«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұл-қызың болсын он шақты

Ұл-қызың  болсын он шақты
ашық дереккөз
Ұл-қызың болсын он шақты

Отан – отбасынан басталады. Шүкір, қай ауылда болмасын өзгелерге үлгі боларлықтай отбасылар бар. Өмірде қарапайым еңбегімен бақыттың шуағына шомылып отырған замандасым Әтіркүл Қанаева жайлы қалай мақтасақ та жарасады-ақ. Сонау 50-ші жылдардың басында Жамбыл медициналық училищесін тәмамдап, фельдшер мамандығын иеленген ол бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ ауданының Киров атындағы ұжымшарына жұмысқа тұрды. Талдырмаш қыз ә дегеннен-ақ өзінің еңбексүйгіштігімен көптің ықыласына бөленіп еді. Ол уақытта қазіргідей емес, дәрігердің тапшы кезі. Дәрі-дәрмек те қат болатын. Бүкіл бір шаруашылықтың тұрғындарына қалтқысыз қызмет ету оңай емес болатын. Күн демей, түн демей осы жүкті арқалаған Әтіркүлдің көпшіліктің алғысына бөленуі өзінің мамандығына деген адалдығынан болса керек. Ол осында өмірлік серігін де тапты. Осы ауылдың тұрғыны, жоғары білімді экономист-есепші қызметін атқарып жүрген Тельман Жапаровқа тұрмысқа шықты. Көп ұзамай ол осы шаруашылықтың бас есепші қызметін атқарды. Жарасымды жұп ауыл көркі еді. Ауыл интеллигенциясы ол жылдары білімге, өнерге құштар болатын. Қолдары сәл босаса ауыл клубында ән салып, кітапханаларда кітап оқитын. Сөйтіп жүріп ауыл мәдениетінің жандануына күш салды. Кейін Тельман қызмет бабымен Чапаев атындағы кеңшардың, ал 1968-1970 жылдары Жамбыл құс фабрикасының, 1970 жылдан 1980 жылға дейін аудандағы ең үлкен шаруашылық Ровное кеңшарының бас есепші қызметін абыроймен атқарды. Әтіркүл осы кезеңдерде балалар бақшасында фельдшер болып істеді. Ауыл дәрігерлік пунктінде ұзақ жыл істеп, тәжірибесі толысқан ол осы саладағы білікті маман атанды. Өмір бірқалыпты болмайды екен. Жұбайы Тельман мезгілсіз дүниеден озып, отбасының бар ауыртпалығы өзіне түсті. Алды жоғары оқу орнына енді түсіп, кішісі мектепке енді барған 8 ұл-қызды өсіріп, оқытып, өмір көшіне қосу оңай болған жоқ. Тағдырмен тайталасып жүріп, еңбек етіп, ұрпағын жетілдірді. Бұл күнде барлығы үйленген, үбірлі-шүбірлі отбасыға айналды. Үлкен қыздары Рая дәрігер болса, үш қызы ұстаз болып еңбек етуде. Ұлжан Жапарова Бурыл орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, жоғары санаттағы ұстаз. Қара шаңырақта отырған Әділет жеке кәсіппен айналысады. Немерелерінің ортасында алаңсыз өмір сүріп отырған Әтіркүлдің ақыл-кеңесі оларға қашанда керек-ақ. Өмірден өз орнын тапқан ұл-қыздарына тәубе дей отырып, осының бәрі адал еңбек, маңдай термен келгенін мақтан етеді.

Есіркеп Серікбайұлы, еңбек ардагері.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар