«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жолдау жүктеген міндеттер:

Жолдау жүктеген міндеттер:
ашық дереккөз
Жолдау жүктеген міндеттер:

атқарушы органдар және азаматтық қоғам институттары

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – әлемде қалыптасқан күрделі жағдайларға қарсы ұсынған Елбасының мемлекетті дамытудың жаңа жобалары мен жаңғырту идеяларында. Президент «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, игі істерді бірлесе атқаруға шақырды. Қоғамдық бірлестіктер Жолдау жүктеген жауапкершіліктің салмағын сезіне ме? Олар жаңа идеяларды іске асыруға дайын ба? Облыстық ішкі саясат басқармасының саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Мақпал Досымбековамен сұхбатымыз осы сауалдар төңірегінде өрбіді.

– Елбасы Жолдауды жүзеге асыруда қоғамдық бірлестіктерге де үлкен сенім артып отыр. Өңірдегі азаматтық қоғам институттары бұл жауапкершілікті көтеруге қаншалықты дайын? – Азаматтық қоғам қазір өзінің жаңа бір даму кезеңіне қадам басты. Бүгінде көпшілік демократиялық құндылықтарды сезінеді. Және әлеуметтік маңызды міндеттердің көпшілігін социум өкілдері шешуге тиіс екендігін түсіне бастады. Негізі, қоғамдық ұйымдар қоғамда болып жатқан үдерістердің барометрі іспеттес. Олардың қызметі әлеуметтік міндеттерді шеше отырып, мемлекеттің күшін толықтыруға немесе көпшілікке қажетті жетіспей жатқан қызметтерді көрсетуге бағытталған. Елбасы 2000 жылдары өз Жолдауында «Үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанда бүгінгі күннің өзінде құқық қорғау саласында да, халықтың ерекше топтарының өзіндік мүддесін іске асыруда да үлкен рөл атқарады... Әрине, оған айтарлықтай мемлекеттің қолдауы қажет...» деп азаматтық қоғамды дамыту үшін қолдау көрсетуге тапсырма берген еді. Содан бері әр жылдары: «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заң (2001 жыл), «ҚР коммерциялық емес (үкіметтік емес) ұйымдарын мемлекеттік қолдау тұжырымдамасы» (2002 жыл), «2003-2005 жылдарға арналған үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау бағдарламасы», «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар туралы» Заң (2005 жыл) – мемлекеттік бағдарламалар мен құжаттар қабылданып, қоғамдық бірлестіктер заңдық тұрғыдан қорғауға алынған болатын. Сол жылдардан бастап үкіметтік емес ұйымдардың саны арта түсті, қазіргі таңда олардың саны 22 мыңнан астам. Біздің облысымыздың өзінде 662 қоғамдық бірлестік пен қоғамдық қорлар бар. – Үкіметтік емес ұйымдар бүгінде қандай жобаларды жүзеге асыруда? Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруда қоғамдық бірлестіктердің рөлі қандай болмақ? – Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен «Нұр Отан» партиясы жанындағы саяси менеджмент мектебі «Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекетпен байланысы және өзара іс-қимылдарын зерттеу» жобасын жүргізуде. Жоба барысында Ұлттық экономикалық министрлікке қарасты Статистика комитеті, Мемлекеттік кірістер комитеті және Әділет министрлігі негізі аясында әлеуметтік зерттеу жүргізілген болатын. Ондағы мақсат үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетінің қандай екенін, қай бағытта жұмыс істейтінін анықтау болды. Жобаның нәтижесі бойынша «Қазақстанның ҮЕҰ» Ұлттық баяндамасы дайындалады. Бұл жұмысқа жергілікті мемлекеттік органдар, әсіресе ішкі саясат басқармасы, әділет департаменті, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, сонымен қатар өңірлік қоғамдық ұйымдар тартылды. 2012 жылдан бастап «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілерінің тізілімі туралы ережеге» сәйкес жыл сайын ҮЕҰ тізілімі (реестр) әзірленуде. Бұл жоспар толық орындалғанда қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қатысып, қаншалықты бәсекелестікке қабілетті екендігін анықтауға мүмкіндік туады. Себебі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Заңда ҮЕҰ үшін гранттар, сыйақы және «үшінші сектор» үшін қаражат бөлудің ерекше тәртібі көрсетілген. – Жетілдірілген заңнама бойынша қоғамдық ұйымдарға қандай жеңілдіктер беріледі? – Біздің мемлекетімізде қоғамдық ұйымдардың қызметін мемлекеттік қаржыландырудың бір түрі қарастырылған. Ол – мемлекеттік сатып алу аясында үлестірілетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаражаттары материалдық қолдау шараларына жұмсалмайтындықтан, оны сыйақы ретінде қаражатты қарастыруды ұсынған. Осы талаптарға сай жаңа заңнамада гранттар арқылы қаржыландыру қоғамдық бірлестіктерге қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Үкіметтік емес ұйымдар грант қаражатының бір бөлігін өзінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағыттай алады. Гранттарды жеке ұйымдастырушы – оператор «үшінші сектордың» жұмыс ерекшеліктеріне арнайы бағытталған ерекше тәртіп бойынша үлестіретін болады. Оператор - дербес ұйым ретінде жаңадан құрылуы жоспарланып отырған ұйым, ол бірлестіктерге гранттар үлестіруде уәкілетті орган ретінде бекітілген іс-шараларды іске асыру мониторингін жүргізеді. Ал сыйақылар Үкіметпен әлеуметтік жобаларды табысты іске асырған ұйымдарға беріліп, бұл өз тарапынан ұйымның материалдық жағдайын нығайтуға жол ашады. Сондықтан, ол қоғамның бағасы мен Үкіметтің келісіміне сәйкес беріледі. Жалпы, аталған заң жобасын қабылдаудағы басты мақсат – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын нығайту және жетілдіру. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы мемлекеттік органдардың әлеуметтік маңызды қызметтерді көрсету бойынша жекелеген міндеттерін азаматтық қоғам институттарына бірте-бірте беру туралы тапсырмасын орындау үшін, алдымен, олардың дамуына жағдай жасау қажет. – Ұлт жоспарының бесінші бағытында үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыруды көздеген нақты қадамдар бар. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? – Иә, Ұлт жоспарында мемлекеттің лицензиялау, қандай да рұқсат беру, белгілі бір саланы реттеу қызметтерін өзін-өзі бақылайтын ұйымдарға берудің нақты қадамдары қарастырылғаны белгілі. Бүгінде мемлекеттік органдардың құзыретіндегі ұйымдардың әлеуметтік қызметтер бойынша жекелеген міндеттерін қоғамдық бірлестіктерге табыстауға айрықша мән беріліп, осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның Азаматтық альянсының мемлекеттік органдармен бірлесе өткізген жұмыс кездесулерінің нәтижесі бойынша 34 мемлекеттік міндеттеме азаматтық қоғам институттарына берілуі ұсынылды. Жалпы алғанда, елімізде институттарды дамытуға баса көңіл бөлінуде. Жыл өткен сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінген қаражат көлемі, әлеуметтік жобалар саны мен қамтылған тұрғындар саны ұлғайып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың салалық принциптері кеңейтілуі соның дәлелі. Мәселен, 2014 жылы облысымызда әлеуметтік жобаларға 222,8 миллион теңге бөлінсе, биылғы бөлінген қаржының көлемі – 325,8 миллион теңге. Өткен жылмен салыстырғанда 103 миллион теңгеге артық. Облыста 106 үкіметтік емес ұйым 175 жоба бойынша жұмыс жүргізуде.

Статистикаға сүйенсек, өңіріміздегі қоғамдық бірлестіктер қолға алған жобалардың дені әлеуметтік салаға негізделген. Тіпті, әлеуметтік тапсырыстардың басым бөлігі тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетуге және ақпараттандыру саясатына бағытталған екен. Нақтырақ айтсақ, стратегиялық құжаттар мен мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау бағытында жұмыстар жүргізіледі. Азаматтардың денсаулығын сақтау, саламатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау мәселелері де назардан тыс қалған емес. Сондықтан, Елбасының жаңа Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда облыстағы үкіметтік емес ұйымдар да белсенділік танытатыны анық.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар