап кітап шығару да көзделіп отыр. Бұл тұлғаның өшпес өнегесін жамбылдықтар, әсіресе, өскелең жас ұрпақ санасында жаңғырту үшін керек. Қорыта айтарымыз, туған күні елімізде кеңінен аталып өткелі жатқан заңғар тұлғаға құрмет ешқашан ортаймақ емес.

Аманкелді КӘРЕНТАЕВ, «Халықаралық Қонаев қоры» облыстық бөлімшесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар