Қазақ басылымдырының бөлшек саудаға шығарылымын, қалалықтардың мемлекеттік тілдегі газетке деген сұранысын білмек мақсатпен газет-журнал сататын орындарда болдық. Төле би даңғылындағы «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалына қарасты №2 газет-журнал сататын дүңгіршектің сатушысы Ұлбосын Мәмбетова «Ақ жол» газеті екі айдан бері келмегенін айтты. Сатушының сөзіне қарағанда, облыстық газетті іздейтіндер бар. Қазыбек би көшесіндегі газет-журнал сататын орынға да осы басылым осынша уақыт келмеген. Сатушы Оксана Гриченкомен басылымның сатылымы жөнінде сөйлесіп тұрғанымызда, екі-үш қала тұрғыны «Ақ жолды» іздеп келді. Сатушының сөзіне қарағанда, «Ақ жолдың» тұрақты оқырмандары бар екен. Әлгі газет іздеп жүргендер солар көрінеді.
Алдаберді Мақашев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі: – Мен «Ақ жол» газетінің 40 жылдан бері тұрақты оқырманымын. Қай салада қызмет етсем де басылым менің ақылшым, серігім болды. Баспасөзге жазылу науқаны басталысымен бірінші осы газетке жазыламын. Пошта қызметі газет-журналды үйге түстен кейін жеткізетіндіктен, кейде облыстың бас басылымы не жазыпты деп газет сатылатын орындарға ертемен бас сұғатыным бар. Ондай бөлшек саудада «Ақ жол» болмай шығады. Тіпті, мемлекеттік тілде жарық көретін газеттер мүлдем жоқ. Үйге пошта келісімен кейбір көршілер келіп, «Ақ жолды» дүңгіршектерден таппадық, қарап шығайын, бере тұрыңызшы» деп сұрап алады. Жалпы жұрттың басылымға деген қызығушылығы жоғары. «Газет қажет болса неге жазылмайсың?» деп жазғыруға болмас. Өмір болған соң түрлі жағдай болады. Сондықтан да «Ақ жолды» бөлшек саудаға көптеп шығару керек. Қарлығаш Қапарова, №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: – Ұрпақ тәрбиесінде еңбек етіп жүрген соң бізге мерзімді басылым ауадай қажет. Сондықтан баспасөзге жазылу науқаны кезінде газет-журналға жазылуда ұстаздар қауымы белсенділік көрсетеді. Педагогикалық басылымдар, республикалық, облыстық және қалалық газеттер бар, бәріне бірдей жазылу мүмкін болмағандықтан газет-журнал сататын орындардан «Ақ жолды» іздейтін әріптестерім аз емес. Бұрын мектебіміздің іргесіндегі дүңгіршектен алып тұрушы едік, біраз болды онда түспей қалды. Бізден бір ұсыныс – «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы газет редакциясымен келісімшартқа отырып, осы орынға газет жарыққа шыққан сайын оқырмандарға жеткілікті түрде жеткізіп тұрса. – Майдан Орынбаев, Тараз қаласының тұрғыны: – «Ақ жолдың» тұрақты оқырмандарының бірімін. Бұл басылымнан жаныңа не керек, бәрін табасың. Облыстың ғана емес, ел өміріндегі елең еткізер жағымды жаңалықтармен қатар, қазіргі дүрбелеңге толы дүниедегі оқиғаларға дейін қамтып жазады. Ал енді ел іздеп жүріп оқитын басылымның бөлшек саудада сатылымы жолға қойылса, газет оқырмандарының саны еселеп артар еді. Нарық заманында бәсекеге қабілетті тауардың өтімді келетінін ескерсек, жүз жылға жуық тарихы бар облыстың бас басылымы қай жағынан да бәсекеге қабілетті. Тек қана бөлшек сауда жағын дұрыстап жолға қойса болды. Тіпті, жеке азаматтармен келісімшартқа отырып, газет сату жұмысын ұйымдастырса да болар еді... Біз әңгімескен тараздықтар осылай дейді. «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Дастан Үкібаев та негізгі міндеттері – баспасөзге жазылу науқанын ұйымдастырып, оқырмандарға газет-журналдарын мекен-жайларына жеткізіп берумен бірге редакциямен келісімшарт арқылы бөлшек сауда жұмысын да қолға алуға ниетті екенін білдірді. Мемлекеттік тілдегі басылымдар оқырмандарының 75 пайызы ауылдықтар болатындықтан, шалғай мекендердегі бөлімшелерге дейін бөлшек саудаға шығаруға болатын көрінеді. Ал Тараз қаласындағы Төле би даңғылы бойындағы №2, 4-шағын аудандағы №3 және Қазыбек би көшесіндегі №9 газет-журнал сататын орындарын болса да «Ақ жолмен» қамтамасыз етудің еш қиындығы жоқ. Жалпы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының өңірде 205 бөлімшесі бар екен. Газет бөлшек саудаға көптеп шығарылса, оқырманға да, сатумен айналысқан құрылымдарға да пайдалы. Журналистердің көз майын тауысып жазған дүниелерін оқитындар қатары артады.Тағы бір мәселе – жаңа нөмір жарыққа шығысымен «Ақ жолды» сұрап, редакция табалдырығын тоздыратын тараздықтар қаланың әр қиырынан редакция ғимараты орналасқан «Достық» алаңына сабылмайды.
Aмангелді ӘБІЛ, «Ақ жол». Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді