Жас қала жағасында ерке Есілдің

Жас қала жағасында ерке Есілдің
ашық дереккөз
Жас қала жағасында ерке Есілдің

(эссе)

Атырау-Алтай арасын жайлап жатқан алып сахара, сартап дала, жусанды қыр қабырғалы қазақ жұртына, Алаш баласының уысына оңай түсе қойған жоқ. Азаттықтың ақ таңы үшін егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, сүйем қарыс жерді жанкештілікпен қорғаған бабалар рухына мың тағзым! Қай кезде, қай дәуірде болсын қазақтың тарихы бірігу тарихын құрады. 

Хан-шатыр-фото-Е-1 14926481 14926471 13Сол ілгеріде ел ретінде бірлесіп етек жинауы мұңға айналған жамағат тоқсан бірдің арайлап атқан ақ таңында бір тудың астында Тәуелсіз, азат ел ретінде бас қосты. Көк туымыз содан бергі аралықта көктен желбіреп келеді. Шүкір! Бүгінгі ұрпақ еш ойланбастан: «Жас қала жағасында ерке Есілдің, Азамат тер төгуде ертеңі үшін. Жарыса ғимараттар бой көтерген Дәл бүгін біреулерге ертегісің» – деп еркін жырлай алады. Қараөткел тұсында іргесі қаланған бағаналы орда бақордамыз – Елорданың төрінде ерке Есіл өзені есіп ағып тұр. Тарихтың сан тараулы, түйдектеліп қалған парақтарын парақтап отырсақ, Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы екінші жалпы қазақ құрылтайы шақырылғанын, құрылтайды қазақ халқының Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған ірі қайраткер ұлдары ұйымдастырғанын байқаймыз. Құрылтай нәтижесінде Қазақстан Үкіметінің – Жалпы қазақ Ұлттық кеңесінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланып, «Алаш» Қазақ Автономиясының астанасы болып ресми түрде Ертіс жағалауындағы Семей қаласы жарияланды. Өкінішке қарай, Астана мәртебесін Семей ұзақ сақтап тұра алмады. Кейіннен Орынбор шаһары ел астанасына айналды. Мұнан соң Сыр жағалауындағы ежелгі Ақмешіт, қазіргі Қызылорда Елорда статусын иеленсе, кейіннен Алматы қаласы ел астанасы мәртебесіне лайық деп танылды. Әрине, соқтықпалы-соқпақты қазақ тарихына зер сала отырсаң, небір зұлматқа толы жылдармен қауышасың. Енді міне, біз егемен ел ретінде, өзге мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең мемлекет атанып, өз Астанамызды бекіттік. Бұл – еркіндіктің жеңісі, жемісі. Әр мемлекеттің ертеңгі тарихын айқындайтын тарихи сәттері болады. Ел тарихында ойып тұрып орны бар тарихи оқиғаның бірі – Астанамыздың Сарыарқа төсіне орналасуы еді. Азаттық жылдарының алғашқы кезінде жас мемлекеттің уығын мықтап қағып, шаңырағын нығырлап бекіту үшін күні-түні тынбай ізденген Елбасымыз үш бірдей нақты қадамға келгені мәлім.Соның бірі – 1994 жылдың 6-шілдесінде ҚР Жоғарғы кеңесі сессиясында Елбасы ең алғаш рет еліміздің астанасын басқа қалаға ауыстыру туралы ұсынысын жеткізгені еді. Сол бір кезең, дәуір хақында Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде: «Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс та жасадым. «Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?» дедім. Әуелгіде ел соншалықты елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Қаскелеңге тірелесің, мына жағында Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ, жүзеге аспай қалған. Содан болашақ Астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық» деп, өзінің ұтымды ұсынысын ел назарына жекізгені де есте. Шыны керек, бұл шешім Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең батыл шешімдердің бірі болғаны талас тудырмайды. Бүгінгі таңда тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында орын тепкен Астана Президент бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген, ұлт тарихындағы ғажайып құбылыстардың, кереметтей архитектуралық шешімдердің көрінісімен әдіптелген арман қала! Иә, еркіндіктің алғашқы жылдарында кейбіреулер «Астана ауыстырғаны несі?» деп көкезуленген сәтте Елбасы ерен ерліктің үлгісін көрсете білді. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің, азаттықтың арқасы. Сол себепті де Астананың авторы – Тәуелсіздік. Мұны Елбасының өзі де ылғи айтып жүр. Ғұн тамырымен қаланған арман қала бүгін күллі Алаш жұртының мақтанышына айналды. Ежелгі Ақмола, қазіргі Астананың киелі жер екені көне тарихтан белгілі. Бұл жер – Әз Тәуке ханның жаз жайлауы қонған жер! Ол аз десеңіз, сол ұлы ханның бейіті де осы қалаға жақын маңда жатыр деген аңыз жиі айтылады. Дәл осы маңда «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған жоңғар шапқыншылығында Қаракерей Қабанбай бастаған жаужүрек бабалар қарыс қадам жерді қасық қаны қалғанша қорғаған! «Тіл – тіліп түсер наркескен, сөз – өткір жебе тау тескен» екенін жақсы білетін біздің от ауызды, орақ тілді билеріміз бен шешендеріміз, хандарымыз Ақмола төңірегінде, Ұлытауда, Қарқаралыда, Қараөткелде жиі бас қосып, азаттық үшін ұлы күрестер мен жорықтарда елді бастаған! Иә, Тәуелсіздіктің төл баласы – Астанамыз Елорда ретінде тегіннен таңдалған жоқ. Алдымен Тәуелсіздіктің арқасында, Елбасының ерен ерлігінің нәтижесінде қыр гүліндей құлпырған бағаналы ордамыздың әлі де талай әлемдік маңызды мәселелерді шешетін орталыққа айналары сөзсіз! Сондықтан да еліміздің мақтанышына айналған арман қала, әйбат қала, ару қала – Астана, жарқырай бер, жайнай түс!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар