«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Біздің жүрегіміз Таразды таңдады»

«Біздің жүрегіміз Таразды таңдады»
ашық дереккөз
«Біздің жүрегіміз Таразды таңдады»

Әдетте патриоттық, ұлтжандылық, елге, жерге қызмет ету туралы сөз қозғала қалса, кез-келгеніміз пафосқа толы тіркестерді ойланбай-ақ ағытуымыз мүмкін. Алайда, ол сөздеріміз ісімізбен дәлелденіп жатса, қанеки?! 

Америкадағы үй-жайын, лауазымды қызметтерін тастап, Таразға көшіп келіп, қайырымды істермен айналысып жүрген америкалық жандар туралы естігенде олармен тілдесуге асықтық. Ал «Біз Қазақстан үшін, Тараз үшін қызмет етуіміз керек. Біздің жүрегіміз осында. Тараз туған топырағымыздай ыстық» деген сөздерін естігенде, тіпті, таңданысымызда шек болмады.

«Әулиеатаға келіп әже атандым»

Осыдан он бес жыл бұрын Элизабет Тарнок пен Виктория Шарбоне америкалық «Интерлинк Рисорсиз» қайырымдылық ұйымымен облысымыздағы балалар үйлерінде болады. Бастапқыда ел, жер көріп қайтайық деген оймен келген олардың аңсары мұнан кейін Қазақстанға ауады да тұрады. Жыл сайын Таразға келу дағдыларына айналады. Ақыры бірнеше жыл бұрын екі құрбы Таразға көшіп келіп, осында жетім балалар мен жалғызбасты аналарға арналған дағдарыс орталығын ашуды ұйғарады. Биыл тіркеуден өткен қоғамдық қорды олар «Қамқор жүрек» деп атапты. Бірақ мейірбан жандар қор ашылмай тұрып-ақ, игі істерін бастап кеткен болатын. «2009 жылы бізге бір танысымыз хабарласып, Наташа есімді әйел 5 жасар ұлымен далада қалғанын айтты. Біз оған тамақ пен киім-кешек апарып жүрдік. Ол кезде біздің өз үйіміз жоқ болатын. Кейін жалғызбасты ананы өзіміздің қасымызға алдық. Бастапқыда Наташа өзін үй шаруашылығымен айналысу үшін алып келді деп ойлаған болу керек, еден жуып, үй тазалап, бір орында отырмайтын. Біз оны соншалықты көп жұмыс істемеуге әрең көндірдік. Оның үстіне, Наташа өте ауыр дем алатын, арқа омыртқасы қисық, бүкір және жырық ерін болатын. Сосын біз оны Шымкенттегі америкалық клиникаға апарып тексерттік. Нәтижесінде, дәрігерлер Наташаның өкпесі небәрі 30 пайызға ғана жұмыс істейтінін, тез арада ота жасау қажеттігін айтты. Мұнымен қоса, 2009 жылы «Ұлан» балалар үйінде Сәуле есімді бүлдіршінмен танысқанмын. Оның сұқ саусағы қатты өсіп, ернінің құрылысы бұзылған болатын. Табаны толық дамып-жетілмегендіктен, дұрыстап жүре алмайтын. Мен оны өзіме тартпақ болғаныммен, бастапқыда жоламай, сыртымнан бақылап жүрді. Екі аптадан соң ғана келіп, тіземе отырды да, маған «мама» деді. Мен көз жасымды тоқтата алмадым. Себебі мен ешқашан балалы бола алмаймын. Әуелі Сәулені асырап алу үшін құжаттар жинауға оқталдым. Бірақ, кейіннен бүлдіршінге толыққанды отбасы керек деп шештім де, Вирджинидегі достарымның ішінен Сәулені асырап алатын отбасын таптым. Олар барлық құжаттарын түгендеп, Америкада оны өздері емдететінін айтып, тиісті ақшасын төлеп болған кезде, Қазақстан америкалықтардың бала асырап алуына тыйым салды. Менің көкірегім қарс айырылды. Өйткені, кішкентай Сәуле: «Маған қашан ата-ана тауып бересің? Олар мені қашан алып кетеді?» – деп күнара сұрайтын. Бірақ екі жыл бұрын Роза мен Мұқан есімді отбасы келіп Сәулені асырап алғылары келетінін айтты. Менің қуанышымда шек болмады. Олар менен Сәулені емдетуге көмектесуімді де сұраған болатын. Содан Сәуле мен Наташаның рентген суреттерін алып, өз штатымдағы барлық дерлік аурухананың есігін қағып шықтым. Олар ота жасаудан бас тартты. Себебі ол өте күрделі әрі 100 мың АҚШ долларынан көп қаражатты қажет ететін еді. Еңсем түсіп, не істерімді білмей жүргенде таныс дәрігер Кит Томпсонмен жолығып қалдым. Ол – 17 баланы, соның ішінде бесеуін Қазақстаннан асырап алған мейірбан жан. Сондықтан одан да көмек сұрадым. Кит басқа дәрігерлермен ақылдасып, жауабын айтатын болды. Алайда, екі апта бойы одан жауап болмады. Ал менің визамның мерзімі бітіп, Қазақстанға қайтуым керек. Тек соңғы күні ғана Кит хабарласып, Наташа мен Сәулеге де тегін ота жасауға дәрігерлер келісімін бергенін айтты. Мен көлік тұрағында болатынмын. Сол жерде айқайлап, секіріп, қуаныштан жылап жібердім. Алланың менің тілеуімді қабыл алғанына сансыз шүкіршілік айттым. Таразға келісімен құжаттарды реттестіріп, Мұқан, Сәуле, Наташа және мен Америкаға аттандық. Мұқан мен Сәуле өзін асырап алғысы келген америкалық достарымның үйінде бірнеше ай тұрып емделді. Қазір Сәуле аптасына бес рет осында келіп тұрады. Мен оның сабағына, ағылшын тілін оқуына көмектесемін. Ол менің туған қызымдай. Ал Наташа ұлы екеуі мен демеушілік жасаған «Чипенгейл» госпиталінде бір жарым жылдан бері ең мықты дәрігерлерден ем қабылдауда. Екі рет ота жасалды. Оның ұлы жергілікті балабақшаға барып жүр және ағылшын тілін жетік меңгерді. Наташа мені «мама» десе, ұлы «әже» деп атайды. Мен қазір өзімді көп балалы анадай сезінемін», – дейді Виктория ағынан жарылып. Элизабет пен Виктория Тараздағы бұрынғы балабақшаның ғимаратын бірнеше жыл қаржы құя отырып, сатып алады. Бүгінде онда өздерімен бірге 3 балалы Вера есімді жалғызбасты ана да тұрады. Элизабеттің айтуынша, Вера азаматтық некеден туылған екі баласын да балалар үйіне өткізген екен. Мұнда келгенде үшіншісіне аяғы ауыр болған. Элизабет пен Виктория үш апта бойы Вераға анасы тірі бола тұра, бала жетім өспеуі керектігін айтып, оларды балалар үйінен қайта алуға әрең көндіреді. Үш баланы өсіруге өздері көмектесетіндіктерін айтады. Бүгінде Вераның 3 баласы үшін де Виктория – әже, Элизабет әпке атанып отыр. Қамқор жүректі аналар қолұшын созған жандар қатары мұнымен шектелмейді. Сонау 2000 жылы Таразға алғаш табан тіреген сәттерінен бастап балалар үйіндегі жеткіншектер мен олардың бала-шағалары да бұл жерге жиі бас сұғып тұратын қонақтар.

«Бақыт – байлық пен ақшада ғана емес...»

Элизабет Америкада 10 жыл бойы жылдық бюджеті 13 миллион долларды құрайтын балалар колониясының директоры болған. Виктория да қиын балалармен жұмыс істеп, екі бала асырап алған. «Америкада да балалармен жұмыс жасаған екенсіздер. Неге бұл істеріңізді Америкада емес, осында келіп жалғастыруды жөн санадыңыздар? Бәрін тастап, Таразға көшіп келулеріңізге не себеп?» деген сауалымызға: – Мен АҚШ-та балалар тарапынан сотта өкіл ретінде қатысатынмын. Бірде біз 160 АҚШ долларының аяқ киімін ұрлаған жеткіншектің, енді бірде анаша шегіп алып төбелескен баланың ісін қарадық. Маған сол кезде бұлар үлкен проблема болып көрінетін. Ал Таразға келген соң мұндағы балалардың проблемалары олардыкінен әлдеқайда күрделірек екеніне көзім жетті. Мұндағы жетім жасөспірімдер қайырымды жандардың көмегіне әлдеқайда мұқтаж. Балалар үйлері оларды ыстық тамақпен, жылы төсекпен қамтамасыз етер, бірақ онда өмір сүруге үйретпейді. Мүгедек балаларға жеке-дара арнайы көңіл бөлінбейді. Әрі Америкада түрлі әлеуметтік бағдарламалар көп, ол жағы жақсы дамыған. Солар арқылы америкалық жетімдерге көбірек назар аударылады деп ойлаймын. Менің өмір бойғы арманым өмірде жолы болмаған жеткіншектерге көмектесу еді, мен сол арманымды осы Таразда барынша жүзеге асыра аламын деп ойлаймын. Ал Қазақстанның ішінен Таразды таңдауымыздың себебі, Алматы мен Астана – ірі қала, онда Нью-Йорктегідей көлік те, қозғалыс та көп. Әрі Астана қатты суық. Оңтүстік Қазақстан болса тым ыстық. Ал Таразымыздың ауасы да, адамдары да керемет. Біз бұл қаланы әлемнің ешбір бұрышына айырбастамас едік. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын да осы Таразда үйреніп жатырмыз, бесбармақты қазақтардан кем жемейміз. Қыз ұзату, шілдехана, сүндет тойлардың да бірнешеуінде болдық. Қазақ тілін үйренуді Қазақстанға келісімен басты міндетіміздің бірі деп санадық. Алғашында қиындау болды, әрине, қазір жетік сөйлемесек те, күнделікті қарым-қатынас барысында аса қиналмаймыз. Сонымен бірге мұнда әңгімелесіп отырып, асықпай шай ішуге, достардың үйіне қонаққа еркін баруға болады. Автобуста, көшеде танысқан адамдар қонақжайлық танытып, үйлеріне шақырып жатады. Адам өміріндегі ең басты құндылықтар да осы емес пе? Ақша, байлық деген – тек қолдың кірі. Бір-бірімізге көмектесіп, сыйласып өмір сүргенге не жетсін?! Біздің Америкада ештеңеміз қалған жоқ. Тек достарымыз және қаржылай көмектесетін демеушілеріміз ғана бар, – дейді Элизабет. Екі американдық әйелдің туған жеріміз туралы тебіренісін ұйып тыңдап отырып, уақыттың қалай өткендігін де байқамаппыз. Тек қолдың айраны мен сүтін әкелген көрші әйел кіріп келгенде ғана әңгімемізді доғаруға тура келді. «Енді жүріңіздер, асықпай отырып, қазақшалап сүтпен шай ішейік» деп немересін көтерген Виктория да бізді дастархан басына шақырды.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Суретті түсірген Алмаз ОРМАНОВ.

Ұқсас жаңалықтар