Бозбала
Біздің ауылда бұрынырақта Темірбек молда деген ақсақал болды. Кеңестің қылышынан қаны тамған заман болса да әкеміз марқұм имам-молдалармен етене араласып, біздің үйде ел құлағы естімеген сан қилы ғажайып әңгімелер жиі айтылатын. Ересектердің әңгімесін ұрлана тыңдаған біздің санамызда Құран Кәрім хикаяттары мен шынайы өмірде болған небір қилы-қилы шытырман әңгімелер қабаттасып, тылсым бір әлемге жетелейтін. Хош, әңгімемді қайта Темірбек молдаға бұрайын. «Ауылдың молдасынан дәріс алып, жасымнан ел арасында «бала молда» атана бастағанмын», – деп бастады бірде қария әңгімесін. Ауылымыз Қырғауылдының бөлдегінде, «жоғарғы», «төменгі» ауыл болып бөлінетін. Жасым шамамен он алтыларда болу керек, бірде жоғарғы ауылға бармақ болып жолға шықтым. Көктемнің бір тамаша мамыражай күні, бозторғай шырылдап, көк майса шөп жұпар аңқиды. Кең тыныстап, асықпай келе жатқан едім, сыңғырлаған күміс күлкі құлағыма келгендей болды. Ойпырмай, елсіз жерде жүрген кім болды екен деп, айнала барлай қарап, гүл шашқан тобылғының арасынан қол бұлғап тұрған екі қызды көзім шалды. Жүрегім атша тулап, кеудеме сыймай, аузыма кептелді. Енді қыздардың сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Қыпша бел, сұңғақ бойлы, үріп ауызға салғандай хас сұлулардың нағыз өзі. Екі қыз мені мазақтағандай, тастан-тасқа секіріп, сықылықтап, бұта-бұтаның арасымен ойнақтай қашты. Мен ұстамақ болып, арттарынан қудым. Олар жеткізбей мәз, есім кете, далақтап айызым қанбай мен жүрмін... Осылайша жүріп кешті де батырдық. Қыздар маған қарап, «артымыздан ер» дегендей ишара жасады. Мен аңтарылып, күніге аралап жүрген жерлерімді танымай келем. Елсіз сайдың етегіне айналдыра ақшаңқан үйлер тігілген. Адамдары дабырлап, кіріп-шығып жүр. Біздер шеткі үйге ұрлана жақындап, лып етіп ішке кірдік. Қыздар сықылықтап, мені төрдегі үлкен сандыққа тықты. Таң атып, үй босасымен, тұспалдауымша, апалы-сіңлілі екі қыз мені сандықтан алып шығып, ауылдың сыртына ертіп апарды. Сол күннен бастап күні бойы қыздармен еркін ойнап-күліп, кешке сандығыма тығылып жүрдім. Құдайдың құдіреті, күні бойы не қарным ашпайды, не ешкіммен бір ауыз тілдеспеймін. Ел-жұрт, ағайын-туған – бәрі ұмыт болған, бар есіл-дертім – екі қыз. Бар білерім, осы екі қызға ессіз ғашықпын. Үш күн өтіп, төртінші түнге қарағанда қыздардың шешесі сезіп қойып, мені сандықтан алып шықты. Үй адамға лық толып, өзара мен үшін түсініксіз бір тілде айқайласып, екі қыз ботадай боздап жатты. Бір кезде бәрі тына қалды. Кіре сала есіктен төрге озған ақсақал маған тесірейе қарап, тергей жөнелді. Дірдек қағып, жөнімді айттым. Ол: «Сендер адам затысыңдар, ал біз перілерміз, сендермен араласуға бізге бұйрық жоқ. Қонған жеріміз адам баласына белгілі болса, ол жер бізге тұрақ болмайды. Таң атқанша біз бұл жерден көшуіміз керек. Сен де біздерге ілесесің», – деді. Мен оларға қосылмайтынымды және өліп кетсем де екі қыздан айырылмайтынымды айттым. Ол сәл ойланып тұрып: «Жарайды, саған қояр бір шартым бар, соны орындауға дайынбысың?» – деп сұрады. Мен қандай да шартқа қуана келісетінімді айттым. Бас пері: «Осы түні таңға дейін көз ілмесең, ертең екі қызды өзіңмен бірге ертіп әкетесің, ал ұйықтап кетсең, бізді мәңгі-бақи көрмейтін боласың, шартымыз осы», – деді. Сол түні қаншама ұйықтамауға тырысып бақсам да, екі қыз сергітпек болып мені кезек-кезек қытықтаса да, таң қылаң бергенде ұйқы – дұшпан қатты қысып, көзім бір ғана сәтке ілініп кетіпті. Көзімді ашқанымда, үстімдегі үй де, қасымдағы екі қыз да зым-зия жоқ болыпты. Аһ ұрып, орнымнан атып тұрғанымда, астымда қалып қойған көпшік те ұшты-күйлі жоғалды. Екі қыздың өксігі ғана құлағыма келгендей болды. Басымды тауға да, тасқа да ұрып, ғайып болған екі қыздың орнын сипап мен қалдым. Ал содан соң қалған ғұмырым тек сол перінің қыздарын аңсауменен өткені имандай шындық. Көкірегім өртеніп, төрт күннен соң ауылға қайтқанымда, үйдегілерден менің жоғалып кеткеніме тура бір айдың жүзі болғанын естідім», – деп Темірбек молда әңгімесін аяқтады.
Нұрхан БАҚЫТБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді