Жастықтың оты жалындап...

Жастықтың оты жалындап...
ашық дереккөз
Жастықтың оты жалындап...

Жастар үшін Елбасы Жолдауының мән-маңызы ерекше. Өйткені, Жолдауда көрініс тапқан басым бағыттардың барлығы ел келешегіне, яғни жастарға арналған. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, елімізде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі болашақ үшін жасалуда. Жамбыл жері – химия өндірісі дамыған аймақ. Соған сәйкес еңбек нарығындағы сұраныс кәсіптік-техникалық мамандарға басымырақ болады. Жұмысшы мамандықтары аса қажет. Әрі облыс тұрғындарының үштен бірін жастар құрайтынын ескерсек, Елбасы жұмысшы мамандықтарын игеруге шақырған кеңесін жамбылдық жастарға арнап айтқандай. Президент жұмыссыздықпен күрес жүргізуде білікті маман атанып, тұрақты жұмысқа орналасудың маңызды екенін айтып өтті. Жолдауда көрсетілген еңбек күші жетіспейтін өзге өңірлерге барып, жұмыс істеуге бел буғандарды ынталандыруға бағытталған шаралардың қабылданатындығы, 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының қолға алынатындығы жастарға көрсетілген үлкен қамқорлық деп түсіну керек. Орта және орта арнаулы оқу орындарын бітірген оңтүстік өңірдің жастарына арналған республикалық «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы – өскелең ұрпақтың болашағын қамдаудан туған бастама. Биыл осы жобаның шеңберінде 600 жамбылдық жас солтүстік, шығыс өңірлердегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарына мемлекеттік грантпен оқуға түсті (жалпы бөлінген грант саны – 6200). Жобаның бір ерекшелігі – студент жастарды оқу бітіргеннен кейін сол өңірлерде тұрақты жұмыспен қамтып, баспаналы болуына жағдай жасалатынында. Сондықтан, облыс жастары бұл мүмкіндікті барынша пайдалануы қажет деп есептеймін. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға Президент ұсынысымен құрылған «Жасыл ел» еңбек жасақтарының септігі тиіп отырғанын айта кету керек. Бүгінде басқарма мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде студент жастарды уақытша жұмысқа тарту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын әрі қарай жандандыруда. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2 миллион теңге бөлінді. Ал Тараз қаласы мен аудандарда еңбек жасағындағы 400 жасты уақытша 2 айлық жұмыспен қамтуға 18 миллион 812 мың теңге жергілікті бюджет есебінен қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Тараз қаласындағы көшелерді абаттандыру және тазалық жұмыстарына жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан барлығы 180 жас тартылса, республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 202 студентке жалақы ретінде төленді. Жалпы, 2014 жылы облыс бойынша барлығы 930 жас уақытша жұмыспен қамтылса, биыл олардың саны 1452-ге жетті. Атап айтсақ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенттері маусым-тамыз айларында Байзақ ауданы, Қостөбе ауылында орналасқан «Агробиологиялық ғылыми-зерттеу» институтында санитарлық тазалық, ауланы абаттандыру, көгеріштендіру жұмыстарын атқарса, Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан» ауыл шаруашылығы колледжінің «Агрономия» факультетінің студенттері оқу орнының жылыжайында көкөністерді өсіріп-баптап, өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, облыстық студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының штабына жергілікті бюджеттен 7 миллион теңге қаржы бөлініп, Тараз қаласы мен аудандарда 20 нысанда 15 жасақтан құралған 298 жас жұмысқа жұмылдырылды. Қазіргі таңда студенттік құрылыс жасақтарының сапасын арттыру мақсатында Тараз қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орнынан 106 студент жасақталып, №13 Тараз темір жол колледжінде техникалық мамандықтар бойынша (ағаш ұстасы, сылақшы, дәнекерлеуші, кірпіш қалаушы және тағы басқалары) қосымша білім алуда. Курсты бітіргендерге арнайы біліктілік туралы куәлік беріліп, құрылыс жұмыстарына тартылуына мол мүмкіндіктер ашылады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды» деген ақыл-кеңесі өмір тәжірибесінен алынғанын жастар түсінеді деп ойлаймын. Президент тапсырмасымен қолға алынған «Дипломмен ауылға!» жобасы да облысымызда сәтті жүзеге асырылуда. Биыл өңір бойынша еңбек жолын ауылдан бастаған 468 жас маманның көтерме жәрдемақысына 109,3 миллион теңге қаржы бөлініп, тұрғын үй сатып алу үшін 484,6 миллион теңге қарастырылды. Жалпы, 163 маманға 0,01 үстеме пайызбен бюджеттік несие беру қарастырылды. Өз кезегінде мемлекет саясатына қолдау көрсетуге бел буған 422 жас «Дипломмен ауылға!» жобасы бойынша елді мекендерге аттанды. Нақтырақ айтсақ, денсаулық сақтау саласы бойынша 99 маман, білім саласында 272, спорт саласында 11, мәдениет саласында 8, агроөнеркәсіптік кешен саласында 29, әлеуметтік қамту саласында 3 жас маман бүгінде ауылда еңбек етуде. Бір нәрсені айтуға тиіспіз, елімізде жастарды жұмыспен қамтуды, оларға өз ісін ашуға көмектесуді көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Биылдың өзінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15-28 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 6,9-дан 4,1 пайызға азайды. Елбасының жаңа Жолдауынан туындаған жаңа міндеттер жүзеге асырылғанда бұл көрсеткіштің тағы да кеми түсері анық.

Еркебұлан Құралбаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар