Жасалып жатқан жасампаз істер көп

Жасалып жатқан жасампаз істер көп
ашық дереккөз
Жасалып жатқан жасампаз істер көп
Оны халық түсінуі тиіс Астанадағы Ұлттық музейде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын ақпараттық сүйемелдеу мәселелері жөнінде республикалық кеңес өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, Үкімет мүшелері, министрліктердің жауапты хатшылары, Парламент палаталары аппараттарының жетекшілері, Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат басқармаларының, республикалық БАҚ-тардың, қоғамдық бірлестіктердің және ЖОО-лардың басшылары қатысты. Алқалы жиынды Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев ашып, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттердің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, ол аталған құжаттағы көтерілген мәселелерді халыққа ұғындыру мақсатында ақпараттық қолдау қажеттігі уақыт талабынан туындап отырғанын жеткізе келіп, сөз кезегін Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваға ұсынды. Дариға Назарбаева әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында еліміздің одан әрі дамуы үшін Елбасы Жолдауының маңыздылығына баса назар аударды. Елбасы биылғы 30 қарашада Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Жолдаудан туындайтын міндеттер өте ауқымды. Құжатта негізгі бес бағыт атап көрсетілді. Сондай-ақ, Үкімет дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын қабылдады. Бұл құжаттар біздің негізгі мақсатымызды айқындайды. Үкімет алға қойылған міндеттерді орындау үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді, деді Д.Назарбаева. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары қарапайым тұрғындарды Үкіметтің, жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысы, дағдарысқа қарсы қолға алынып жатқан шаралар барысы жөніндегі ақпараттармен қамтамасыз ету ісіне сергек қарау керектігіне тоқталды. Үкіметтің, жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарына ашықтық таныта отырып, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің қазіргі мүмкіндіктері есепке алына отырып әзірленгенін айта келіп, әлемдік дағдарысқа қарамастан, барлық әлеуметтік міндеттемелер толығымен сақталатынын атап өтті. Осы орайда, Дариға Назарбаева қарапайым халық өзі өмір сүріп отырған қоғамда болып жатқан өзгерістерді, жағымды, жаңаша бағыттағы істерді білуі, дұрыс түсінуі еліміздің алға қарай батыл қадамдар жасауына оң әсерін тигізетініне назар аударды. Сонымен қатар, Вице-премьер Жолдаудан туындайтын міндеттерді халыққа түсіндіру ісіне қатысты өзінің нақты пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Елбасы Жолдауын қоғамымызға жете түсіндіру бағытындағы іс-шаралар жоспарын түсіндіре кетейін, деді Дариға Нұрсұлтанқызы. Біріншіден, мемлекеттік органдар Үкіметтің дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларын тұрғындарға ұғынықты түрде түсіндіруі қажет. Әкімдіктер қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына баса назар аударғаны жөн. Қарапайым халықпен жоғары деңгейде қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Екіншіден, Жолдауда айтылған, 2017 жылы қолданысқа енетін, салыққа қатысты жағдаяттарды түсіндіруде ыждағатты болған жөн. Жекешелендіру мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды, 2017 жылдың қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыру енгізіледі. Сондай-ақ, 2017 жылы тегін кәсіптік-техникалық білім беру қолға алынады. Бұл айтылғандардың барлығы халық үшін өте өзекті. Бұларды халыққа жете түсіндіру үшін алдымызда бір жылдан астам уақыт бар. Бұл жұмыстарға бұқаралық ақпарат құралдарын ғана емес, тиісті мекемелерді де тартуымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, осы уақытта, яғни 2017 жылы елімізде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Осындай ауқымды шара кезінде халық өзін әлеуметтік тұрғыда жақсы сезінуі керек. Сондықтан, мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау, білім беру салаларының, кәсіпорындардың басшылары өз басқаруындағы ұжымдарға түрлі жиындарда, мәдени шаралар барысында аталған барлық мәселелердің мәнісін түсіндіріп отырса, құба-құп. Үшіншіден, елімізді долларсыздандыру ісінің қажеттілігін халыққа ұғындыру да маңызды шаруалардың бірі. Бұған қаржы нарығында әрекет етушілерді, банк секторын, сарапшыларды, белсенді азаматтарды және барлық халықты қатыстырған абзал. Елбасы айтқандай, адамдарға елімізде барлық заттар теңгемен саудаланатынын ұғындырған жөн. Осы орайда, ел ішінде қандай да бір түсінбеушіліктің орын алмауын қамтамасыз ету маңызды. Сондай-ақ, Жолдауда атап көрсетілгендей, 2016 жылы зейнетақы активтері жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына беріледі әрі зейнетақы жиналымдарының табыстылығын арттыру мақсатында зейнетақы қаржыларын инвестициялауға көзқарас қайта қаралады. Нақтылай айтқанда, 2016 жылы зейнетақы активтері жеке компаниялардың басқаруына беріледі. Осыған байланысты Ұлттық Банк халыққа жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Төртіншіден, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру, экономикалық бәсекелестікті ынталандыру мәселелеріне байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар түсінікті болуы тиіс. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында: «Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әркезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды», – деген еді. Шын мәнінде, біз барлық қиындықтарды жеңіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер арасында барлық салалар бойынша табысты реформалар жүргізген ел атандық. Бұл жетістіктердің барлығы Елбасының стратегиялық көреген шешімдері арқасында мүмкін болды. Мұны халық біледі. Жалпы, орталық мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер бизнесмендер мен экономикалық белсенді азаматтарға мемлекетпен әріптестіктің пайдалылығын ұғындыруы керек. Сонымен қатар, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуінің артықшылықтары да өз деңгейінде айтылғаны абзал. Өйткені, бұл ел экономикасының тынысын аша түседі. Бұған қоса, жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары да назардан тыс қалмауы тиіс. Бесіншіден, Жолдауда нақты айтылған Жаңа әлеуметтік саясатқа баса көңіл аудару маңызды. Халықты жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттік бағдарлама аясында шешімін табады. Осы орайда, Елбасының тапсырмасына сай тегін кәсіптік-техникалық білім беру ісі қолға алынбақ. Сондай-ақ, келер жылдан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа алғанда – 28, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29, әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін қызметкерлердікі 40 пайызға дейін көтеріледі. Бұл мәселелер де түсіндіру шаралары барысында қалыс қалмағаны жөн. Осы орайда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі белсенді әрекет етіп, мәселелерді нақты қолға алуы керек. Алтыншыдан, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының талаптары да қамтылуы тиіс. Ұлт жоспары аясында қабылданған көптеген заңдар ел игілігі үшін жұмыс істеуде. Бұл заңдардың біздің қоғамымызды одан әрі дамыта түсуге серпін беріп келе жатқанын ел санасына сіңіру қажет. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты бағдары екеніне тоқтала келіп, 2016 жылы Ұлт жоспарының аясында қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ол биылғы Жолдау халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге негізделгенін, Жолдау талаптары баршамызға түсінікті екенін, оның әлемдік ахуал мен еліміздің мүмкіндіктерін саралай отырып әзірленгенін атап өтті. Бұдан бөлек, Бағлан Майлыбаев Жолдау талаптарынан туындайтын міндеттерді жоғары деңгейде орындау үшін бірқатар ауқымды шараларды жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды. Біз мына мәселелерді тыңғылықты түрде іске асыруымыз керек. Біріншіден, Жолдау міндеттерін халыққа түсіндіру, насихаттау мақсатында Президент Әкімшілігі Басшысы тарапынан бекітілген іс-шаралар жоспарын басшылыққа алуымыз қажет. Екіншіден, осы бағыттағы шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста атқарылуы тиіс. Үшіншіден, Орталық коммуникациялар қызметі әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға, сол сияқты, аймақтық коммуникациялар қызметі азаматтық сектор мен қоғам өкілдеріне әдістемелік көмек көрсететін болады. Төртіншіден, Жолдауды түсіндіруге сарапшылар кеңінен тартылады. Бұлардың қолдауымен әлеуметтік мониторинг жүргізіліп, Жолдауға қатысты қоғамдық көңіл-күйге талдау жасалады. Бесіншіден, түсіндіру жұмыстары мейлінше ойдағыдай жүргізілгені жөн. Қазіргі таңда аталған іске байланысты баннерлер мен билбордтардың эскиздері жасалуда. Жақын аралықта бұл баннерлер мен билбордтар Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі тарапынан өңірлерге жөнелтіледі. Жолдауды түсіндіру барысында тек арнайы бекітілген осы баннерлер мен билбордтар ғана пайдаланылуы тиіс. Алтыншыдан, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, қаржы саясаты, дағдарысқа қарсы шаралар Жолдау міндеттерімен байланыстырыла түсіндірілуі тиіс. Елбасы ұсынған бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындау ел өміріне серпін беретін болады. Парламент палаталары Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету үшін нәтижелі жұмыс істеді. Бүгінге дейін Ұлт жоспары аясында 80-нен астам заң түзілді. Олар, біз жоспарлағандай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастайды. Жетіншіден, Жолдау талаптарын насихаттауда Ұлттық компаниялармен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Осы орайда, қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік әріптестігі барынша көрінуі тиіс. Бұл жерде «Самұрық-Қазына» әлеуметтік әріптестік орталығының тәжірибесі кеңінен қолданылғаны жөн. Сондай-ақ, Ұлттық компаниялардың, өзге де кәсіпорындардың, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі тарифтердің, әуе рейстері мен темір жол билеттері құны өзгеріп жатса, оның себептерін халыққа түсіндіру жұмыстарына мұқият болғаны жөн, деді Бағлан Майлыбаев.Сөзінің соңында Б.Майлыбаев аталған мәселеде мемлекеттік орган жетекшілері мен салалық мекемелердің, ұлттық компаниялар мен әкімдіктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен БАҚ-тардың белсенді ат салысуы оң нәтиже беретінін жеткізе келіп: «Алдағы жыл – еліміз үшін мерейлі белестер жылы. Тәуелсіздіктің екінші мүшелін ел болып атап өтеміз. Жыр алыбы – Жамбылдың 170 жылдық мерейтойы келе жатыр. Елбасы атап өткендей, алдымызда маңызды және ауқымды жұмыстар тұр. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді табысты орындауға барлық мүмкіндік бар», – деді. Мінберге көтерілген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов партия тарапынан Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау бағытында нақты шаралар қолға алынғанын сөз етті. Оның сөзіне қарағанда, партия Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды орындау үшін өз жоспарларын жүйелеп, нақты бағытын айқындап алған. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген бес бағыттың бірі «Жаңа әлеуметтік саясат» тақырыбына арналғанын сөз етті. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Елбасы Жолдауында атап көрсетілген жағдаяттарды сөз ете келіп, жасырын активтерді ел экономикасына тарту ісінің өзектілігіне тоқталды. Бұдан бөлек, ол жекешелендірудің екінші толқыны 2016 жылдың соңына дейін ұзартылғаны оңтайлы шешім болғанын атап өтті. Осы орайда, Б.Сұлтанов жекешелендіру науқаны көптеген азаматтарға берілген мүмкіндік екенін, жасырын қаржысын, мүлкін жария етуден тартынбау керектігін жеткізді. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Елбасы Жолдауында Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері нақты көрсетілгенін атап өтті. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында: «Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа инвестициялық саясат керек», – деген болатын. Бұдан кейін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің (ОКҚ) директоры Ержан Бабақұмаров сөз алды. Ол ОКҚ-ның жұмысына шолу жасай келіп, жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен тығыз байланыса жұмыс істеудің маңыздылығын тілге тиек етті. Жиынды Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева қорытындылай келіп, Жолдаудан туындаған барлық міндеттерді ұғынықты түсіндіру халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсетінін, сондықтан, бұл бағыттағы әрбір шараның маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, Вице-премьер елімізде атқарылып жатқан жасампаз істердің көптігін, мүмкіндіктердің де мол екенін, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатқанын, бүгінгі жағдайға қарамастан, батыл қадамдар жасалып, қоғамды ілгері дамытудың жарқын жолдары ашылып отырғанын ел-жұртқа жеткізе білуге құлшыныс таныту ортақ міндет екенін атап көрсетті.

Ұқсас жаңалықтар