басылым оқырмандарымен бай
Бет қатталып жатқанда Шу ауданының әкімі Рүстем Дәулеттен жеделхат келді. Аудан әкімі облыстық аға басылым – «Ақ жол» газетіне 2000 оқырман жазылғанын жеткізіпті. – Қазақ тілінің өрісін кеңейтуге аудан халқы осылай үлес қосуды жөн санапты, – дейді әкім жеделхатында.
Газеттің тірегі – оқырман. Баспасөз қоғамға үлкен қозғау салады. Бірақ, басылым мен бұқараның байланысының мәні бұл сөзден де жоғары екенін айтуымыз керек. Газеттің ұлт өміріне қандай өзгеріс алып келгені бүгінгі ұрпаққа жақсы мәлім.
Алғаш қазақ даласында жарық көрген «Қазақ» газеті сол кезең үшін айрықша жаңалық болды. Басылым әр қазақтың жүрек түкпірінде бұйығып жатқан алапат күшті түртіп оятып, болмысы бөлек ұлт, өресі биік ел екенін танытты. «...Әр жұрттың, әр мемлекеттік мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөзі болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді. Яки, қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдай анық» деген алаш арысы Міржақып Дулатұлының сөзі осыған дәлел. Бұл пікір баспасөздің бұқараға қаншалықты қажет болғанын көрсетсе, халықтың қолдауы басылымдар үшін қандай маңызға ие екендігін де аңғартып тұр.
Иә, кешегі өрелі қазақ үшін газет-журнал үлкен рөлге ие болған. Ал бүгін ше? Қазір оқырманның арқасында елінің өткенін жаңғыртып, келешегіне жол салып жүрген қазақ басылымдары көп. Әр өңірде сол өлкенің тыныс-тіршілігін танытып, жақсылығын асырып, көпшіліктің мұңын мұңдайтын газеттер бар. Солардың бірі – тоқсан жылдан астам тарихы бар облыстық «Ақ жол» газеті. Жамбыл жерінде жарыққа шығатын басылымдардың ішінде «аға газет» деген атқа ие болған осы «Ақ жолды» өз оқырмандары қаншалықты қолдап-қуаттап отыр?
Бұл сұрақтың жауабын «Ақ жолдың» қазіргі таралымына қарап білуге де болады. Бірақ, мәселе облыстық басылымның қанша оқырманы бар екеніне тіреліп тұрған жоқ. Барлық гәп өз басылымымен бірге өсіп-өркендейтін өңірдің жарқын келешегін көргісі келетін жамбылдықтардың сенімінде. Нақтырақ айтсақ, туған өлкесінің дамуына өзіндік үлесін қосуды міндетім деп санайтын азаматтардың өңір газетіне көрсетер қолдауында.
Облыстық газетте экономиканың сан саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы көптеген мақалалар жазылады. Денсаулық саласындағы ілгерілеу де, білім беру үрдісіндегі жаңалықтар да, қылмыскерлерге құрық салған сақшылардың батыл істері де газет беттерінен орын табады. Жамбылдық спортшылардың ерен жеңістері мен ауыл шаруашылығы саласында атқарылған ауқымды жұмыстар да назардан тыс қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, кез-келген мекеменің жақсы жетістіктерін де, басылым арқылы көпшілікке ой салмақ болғандардың айтар пікірін де жұртқа жеткізуге асығады. Ал сол газетте «көрінгісі» келетіндер өз баспасөзіне қалай қолдау көрсетуде?
Баспасөзге жазылу науқанының аяқталуына аз уақыт қалды. Көпшілігі өзінің сүйікті газет-журналын таңдап, жазылып та қойған. Арнайы кестеге қарап, газетімізге қолдау көрсеткендердің қарасы қанша екенін де шамалап білдік. «Ақ жолдың» оқырмандары негізінен ауылда екен. Атап айтсақ, Шу, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу аудандарының тұрғындары облыстық басылымға болжанған межеден артығымен жазылған. Т. Рысқұлов, Талас, Жамбыл, Байзақ аудандарындағы оқырмандар да басылымның өз өмірлерінде қаншалықты мән-маңызға ие екенін айқын көрсетіп отыр. Ал іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін өңірдің кейбір аудандары қазақ басылымына лайықты қолдау көрсетуге асығар емес. Осыған қарап, кейбір мекеме басшыларының мақала ұсынып, келесі күні редакцияға телефон шалып, оның газетке шыққан-шықпағанын сұрап жүретіндердің сырын түсінгендейміз. Басылым арқылы жұмысын жұртқа көрсетуге тырысқанмен, ана тіліндегі сол газетті өздері жаздырып оқымайтындар да осылар екен.
Иә, басылым оқырманымен бай. Бірақ, бұқара мен баспасөздің байланысы өзара тығыз қарым-қатынасы арқылы ғана мығым болса керек. Қажет кезде «төртінші биліктің» қолдауына сүйенетін жұртшылық, сол «билік» өкілдерін де қуаттап отыруды ұмытпағаны жөн.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді