Жүзу спортынан үш дүркін Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Баландин халықаралық турнирден екі жүлдемен оралды
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Владимир Сальников атындағы халықаралық турнир жоғары деңгейде өтті. Бассейнде балықтай жүзген шеберлер бірнеше қашықтықта өзара кім мықтыны анықтады. Он елден 400-ге жуық спортшы бақ сынаған байрақты бәсекеге жүзу спортының жұлдыздары Ласло Чех, Роберт Харли, Катинка Хоссу, Эвелин Веррасто секілді шеберлердің арнайы келуінің өзі доданың беделін арттыра түсті. Халықаралық деңгейде өткен айтулы аламанда үш дүркін Азия ойындарының чемпионы, қазақстандық Дмитрий Баландин де сынға түсіп, 200 метрлік қашықтықта қола жүлдеге қол жеткізсе, 100 метрлік қашықтықта күміс медаль иегері атанды. Қос қашықтықта жүлдегерлер қатарынан көрінгеннен кейін Баландин тілшілер қауымымен тілдесіп, өз ойын білдірді. «Бұл додалардың бәрі де Олимпиада ойындарына дайындық деуге болады. Ең басты мақсатым Бразилияда өтетін төртжылдықтың басты бәсекесі Олимпиада ойындарында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, мүмкіндігінше елге жүлдемен оралуды армандаймын. Олимпиада ойындарында атой салу барлық спортшының ойы ғой. Қазіргі таңда өз көрсеткіштерімді уақыт өткен сайын жақсартып келемін. Еліміздің абыройын асқақтатқаннан асқан бақыт жоқ мен үшін. Сол жолда талмай тер төгуге әзірмін», – деді Дмитрий Баландин өзінің мақсаты мен жоспары хақында ой бөлісіп. Бірден айта кетейік, аты аңызға айналып кеткен американдық спортшы Майкл Фелпс жүзу спорты бойынша Олимпиада ойындарының 18 дүркін чемпионы атанғаны бәрімізге мәлім. Ендеше, біздің Фелпс Баландин болмасына кім кепіл? Ол үшін тек еңбек керек...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді