Қордайлық Любовь Жаманкөзова 2008 жылы 23 қазанда Астанадағы Бейбітшілік Сарайында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының VII сессиясының делегаты болып барғанын өз өміріндегі ұмытылмас ерекше оқиға деп санайды. Сәтін салғаны шығар, үлкен жиында оған орын алдыңғы қатардан тиіпті. Сессия біткен соң Елбасы алдыңғы қатардағылармен жағалай қол алысып амандасып келе жатады. Ел Президентімен дәл осылай емен-жарқын жүздесемін деп ойламаған ол сасқанынан қос қолын бірдей ұсынып, бір сәтке ішкі толқынысын жасыра алмай: – Біз, балкарлар, тағдырдан теперіш көріп, қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халық едік. Соғыстың сұрапыл дауылы бізді жан-жаққа ту-талақай шашыратып жіберді. Бірақ, қазақ халқының кең құшақ, бауырмалдығына бөленіп, өшкеніміз жанды. Ал бүгін тәуелсіз Қазақстанда өзіңіз жүргізіп отырған сарабдал саясаттың арқасында бақытқа кенеліп отырмыз. Сол үшін рахмет, өзіңізге. Мен мұнда Қордай халқының ыстық сәлемін де ала келдім, – деп жөпелдемелете жан сырын жайып салады. Президент сонда әжейге жайдары кейіпте ықылас білдірген екен. Осы бір қас қағым сәттің фотосуреті ертеңінде бірқатар республикалық басылымдарда жарық көреді. Любовь Асхатқызының айтатынындай бар. Бүгінде сексен бесті еңсерген әжейдің тағдыры – жан ауыртарлықтай. Сұрапыл соғыс балалық шағын ойран етіп, ата-анасынан, туыстарынан, тіпті, туған жерінен айырылып, ол он үш жасында тетелес бауыры екеуі депортацияланғандар эшелонымен Қазақстаннан бір-ақ шығыпты. – Қарағым, соғыстың салдары біздің ұлтымызға өте ауыр тиді, – деп терең күрсінген әжей біраз уақыт үнсіз қалды. Дәл осы сәтте мен оның жанарынан қанқұйлы соғыстың қатыгез оқиғалары сақталған жантүршіктірерлік суреттерді көргендей болдым. Иә, жүректе қатқан жара көп. Арадағы жетпіс жылдан аса уақыт та ұмыттыра алмас сол бір көріністер – өмірдің ащы сабақтары... Олар Кабардин-балкарлардың орталығы Нальчикке таяу Гунделен деген селода тұратын. Әкесі Асхат аудандық НКВД-ның бастығы еді, соғыстың алғашқы күні майданға алынып, содан қайта көрмепті. Бұларға бас-көз болып жүрген немере ағасы Исмаил болса, Солтүстік Кавказды немістер басып алғанда партизандар отрядына барып қосылады. Бірақ, олар жау қолына түсіп қалып, немістер өз көрлерін өздеріне қаздырып алып, бәрін ордың шетіне тұрғызып қырып салған. Көп ұзамай кеңес әскерлері өңірді жаудан тазартқанымен оған дейін ел ішінен шыққан сатқындардың кесірінен талай асыл азаматтар атылып кеткен еді. 1944 жылы 6 наурызда шұғыл түрде бүкіл халық шығысқа қоныс аударылады. Тағдырдың жазуын қарашы, дәл сол күні Любаның анасы мен сіңлісі бір жұмыстармен үйден шығып кетеді. Оларды іздеуге қаршадай қыздың шамасы қайдан жетсін, дүрмекке ілесіп кете барады. Он бес жасар ағасы Хаджы екеуі жұртпен бірге пойызға отырып, бұрын естіп-білмеген алыс-алыс қиырларға жол тартады. Алпыс вагондық эшелон толы кавказдықтар қазақ жерінің шетіне ілінгеннен жол-жөнекей стансаларға түсіріліп, соңы сонау Талдықорғанға дейін жетеді. Люба мен бауыры Алматыдағы интернатқа қабылданып, жастай белдері қайысып, қала іргесіндегі көкөніс совхозында жұмысқа жегіледі. Еңбеккүнге бір күндік ауқат үшін нанға карточка берілетін ауыртпалық соғыстан кейін де біразға дейін жалғасады. Арада үш жыл өткенде ғана бұрынғы Красногор ауданының Шарбақты жағында орныққан жамағайындары табылып, соларды сағалап келіп, сонда тұрақтап қалған екен. Бұл кезде едәуір есейіп, қара жұмыста әбден ысылған ағасы Хаджы Бичекуев колхозда тракторшы, есепші болып еңбек етеді. Люба да бірде қырманда, бірде егінжайда қолдан келген шаруаны жапырып істер жасқа жетіп еді. Ауылдастарын тапқанмен, анасын көру бақыты бұйырмады оларға. Бәлкім көрер ме еді, егер анасы мен сіңлісі де іле-шала өздерінен кейінгі эшелонмен Фрунзеге келіп түсіп, одан Ош жағына қоныс аударылғанын сол шақта білгенде. Бірақ, олар арада он үш жыл өткеннен кейін ғана естиді бұл хабарды. 1957 жылы сіңлісі Мәриямды іздеп табады. Орны толмас өкініші сол – анасы Зейнеп дүниеден өтіп кетіпті. Бұлардың өмірден бар-жоғын біле алмастан запыран жұтқан күйде 1946 жылы-ақ қападан көз жұмыпты қайран ана. Ал сіңлісі тұрмыс құрып, балалы-шағалы болыпты. Шүкір, жастайын қасірет тартқан қыз үбірлі-шүбірлі ана. Оның соғыстан жараланып қайтқан шарбақтылық Тілепалдымен құрған отауы құтты болды. Екеуінің тоғыз ұл-қыздарынан қазір отыздан аса немере, шөбере сүйіп отыр. Тоғыз баласы да бір-бір мамандықтың иесі. Тек, бір өкініші – отағасының өмірден өзінен ертерек кеткені. Өзінің де соңғы кездері денсаулығы сыр беріп қалады... Любовь әжейді аурухана палатасынан таптым. Қария меңдеген науқасына да, кәрілікке де ыңғай берер емес. Өткенін еске алып, бүгінгі күніне шүкірлік айтып отыр. «Мен туған жерімде жоғалтып алған бақытымды қазақ жерінде тапқан адаммын, қарағым. Балаларым – бақытым. Ал олардың туған жері менің де туған жеріме айналмай ма? Қазір Қазақстанға дүниежүзі қызыға қарайды. Қаншама ұлт өкілдерінің басы бір шаңырақтың астында қосылған. Бәрі ынтымақта тату-тәтті өмір сүруде. Мұның бәрі биыл тәуелсіздіктің, мемлекет басқарып отырған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Мен Президентіміздің халқымыздың бақыты үшін аман болып, абыройы биіктей беруін тілеймін!» – дейді Любовь Жаманкөзова.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді