(Дастаннан үзінді)
Жел кірді көңіліме жиырма бірде... Қайрат Рысқұлбеков.
І. Бұл халықтың байлығы мүлкі-жыры, Ерлер жайлы жырлайды түркі жыры. Жиырмасыншы ғасырдың кешегі өткен, Еді алпыс алтыншы, жылқы жылы. Жүрегіне иманнан дән еккеннің, Алла берер тілегін дәметкеннің. Он үшінші наурызда бір ұл туды, Ноғайбай мен үйінде Дәметкеннің. Дүркіретіп өткізіп жатыр тойды, Ата-анасы тереңге батырды ойды. Өршіл, қайсар, намысшыл болса екен деп, Нәрестенің Қайрат деп атын қойды. Долы өзендей арыны арқыраған, Дараланды секілді Алтын адам. Тай күнінде танылған тұлпардайын, Бала болды ол маңдайы жарқыраған, Елдің қамын жүретін ойлап дара, Ескертетін бұзыққа жайлап қана. Болмысымен разы қып айналасын, Алғыр болып ер жетті Қайрат бала. Тәңір берген бұл жігіт шарапат па? Бойындағы алауы алапат па? Әскерде де борышын өтеп жүріп, Ие болды көптеген марапатқа. Ерді шындық, ақиқат жолындағы, Қазынаға теңгеріп қолындағы. Сәулет және құрылыс институты, Жас Қайратты оқуға қабылдады. Пайдалы іске уақытын сарп қылды, Қарындасқа қамқор боп, қорып гүлді. Институтта Қайрат ер жатақхана Жасағының басшысы болып жүрді. Дүниеден өтпеген кімдер зулап, Толы күлкі, шаттыққа үндер шулап. Өтіп жатты әнімен жастық шақтың, Көңілді күн, көгілдір түндер зулап.
ІІ. Олар қорқақ емес-ті тұрып қалар, Жас жанымды демеді суық шалар... Желтоқсанның ызғарлы он алтысы Алматыда дүңк етті суық хабар. Ел үніне партия тас атыпты, Батпан құйрық Колбинге асатыпты. Он сегіз-ақ минуттық жиналыста, Қонаевты орнынан босатыпты. Шектен шықты қазақты шектегені, Қандай қорлық қиянат етпеп еді?! Бодандықта ашынған ашулы елге, Осы ғана еді енді жетпегені! Қауым үшін бес тиын бағаң жоқта, Жалын жұрттың ішіне алау жақпа! Қаны қыз-қыз қайнаған студенттер, Топ-тобымен ағылды алаң жаққа. Жиырма жасар жігітті баласынба, Емдесе елдің наласын, жарасын да. Шындық іздеп шарқ ұрған өр жастардың Қайрат ер де бар еді арасында. «Жан шыдамас төзіп ек азапқа да Сабырымыз қалды енді аз-ақ қана. Ұл туғанда аналар қалжа жеген, Тізгін ұстар ерлер бар қазақта да! Әркімге ыстық өз үйі, өз төсегі, Алтын барда не керек жез кесегі?! Қайта берсін еліне Колбин жолдас, Билеу керек әр елді өз көсемі!» Жас батырлар осылай ұрандады, Озбырлыққа шыдап еш тұра алмады. Зорлығына жыртқыштың қарсы шықты, Қайсар елдің тастүлек қырандары.
ІІІ. Баһадүрлер алаңда ән сап тұрды, Еркіндікті, елдікті аңсап тұрды. Қорғаны жоқ жастарды қаруы жоқ, Бес қаруы сай әскер қоршап тұрды. Шындық құнын не дерсің кеш білерге?! Адамдардың тағдырын шешті пенде... Шабуылын төбеттер бастап кетті, «Алға!» деген айтақты естігенде. Қауіп-қатер дегенің бөгет пе ерге?! Ерлігімен ер өзін елетті елге. Қарақшылар алаңда қыз-жігітті, Талатқызды қабаған төбеттерге. Анықталды санасы саяз ұлда, Анықталды деңгейі таяз ұлда. Су шашты өрт сөндіргіш машинамен, Желтоқсанның қақаған аязында. Ғажап ұлттың еркесін, ғажап қызын, Инабатты, ибалы, озат қызын. Ата-анасы аялап әлпештеген, Шаштан сүйреп қор қылды-ау қазақ қызын! Қаруы жоқ жастарға басынар тек, Сұм жендеттер әлі алда тосылар көп. Жатқызды олар көк мұзға аруларды, «Қазақтарды туатын осылар» деп.
Қорлағанда осылай қарындасын, Жігіт қалай намыстан жарылмасын?! Жалаң қолмен Қайраттар төбелесті, Ыза кернеп, тынысы тарылғасын. Жалған хабар жан-жаққа таратылды, Жүректерде жазылмас жара тұрды, Қайран жастар әділдік іздеп шыққан, Долы күшпен аяусыз таратылды. IV. Қасқыр итке сорлатты – талатты да, Түсті ізіне жастарды таратты да. Туысының үйінен ұстап әкеп, Ер Қайратты қамады абақтыға. Ертеңіне ел сенген басты үмітке, Қараулыққа, ездікке қас жігітке. Өлтірдің деп жасақшы Савицкийді, Жала жапты бейкүнә жас жігітке.
V. Жастар жағын жыртқыштың қарыстырып, Намыс елді жіберді барыс қылып. Мына елдер Қайратқа ара түсті: Венгр, Польша, Чех, Неміс, АҚШ, Түрік. Өңмеңінен суық жел барады өтіп, Қайсарлығын алды ер жарақ етіп. Горбачевқа хат жазды зиялылар, Өзгертуді жазаны талап етіп. Бұл елдерге дәт жетпей ақыруға, Ақыруға не ашу шақыруға. Ауыстырды жазасын Қайрат ердің, Жиырма жыл түрмеде отыруға. Шерменде боп әр таңды атырсын деп, Зар жебесі сәт сайын атылсын деп. Свердловскіге батырды жер аударды, Жиырма жыл жат жерде отырсын деп. Бұл өмірден не қызық баян тапты?! Көңілінде Қайраттың қаяу жатты, Қанішермен ерді бір камераға, Жол-жөнекей Семейде аялдатты. Құдайдың ақ жүректі құлы еді, Бар қазақтың Қайрат ер құлыны еді. Бірге отырған қанішер қасындағы, Мейірімсіз баскесер зұлым еді. Енді қашан бітер деп зар ішер күн, Тырнағында жүр еді ер әлі шердің. Ездер арам пиғылын қапияда, Іске асырды қолымен қанішердің. ... Алда талай асқар мен шың бар еді, Шығу үшін ер өзін шыңдар еді. Сол бір таңда сезгендей бір сұмдықты, Бозторғайдың үнінде мұң бар еді. Қара жерді қайғыдан сілкіндіріп, Ардан биік қомағай құлқын тұрып. Ұйқыдағы батырды сол бір таңда, Сұм қанішер өлтірді қылғындырып. Білмей өткен жас өмір сайранды ақыр, Темір торда болды өстіп ойран батыр. Арыстан ед ақырған аждаһаға, Опат болды қапыда қайран батыр. Елге деген махаббат шоқ қылды оны, Алаулаған алапат от қылды оны. Өзі күйді өзінің жалынына, Қиянатшыл заманы жоқ қылды оны.
VI. Қуат барда бойымда құйындаған, Құйындаған жыр жазбау қиын маған. Жиырмадан енді асқан өрімдей ең, Енді астым мен-дағы жиырмадан. Қасірет-ай, жонымнан таспа тілдің, Ел қамы үшін мен қанша бас қатырдым! Тебірене жас ақын жыр жазады, Ерлігінен қуат ап жас батырдың! Өлеңімді ел, қабыл ал ұсынам, Сәйгүлікті танырсың шабысынан. Жыр жазады Алпамыс ақын толғап, Қайрат ердің қуат ап намысынан. Қорып көпті, көтерді жүгін жұрттың, Болып кекті, халқым-ау, ұлың мықтың. Солып кетті өмірдің көктемінде, Орып кетті орағы зұлымдықтың. Иліктірем ездікті, көндірем деп, Қалың өртке бір зауал төндірем деп. Нөсер-жігіт тым ерте сөніп кетті, Бодандықтың алауын сөндірем деп. Топ бастаған көсемдер серке сынды, Серкелердің ғұмыры келте сынды. Бодандықтың көк тасын үгітем деп, Қанжар-жігіт майрылып, ерте сынды. Еркін айтсын ұл әнін, қыз әнін деп, Әнді бұзған сойқанға ызамын деп. Тасқын жастың тым ерте беті қайтты, Бодандықтың бөгетін бұзамын деп. Тар көпірде дағдарып қалғанда елі, Пайда қымбат осалға ардан гөрі. Көнбеймін деп зорлықшыл айдаһарға, Шейіт болды тым ерте арлан бөрі. Түсіп еді сынақтың ауырына, Мәңгі үлгі боп қалды енді қауымына. Сұңқар-жігіт тым ерте құрбан болды, Бодандықтың қарсы ұшып дауылына. Күллі Алты Алаштың арысына, Жыр арнаймын қазақтың барысына. Тұңғиыққа тым ерте кетті шортан, Қарсы жүзіп бодандық ағысына. Қайсарлықпен өрлікті достан күткен, Алысқан ер қиянат, қастандықпен. Аталады сондықтан дәйім бірге, Қайрат ердің есімі бостандықпен!.
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті. Алматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді