Қазақ хандығынан егемен қазақ еліне дейін

Қазақ хандығынан  егемен қазақ еліне дейін
ашық дереккөз
Қазақ хандығынан егемен қазақ еліне дейін

Қазақ хандығы – халқымыздың тұңғыш мемлекеттік құрылымы, мәңгілік қазақ елінің тарихи тұғыры. Сол тұғыры биік хандықтың құрылғанына бүгінде 550 жыл толып отыр. Бұл жылдар – бүгінгі Қазақстанның өткенінен сыр шертер, тарихын танытар ақиқат пен аңызға айналған жылдар.

Еліміз тарих толқынында шыңдалып, байтақ жеріміз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғалып, сарабдал хандардың саясаты мен ержүрек батырлардың ерлігінің арқасында Тәуелсіздікке қол жеткізді. Осынау ұлан-ғайыр даламыздың алып сахарасында Қазақ хандығы ХV-ХІХ ғасырларда кеңінен қанат жайып, байтақ өңірді мекен еткен қазақ тайпаларының басын қосқан елдігіміздің бастауы болды. Қазақ хандығының 550 жылдығы – қазақ елінің өткені, қазақ халқының тарихы. Сол тарихқа көз жүгіртсек, Керей мен Жәнібектен бастау алған қазақ хандықтарының құрылуы мен өрлеуіне, халқымыздың тұрмысы мен дәстүрлі мәдениетіне, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сияқты өзіндік заңдарына тоқталмай өтпейміз. Себебі бүгінгі ерлігіміз бен елдігіміздің арқауы – Қазақ хандығы. Қазақ халқы ғасырлар бойы төккен қан мен аққан тердің өтеуіне Тәуелсіздікті алды. Тәуелсіздік алып, Нұрсұлтан Назарбаев күллі түркінің қара шаңырағында, шығыс-батыс екі дүниенің нүктесінде мүлде жаңғырған, жаңа мемлекет құрды. Бәрі де қайырымен, бәрі де өзінің ретімен болып жатыр. Ширек ғасырға жетер-жетпес кезеңде, өз тәуелсіздігімізді алғанымызда аптыққан, асыққан көңілімізбен қазақтың жоқ-жітігін, соның ішінде тіліміз де бар, айтылмай да, жазылмай келген тарихымызды да бірден орнына келтірмек үшін талпындық. Кейде сол талпынысымыз бос даурығуға ұласқандығын да жасырмайық. Сондай сәтте Елбасы «Асықпайық, аптықпайық, бізге уақыт керек, бәрі де өзінің орнына келеді» деп қалың елін сабырға шақырғаны да әлі есте. Иә, бәрі де, Елбасы айтқандай, өзінің орнына келіп жатыр. Қазақтың тілі дейсіз бе, ол да күні кеше Назарбаевтың сөзімен Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен әлем аспанында жаңғырды. Және де тұңғыш рет! Қазақ қазақ болып жаралғалы біздің ұлт өзінің ана тілімен әлемдік сахнада алғаш жарқылдаса, сол мәртебеге туған елін де, туған тілін де Елбасы жеткізді! Енді, міне, көне Тараз жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып өткен іс-шараларға қатысып, осы бір ұлы тарихи мерейтойды тамашалауға ынтыққан халықтың көлдей болып тасыған қуанышты жүздерін көріп, біріне-бірі құтты болсын айтысқан ақжарма тілектерін естігенде, көңілдің толқығаны тағы рас. Бұл бір қайырлы шара болды. Қазақ болып қалыптасқан кезеңдердің ұлы жиындарының бірі десек қателеспейміз. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып әуелі Астанада өткізілген жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі той, ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке қазақ жері деп атала бастады», – деп атап көрсетіп, Қазақ хандығы мен Қазақстанның Тәуелсіздігі тұтас бір тарих екендігін айтқан-ды. Көк байрағы желбіреген бүгінгі Қазақстан Тәуелсіздігінің тарихы мен Қазақ хандығы тарихының арасындағы сабақтастықты тұтас бір ұлттың тарихы деп білгеніміз жөн. Ежелден азат ел болу, өз халқын ешкімге тәуелсіз етпеу және бар ағайынмен де, жат жұртпен де тату бірлікте өмір сүру қағидасын ұстанып келе жатқан халқымыз бабаларымыздың ұлы арманына енді қол жеткізгендігін де айтқан ләзім. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау сапары барысындағы терең толғамды сұхбатында кеңінен атап көрсеткен еді. Жалпы, Қазақ хандығы мен қазақ тарихының тың мәселелері осы Ұлытауда айтылды. Сөйтіп, Елбасы Ұлытауды ұлықтау арқылы бүкіл қазақ тарихын, бүкіл Қазақ хандығының хандары мен би-сұлтандарын ұлықтауға жол ашты. Бүгінгі күні Қазақ хандығының 550 жылдығының халықаралық деңгейде аталуын да осы Ұлытаудан Елбасының өзі бастап берді. Тараз төрінде өткен дүбірлі тойға қайта ой жүгіртетін болсақ, санамызда серпіліс пайда болатыны сөзсіз. Неге десеңіз, тағылымға толы той барысында екі мың жылдан аса тарихы бар шаһардың шырайлана түсіп, шадыман күйге бөленген сәті көз алдымызда әлі де менмұндалап тұр. Сән-салтанатымен баршаның жүрегін баурап алған тойдың әсері жадымызда сақталып қала бермек. Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының негізін қалаған өңірде еліміздің барлық аймақтары мен алыс-жақын шетелдерден ат арытып келген мыңдаған қонақтар да сондай сезім жетегінде шалқып жүрді дей аламыз. Бұл ретте жамбылдық жұртшылықтың орасан еңбегін ескермеу мүмкін емес. Оның ішінде облыс басшылығының және тараздықтардың мұқият және ынталы түрде дайындық жұмыстарына тер төккені көрініп тұр. Әсіресе, мерекенің мәнін арттыра түскен қаланың батыс жақ шетінде салынған «Қазақ хандығы» монументі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл нысанның архитектуралық негізгі ерекшелігі – Керей мен Жәнібек ханның тақта отырған сәтінің бейнеленуі болды. Монументтің ашылу салтанатына Елбасымыздың өзі қатысып, оң бағасын бергені де осы сөзіміздің бұлтартпас айғағы. Сондай-ақ, «Көне Тараз» этномәдени кешені де хандық тойының басты тартуы. Көне шаһардың тарихынан сыр шертетін бұл саябақтың құрамына ашық аспан асты мұражайы, «Достық үйі», Мыңбұлақ саябағы және Шолу мұнарасы секілді ғажайып ғимараттар мен орындар кіреді. Жалпы аумағы 9,4 гектарды құрайтын бұл археологиялық саябақ Тараздың тарихын ұлттық құндылыққа айналдырып, туризм индустриясын халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік туғызады. Қайта жөндеуден өткен көше бойлары да, жаңартылған көпірлер көркі де көз тартады. Бәрі-бәрі біздің көңілімізге рухани серпіліс беріп, санамызға сергектік сыйлады. …Қорыта айтқанда, біз ең әуелі тарихын жинақтап, өткенін әспеттеп те құрметтеп, хандарын ұлықтап, бүгінгі сан ұлттың бірлігін жарастырып, әлемге үлгі бола аларлық жаңа тұрпаттағы мемлекет құра білген өзіміздің Елбасымызға тағы да риза болып, мақтандық! Біз Ұлы Дала елінің мұрагері – Қазақстанның бүгінгі салтанатына қуандық, қазақ болғанымызға шаттандық! Мәңгілік Ел болуға жазсын деген адал ниетпен оралдық Тараздан!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,  Қазақстан  Республикасының еңбек  сіңірген қайраткері,  Парламент Сенатының  депутаты.

Ұқсас жаңалықтар