Қазақ күресінен федерация кубогы шығыс қазақстандықтарға бұйырды
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының ұйымдастыруымен, облыс әкімдігінің қолдауымен екі күн бойы «Тараз-Арена» спорт кешенінде дүрілдеп өткен қазақ күресінен федерация кубогы бәсекесі де аяқталды. Бәсі басым додаға басқа ұжымдармен бір қатарда жамбылдық қазақ күресі клубы да қатысты. Алғашқы кезеңнен еркін өткен жерлестеріміз ширек финалда қызылордалық командаға жол берді.
Шыны керек, кездесу жерлестеріміз үшін өте сәтсіз басталды. 55, 60, 66 келі салмақ дәрежесіндегі саңлақтарымыз Абылайхан Кеулімжай, Жеңіс Сайлаубай, Нұрдәулет Ораз алғашқы үш кездесуде қатарынан жеңіліске ұшыраған сәтте командалық жеңіске деген сеніміміз азайып кеткен. Алайда, олардан кейін боз кілемге беттеген 74, 82, 90 келі салмақтағы өрендеріміз Әлімұхан Орынбаев, Даулет Пахриденов, Айбол Айтбек қайсар мінездерімен көзге түсіп, таразы басын теңестіргенде көңілімізге әлдебір сенім ұялады. 100 келідегі Айдос Теңгебаев жеңіліске ұшыраған күннің өзінде ел мақтанышы Бейбіт Ыстыбаев жеңісті жұлып алады деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, екеуі де қарсыластарына жол берді. Айдос Сыр өңірінің өте талантты балуаны Нұрым Сәлімгереевтің алдында дәрменсіздік танытса, екі дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев Еламан Ерғалиевтен жеңіліп қалды. Егер Бейбіт Ыстыбаев басымдық танытқанда таза жеңістер есебі бойынша жерлестеріміз келесі кезеңге өтер еді. Амал нешік, спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді ғой... Осылайша, жерлестеріміз 3:5 есебімен қызылордалық командаға жол берді. Ширек финалдың екінші кездесуінде алматылықтар Оңтүстік Қазақстан облысының балуандарынан 6:2 есебімен айласын асырды. Бұл сында оңтүстіктік алып Жұманазар Ерсұлтанов қарсыласы Бақыт Ысмағұловты алып ұрмағанда шымкенттіктер 7:1 есебімен жеңілулері де ықтимал еді. Ширек финалдың үшінші жұбында қарағандылық команда өкілі, аса ауыр салмақтағы Ержан Шынкеевтің жарысқа келмей қалуына байланысты арқалық ұжым тарбағатайлықтармен тең түскеніне қарамастан, таза жеңістер есебінен шығыстықтар жартылай финалға өтті. Соңғы жұпта күш сынасқан Алматы облысының үздіктері Семей мемлекеттік медицина университеті командасының алдында дәрменсіздік танытты. Құрамында Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғмаров сынды «сен тұр, мен атайын» балуандары бар семейліктер Алатау баурайынан келген оғландарды 6:2 есебімен оңай жеңіп кетті. Бұдан соң жартылай финалдық бәсекелер басталды. Үздіктер қатарына қиналмай өткен Алматы қаласының өрендері Қызылорда қаласынан келген «Алаш арландары» командасымен тең түсті. Алайда, бұл сынның соңғы белдесуінде алматылық Бақыт Ысмағұловтан басым түскен Еламан Ерғалиев таразы басын теңестірген соң, таза жеңістердің сапасы бойынша ақтық сынның жолдамасына «Алаш арландары» командасы иелік етті. Келесі кезекте ақтық сынның жолдамасын шығыстық қос команда сарапқа салды. Семей мемлекеттік университетінің намысын қорғаған қапсағай денелі жігіттер Айбек Нұғымаровтың қатысуынсыз өткен белдесуде тарбағатайлық жерлестерін 5:3 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Үшінші орын үшін өткен белдесулерде Алматы қаласының жігіттері тарбағатайлықтардан 6:2 есебімен басым түсіп, үздіктер қатарынан табылса, финалда семейлік өрендер Сыр өңірінің саңлақтарын 7:1 есебімен тас-талқан етіп, федерация кубогына иелік етті. Кубок жеңімпаздарына 10 миллион теңге табысталса, күміс жүлдегер «Алаш арландары» командасы 5 миллион теңгеге, үздік үштіктен көрінген алматылықтар 2 миллион теңгеге, төртінші орынға тұрақтаған тарбағатайлықтар 800 мың теңгеге, бесінші орыннан көрінген Алматы облысының командасы 700 мың теңгеге, алтыншы орынды еншілеген жерлестеріміз, облыстық қазақ күресі клубының өрендері 600 мың теңгеге, жетінші орынды иемденген шымкенттіктер 500 мың теңгеге, сегізінші сатыға жайғасқан қарағандылықтар 400 мың теңгеге иелік етті.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді