«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жанам деген жүрекке от берген жастар басылымы

Жанам деген жүрекке от берген жастар басылымы
ашық дереккөз
Жанам деген жүрекке от берген жастар басылымы
[caption id="attachment_31148" align="alignleft" width="300"]IMG_1013 Гүлнұр Ембердиева,
облыстық «Арай»
жастар газетінің
директор-бас редакторы.[/caption]

 – Гүлнұр ханым, Сіз журналистік жолыңызды осы «Арай» газетінен бастап, бүгінде облыстық басылымды басқарған алғашқы нәзік жанды болып отырсыз. Жалпы, аталған басылымға тұңғыш аяқ басқан кезіңіз жайлы айтып берсеңіз...

– «Арай» газеті 2005 жылы жаңадан жарыққа шыға бастағанда, облысымыздағы тың жаңалыққа елең ете қалдық. Әсіресе әдебиет, шығармашылық десе жанып түсетін жастарға бұл үлкен серпіліс еді. Алғашқы сандарын қалт жібермей оқыдым. Ол кезде әр нәрсе түртіп жүреміз. Бір-екі мақала жазып, апарып тастадым редакцияға. Алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов ағамыз мені іздетіпті. Жұмысқа шақырды. Осылай орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі едім, жастар газетінің тілшісі болып шыға келдім. Егер маған өмірімді жаңадан бастау бағы бұйырса, осы өмірімді қайталайтын шығармын. Себебі, он жылым өткен, еңбегім мен маңдай терім сіңген газетімді жақсы көремін. Бұл жерде мен қалыптасу, өсу үстінде болдым. Талайлы кездерді бастан өткердік. Жастықпен көзсіз батылдыққа барған сәттер болды. Алдымнан үнемі жақсы адамдар кездесіп, қолдап отырды. Кейбір сәттерде «әттең, ұл болып тумаппын» деген болмашы өкініш шарпып өткенімен, нәзік жандылардың да қазақ журналистикасында қолтаңбасы қалатынын дәлелдедім-ау деймін. – Жастар газетін жастардың басқаруы – заңдылық. Дейтұрғанмен, Сізге дейінгі редакторларға көз жүгірте отырып, Сіздің ең жас редактор екеніңізді байқаймыз. Шығармашылық адамдарына бас болып, бағыт-бағдар беру оңай шаруа емес, әрине. Қызметіңіз қиындық туғызбайды ма? – Мен өзімді редакторлыққа жас келдім деп айта алмаймын. Жеті жыл журналистігіммен қоса бас редактордың орынбасары қызметін атқардым. Басқа қалыптасқан елу жылдан аса тарихы бар газеттердегі журналистер үшін шынығу әрі қызметтік өсу баяу жүретін шығар. Ал бізде, «Арайда», космостық жылдамдықпен жүрді бұл процесс. Басылымға жұмысқа келген жастардың барлығының бір ғана ұстазы, бір ғана үйретушісі болды, ол Болат Бекжанов еді. Тәжірибесіз, әр саланы бітіріп келген бізді кадр тапшылығынан жинаған ол кісі қанша қиналса да шыдады, үйретті. Қателессек, кешірді. Жаза алмасақ, қайта-қайта қайтарып берді. Қашан сауатты жазғанша сөйтетін. Нәтижесінде бірден сауатты ойлауға үйрендік. Бұны мен ғана емес, Бекжановтың бешпентінен шыққан барлық шәкірттері айтады. Әрине, одан кейін бас редактор болып кәсіби журналист Оралхан Дәуіт ағамыз келгенде біздегі батылдық оянды. Ақпараттық кеңістікте екінші тынысыңмен де қалықтауға болатынын түсіндік. Жалпы, «Редактордың кабинетіне өз ойыңмен кіріп, редактордың ойымен шығасың» деген бар. Ең алғаш редактор болғанда қатты қобалжыдым. Бәлкім, қорыққан шығармын. Бірақ, алдымда басшы болған екі ұстазымнан үйренгендерімді алып, екеуінің ортасынан бір газет шығаруды ұйғардым. Әрине, кез-келген саланың өз қиындығы бар. Журналистика деген – сөз майданы. Ол – үздіксіз, тоқтамайтын, бір секунд та саябыр таппайтын ұлы майдан. Онда үздіксіз ізденіс керек. Сондықтан мен өзімді үйренуші ретінде көбірек сезінемін. Мендегі ұжым кілең жастардан тұрады. Мен оларға бағыт-бағдар бере отырып, өзімдегіні толықтырып отырамын. – «Арайды» алғаш жарыққа шығарған редактор Болат Бекжанов сол кездерде берген сұхбатының бірінде: «Арай» – айтары бар жастар үшін ашық мінбер», – деген еді. Бүгінде басылым сол ұстанымын қаншалықты ұстанады және облыс жастарымен қаншалықты тығыз байланыста жұмыс істейсіздер? IMG_1027-– Жастар басылымы шынында жоғары буынның назарын өзіне аударатын ашық мінберге айналғаны рас. Біздің басылым арқылы қаншама мәселе шешілді, алғыстар алдық. Ең бастысы халық пен биліктің арасындағы алтын көпір қасиетін жоғалтқан жоқ. Ал жастар үшін жанам деген жүрекке от беретін дүние болды. Қаншама жас ақынның тұсауы кесілді, қаншама жазушыға шабыт берді, қаншама балғын журналистикаға жол салды. Қазіргі ақпараттық ғасыр жүріп бара жатқан пойыз сияқты дүние ғой. Әр күні, әр рейсте түрлі жолаушы. Баспасөз де сол сияқты дүние. Тоқтамайтын, айналған дүние, күн сайын тосын жаңалық, түрлі оқиға. Сондықтан көзқарастардың өзгеріп, стильдің жаңарып отыруы – заңдылық. Жастар газеті, әрине, жастармен бірге жасайды. Газеттің оқырманға ұсынылған он жылында жастармен тікелей байланысты талай айдарлар болды. Соның ішінде біраз өз рөлін атқарғаны «Ең жас...» айдарының айтары еді. Ең жас депутат, директор, әкім қаралар туралы біраз ақпар бердік. Уақыт өте келе, жастармен тікелей байланыс «Жастар және саясат», «Жастар және Болашақ», «Жастар және бизнес» деген диалогтық алаңға құрылды. Бұл айдарлар тікелей облысымызда мемлекеттік қызметте жүрген, билікте қызмет ететін, шет мемлекетте білім алып жатқан, өз кәсібін ашып, бизнесін дөңгелетіп отырған өңірлік жастармен ашық әңгіме жүргізеді. Бұл, бір жағынан, өзге жастар үшін тәлім-тәрбие, дұрыс бағдарға ұмтылдыру. Екінші жағынан, біздің облыстың белсенділерін халыққа таныту. Бір кездері оқырманның ықыласына бөленген «Біз де жігіт болғанбыз», «Бойжеткен едік» айдарларының орнын «Біз де студент болғанбыз», «Мен қалай үйлендім?» басып отыр. Бұл – аға буын мен бүгінгі буынның ортасындағы рухани байланыс сияқты дүние. Әрине, жастар басылымының есігіне тыным жоқ. «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, қалам ұстап, өлең түртіп жүрген қыз-жігіттер, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділерімен үнемі байланысымыз үзілмейді. Сонымен қатар, Тараз жастықтың, жалынның қаласы десек, оны мәңгі жас етіп тұрған – оқу орындарындағы студенттер. Сондықтан ТарМУ, ТарМПИ, ТИГУ-мен байланысымыз мықты. Орта оқу орындары Жамбыл политехникалық колледжі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі, Жамбыл медициналық колледждерімен тығыз жұмыс жасаймыз. – Жастар жүрген жерде жалын, жетістік, тың бастамалар мен соны идеялар жүретіні сөзсіз. «Арай» ұжымының болашақтағы шығармашылық жоспары қандай? – Баспасөз де ұжымдық жұмыс. Осы он жыл ішінде «Арайдан» талай жас түлеп ұшты. «Арай» – журналистердің ұстаханасы» деп айтылатыны сондықтан. Мен өз ұжымыммен мақтанамын. Редактордың орынбасары Дәулет Төленді, жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева, бөлім жетекшілері Хамит Есаман, Тұрсынбек Сұлтанбек, Саятхан Сатылғанов, тілші Қамар Қарасаева журналистикаға елеулі із салады деген сенімдемін. Ал жас журналистер Мұратхан Әлімхан мен Талғат Нұрхан, Шынболат Күзекбайлардан көп үміт күтемін. Биылғы жыл «Арай» үшін жеміссіз, жеңіссіз болған жоқ. Алдағы жылы да қарап жатпаймыз. Оқырмандарымыз біздің газетті таңдағанына өкінбейтіндей шығармашылық ізденістеміз.

Сұхбаттасқан Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар