белгілі Қоғам қайраткері, ақын, жазушы Арғынбай Бекбосын жастармен жүздесті
«…Өзгеге қарағанда ақын көзі – әрқашан көргіш, ақын жүрегі – әрқашан сезгіш, сондықтан да қайсыбіріміз елемейтін, қайсыбіріміз аңдамайтын қисынды-қисынсыз тұстардан әлеуметтік психологиялық қайшылықтарды қалтқысыз табады да, бір-ақ ауыз сөзбен, бір-ақ ауыз түйінді оймен нұсқай салып, пешенесіне тағдыр жазған міндетін – ақындық міндетін өтейді».
Бұл көрнекті жазушы Марал Ысқақбайдың қоғам қайраткері, публицист, ақын, жазушы, аудармашы Арғынбай Бекбосынның шығармашылығы туралы ой қозғағандағы тебіренісі еді. Иә, шын мәнінде ақын, жазушы Арғынбайдың шығармалары ойлы оқырмандар тарапынан жақсы бағаланып, талайдың талғам-тамырын тап басқаны даусыз. Қыранды қыран бір қанат қағысынан-ақ таниды десек, сондай белгілі қаламгерлер Арғынбайды әрі ойшыл, әрі лирик ретінде бағалауы да тегін еместігіне көз жеткіземіз. Жазушы А. Бекбосын болса өзі даналық даласында ой кезіп, талантты дүниелер тудырып қана қоймай, айналасындағыларға ақылын айтып, жастарға жол нұсқап, өзінің өмірлік тәжірибесін бөлісуден танбай келеді. Оның бір дәлелі ретінде Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттерімен ақын, жазушының келелі кездесуін айтсақ та жеткілікті. «Тағылымды ғұмыр» атты кездесу кеші аталмыш оқу ордасының 95 жылдық тарихына арналды. Осы колледждің түлегі, Жамбыл жерінің мақтанышы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Арғынбай Бекбосынның тағылымды ғұмыр жолын өскелең ұрпаққа, студент жастарға үлгі ету мақсатына негізделген әдеби жүздесу өзара сұхбат түрінде өрбіді. Кездесу-сұхбат басталмас бұрын жазушы колледждің өткенінен сыр шертетін музейге бас сұғып, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Өзінің де осы оқу ордасында өткен екі жылдық студенттік ғұмыры балауса кезін еске алғандай, әсерлі күй кешті. Бұдан соң А.Бекбосын жастар лық толып жиналған залға еніп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ілкі сәтке сілтідей тынған зал ішіне жиналғанда бір сәтте ақын, жазушыны қолпаштап, зор құрметпен төрге шығарды. Алдымен көпшілікке жазушының жастық шағы, қызметтік жылдары хақында әзірленген бейнеролик көрсетілді. «Өтеді екен осылай өмір деген...» тақырыптағы бейнешолу жиналғандарға тұлға туралы жан-жақты мағлұмат беріп, өнегелі өмір жолындағы көріністер көрермендердің көңілін толқытты. Әсіресе, А. Бекбосынның бала шағынан, мемлекеттік қызметтердегі жауапты сәттерінен сонымен қатар, «Парасат» орденін иеленген мерейлі кездерінен естелік фотосуреттер бейнешолудың мазмұнын арттыра түсті. Бұдан кейін, студенттер қаламгерге көкейлеріндегі сауалдарды қойып, толымды жауаптар алды. Айсара Серік атты студент қыз жазушы ағасының шығармаларын сүйіп оқитындығын айтып, сүйікті жазушысының алғашқы рет қолына қалам алған кезін және оған не түрткі болғанын сұрады. Жас оқырманының сауалына ризашылық танытқан ағасы өз жауабын ағынан жарыла жеткізді. – Мен ол кезде қиял жетегіндегі жап-жас жігітпін ғой. Өзге ақындар секілді менің де қолыма қалам алдырған, сезім тұңғиығына батырған махаббат болды. Он жеті жаста болуым керек, бір бүлдіршін қызға деген іңкәр сезімнің жетегінде өлең жолдарын жазып, сезім сергелдеңін бастан өткердім. Ол ғана емес, бала кезімізде жазғы демалыста қырманда арба айдайтынбыз. Сол қырмандағы достарымның, қасымдағы жұмысшы балалардың еңбегіне риза болғанымды зор тебіреніспен өлең жолдарына түсіріп, бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ аудандық газетіне жолдадым. Енді оны төрт аяғын тең басқан поэзия деуге келмейді, десек те шын жүрегімнен шыққан сөздер еді. Соны байқады ма, редакциядағылар өлеңімді қара сөзге айналдырып, ақпарат етіп беріп жіберіпті. Ол да алғашқы қалам сілтеуімнің бірі болатын. Осы секілді қызықты жағдайлардан бастау алған менің шығармашылық жолдарым, – дейді А.Бекбосын. Ал жазушының «Сын солдата, или Пушкинской, Пушкинской...» шығармасынан үзінді оқыған орыс ұлтының өкілі Марина Устинова аталмыш шығарманың өмірге келуінің сырын сұрады. Автор бұл шығарма өзінің аталмыш колледжде өткен студенттік жылдарына деген сағыныштан туындағанын айтып, осындағы өзіне тәлім берген білікті де білімді ұстаздарының рухына арнайтынын, солардың алдындағы парызының бір бөлшегі деп түсіндірді. Алдағы уақытта бұл шығарманы қазақ тіліне аудару жоспарында бар екенін айтты. Сондай-ақ, кездесуде ақын, жазушы өзінің қызмет бабы бойынша әр жылдардағы Елбасымен жүздесулерінің жарқын сәттерін де әңгімеге қосты. Оқырмандардың қызығушылығын тудырып жүрген өзге де шығармаларының жазылу барысы туралы баяндады. Осы уақытқа дейін 2500 төрттағандары (рубаяттары) жинақ болып шыққанын, әлі де жазылып жатқанын сөз етті. Ол ғана емес, шара барысында ақын, жазушы Арғынбай Бекбосын өзінің лирикалық аударма өлеңдерін оқып, жиналғандардың көңілін серпілтті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді