Бауыржан Момышұлына
Мұқағали Мақатаев. Аға,
Саған, білмеймін не айтарымды,
Қай қырыңнан білмеймін байқарымды.
Көңілдегі ой көмейге кептелді де,
Түрмесіне кеудемнің қайтарылды.
Қайтерімді, білмеймін не айтарымды.
Жасқануды білмеуші ем, жалтаруды,
Неге көңіл, білмеймін, аңтарылды?!
Ақ тұлпарым бар еді саған деген
Алып ұшпай ол неге қаңтарылды?!
Сен зәру емессің ғой сый-құрметке,
(Сырлы аяқтың сыны бар, сыры кеткен).
Тонға емес, орамал жолға жарап,
Сый тартуды атамыз ырым еткен.
Тартар сыйым өзіңе болмағасын,
Белгілі ғой қасыңа жоламасым.
Ақ сұңқарым бар еді, ұшпай қойды,
Алсам-дағы басынан томағасын.
Қылышымды суырып қынабынан,
Қыл қапқан жүзін көріп, жыладым-ау...
Жетімдердің кегі мен жесірлердің
Суарып ем суалған бұлағына.
Қайрап едім зауалдың шарығына,
Қақтап едім қан майдан жалынына.
Қынабына оны да жасырдым мен,
Керек болып жүрер деп халығыма.
Қынабына сап қойдым үмітпенен,
Оның несін жасырам бүгіп сенен.
Саған, аға, сақталған бір сый бар-ау,
Назарына ешкімнің ілікпеген.
Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,
Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған!
Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған.
Ешкімнің назарына ілікпеген,
Саған бір сый тартам деп үміттенем.
Жүрегімнің тапсырған аманатын,
Бере алмай кетем бе деп күдіктенем.
Қандай сый тартсам екен, аға саған,
(Білмеймін, жараспай ма, жараса ма?!)
Ешбір сый таба алмасам, аға, саған
Әппақ тонын – атамның тәбәрігін,
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам.
Ұқсас жаңалықтар
Кітап оқу газет оқудан басталады
- 17 шілде, 2025
Мыңнан астам кітап цифрлық форматқа көшірілген
- 1 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді