– Қас қарайғанда, алжыған кемпір, қос-қос сөмкеңді сүйретіп қайда кетіп бара жатырсың?! Шалы төркініне қуып жіберді дейін десек, шалыңды да шыдатпадың. Ана-а-ау жаққа шығарып салдың. Қайда жол тарттың екі кештің арасында? – Несін сұрайсың, қыз-ау? «Ұзатылып» бара жатырмын ғой. – «Қартайғанда кәрі боз жорға шығарар» деп, не пәлені бықсытып отырсың? Сексенге келген бізді қыз дегенің қай сасқаның?! – Ей, сырласым-ау, қыз деп қай-қайдағыны есіңе түсіріп, қитығыңа тиіп отырғаным емес. Енді сені көре аламын ба, алмаймын ба, кім біледі. Еркелеткенім ғой. Әлгі кәсіпкер, қалталы қатынының дегенінен шықпайтын баламның, адам екен деп елемейтін келінімнің арқасында сексенге келіп «ұзатылып» бара жатырмын. Әй, бірақ оларға мың да бір рахмет! Бұндай бақыт кім-кімге болсын бұйыра бермейді. Барған жерінде ұялмай, кеудесін керіп жүрсін деп ұлым мен келінім жоқ-жітігім мен киім-кешегімнің бәрін түгендеп берді. «Төркіні жақынның төсегі жиналмайды» деген мақал естеріне түсті ме, әлде барған жеріне сыйыспай қайта қашып келіп жүрер деп қорықты ма, өмірімде атын естімеген алыс қалаға «ұзатып» жатыр. Жандарым шығарып саларларында: «Артыңызға қарамаңыз, жаман ырым, барған жеріңізге тастай батып, судай сіңіңіз, жаман атты болып, қайта келіп жүрмеңіз», – деп баталарын беріп, көздеріне жас алды. Бірақ, немерелеріммен дұрыстап қоштаса да алмадым. Мені ұзатып жіберді деп әке-шешелеріне ренжіді ме, әлде құрғыр компутерінің шырмауында шырмалып отыр ма екен?! Немерелерімнің маңдайынан иіскемегелі қай заман. Иістерін ұмыттым. Ертегі айтып, бесік жырын айтып, тарихымыздан мақұрым болып өспесін деп тарихымызды айтып бергім-ақ келеді. Бірақ, шешесі жандарына жолатпайды. Ертегі-пертегіңмен миын ашытасың, сенің Алпамыс, Қобыландыларың кімге керек?! Заман талабына сай компьютердің тілін меңгерулері керек дейді. Әй,бірақ онысы дұрыс-ау. Батыр болып кімді қорғайды дейсің мына тыныш заманда. – Әй, кемпір, мені жындандырайын демесең, осы жерден тоқтат. Не қара басты? Алжыған-ау, «ұзатылып» барамың не? Кемпір «ұзатылыпты» дегенді естісем – құлағым керең болып, көрсем – көзім шықсын. – Құрбым-ау, қай шекесі қызғаннан «ұзатылып» бара жатыр дейсің? Шалым екеуміз өз қолымызбен тұрғызған қара шаңырағымызда жалғыз ұлымның қасында болып, немерелерімнің қасында, тәтті иістерін құшырлана иіскеп отырғысы келмейді дейсің бе? – Айт, ендеше төзімді тауыспай. Қара шаңырағыңда немерелеріңді иіскеп отырмай, қайда «ұзатылып» бара жатырсың? – Қарттар үйіне?! – ?..
Талғат НҰРХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді