«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

жетістікке жаңа технология жеткізеді

жетістікке жаңа технология жеткізеді
ашық дереккөз
жетістікке жаңа технология жеткізеді

Рахима Түгелбаева, Жамбыл аумақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының бас маманы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда дағдарысты еңсерудің жолдарын көрсетіп берді. Жолдаудағы «Ағымдағы міндеттерге қатысты алғанда бізге Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет» деген сөздер еліміздің геология саласына да қатысты. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Онда геологиялық барлау саласы да қамтылған. Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы 75-қадамда пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, келісімдер жасасудың оңтайландырылған әдісін енгізуді міндеттеді. Бұл орынды да. Бізді жетістікке жаңа технологиялар жеткізеді. Шетелдерде жер қойнауының байлықтарына барлау алуан әдістермен жүргізіледі. Мұның өзі оларды аз шығынмен жедел анықтауға қол жеткізеді. Бізде барлау жұмыстарында әлі күнге бұрғылау тәсілі қолданылады. Елбасы өзінің Жолдауларында бұл салаға шетелдік инжинирингтік компанияларды тартуға тапсырма берді. Елімізде минералдық шикізат базасын одан әрі дамыту мақсатында жаңа кен орындарын ашу және геологиялық барлау жұмысын жандандырудың маңызы зор. Елімізде Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бар. Оңтүстік – күрделі инфрақұрылымы, тау-кен өндірісі бар Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарын қамтитын ірі аймақ. Сондықтан да аймақ экономикасының дамуы минералдық-шикізаттық кешенмен тығыз байланысты. Бүгінде 600 кен көзінде өндіру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа кен көздері барлануда. Кейінгі кезде бұл міндет келісімшарт ұтып алушы компанияларға, яғни, заңды тұлғалар мен кәсіпкерлерге жүктелуде. Келісімшарт ұтып алушы әуелі жер қойнауына барлау жұмысын жүргізуі тиіс. Соңғы 10 жылда оңтүстік өңірде 203 мың шаршы шақырым, оның ішінде Қаратау өңірінде 80 мың шақырымда геологиялық барлау жүргізілді. Геологиялық-минерогендік карта жасалды. Соның нәтижесінде геологиялық болжамдар жасалған және пайдалы қазбалар орналасқан аумақтардың есебі жасалды. Қаратау және Шу-Іле аумақтарында алтын, қорғасын және мырыштың мол қоры бар. Бұған қоса күмістің, молибденнің, марганецтің, темірдің, сирек металдардың және көмірдің мол болжамдалған қоры анықталды. Шатыркөл және Жайсан кен көздерінде пайдалы қазбалар өндірілуде. Мойынқұм ауданының аумағындағы Мыңаралда әктастың орасан қоры цемент өндірісіне қолданылуда. Облысымыздағы Қызылбастау кен көзінде ақ мәрмәрдің бірегей қоры бар. Кен көздерін үздік әлемдік тәжірибеге сүйеніп, озық әдістермен игерсек, оны барлауға және өндіруге жұмсалатын шығын азайып, табыс молаяды. Оларды өткеру экономикамызды өркендетіп, мол өсімге қол жеткізеді. Бүгінде облысымызда құзыретті орган мен мердігерлер арасында 177 келісімшарт жасалып, 134 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс атқаруда. Оның ішінде 157 келісімшарт бойынша өндіру жұмыстары және 20 келісімшарт бойынша геологиялық барлау жұмысы жүргізілуде. Осы мерзімде инспекция 34 тұлғаға 6 миллион 986 мың теңгеге айыппұл салды. Оның 99 пайызы өндірілді. Кейінгі кезде жер қойнауын игеруге ниет білдіруші әлеуетті мекемелер мен жеке кәсіпкерлер көбейіп келеді. Өндіру жұмысының көлемі ұлғайған сайын экономикалық өсім де арта түсетіні сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар